АЛИМЕНТТІ АЛА АЛМАЙ ЖҮРСЕҢІЗ…
Кімге айту керек, қайда бару керек?
Бүгінде Шымкентте ажырасу себебінен ата-аналардың ортақ балалары үшін алимент өндіру ісі көбейіп келеді. Елімізде балаларға алимент өндіру заңмен белгіленіп, оның тәртібі шегеленген болса да, балаға берілуі тиіс ақшасын ала алмай жүрген аналар жайы мәселе болып келе жатқаны қашан…
Егер де аналар баланың әкесінен алимент өндіре алмай жүрсе қайда баруы керек? Кімге шағым айтуы қажет?
Осы сұрақтарға нақты жауап беру үшін Шымкенттегі «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығына қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов аналармен қоғамдық қабылдау жүргізді.
Өз кезегінде Дәурен Сайханов әкенің балаға алимент беруі тиістігі туралы сот шешімі шығатын болса, сот орындаушысы алимент төлеушіге тиісті құжаттарды тапсыратынын түсіндірді. Егер құжат тапсырылған соң үш ай ішінде балаға алимент төленбесе, алимент өндіруші бірінші кезекте сот орындаушыдан алимент қарызы туралы қаулы алатынын, содан соң қаулыны жергілікті полиция бөлімшесіне барып, соның негізінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 139-бабы бойынша борышкерді жауапкершілікке тарту туралы арыздануға болатынын айтты.
Сонымен қатар ол, егер алимент төлеуден жалтарып жүрген адам жұмыссыз болса, онда балаға берілетін алимент еліміздегі орташа жалақы сомасы — 216 000 теңгенің 25 пайызы яғни, әр балаға 54 мың теңге болып есептелетінін атап өтті.
Қоғамдық қабылдау кезінде аналар сөт төрағасына бірқатар сот орындаушыларының алимент өндіруде сылбыр қимылдайтынын айтып қынжылды. Өз кезегінде сот төрағасы «Егер сіздер сот орындаушының жұмысына көңіліңіз толмаса аудандық прокуратура мен Әділет департаментіне шағым түсіруге құқылысыздар» деп түсіндірді.
Сондай-ақ ол, алимент өндіруден жалтару қылмыс құрамы бар әрекет болып табылатынын қадап айтты.