ӘКІМ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЭСТАФЕТА ЖОЛДАДЫ
Өткен сенбіде қаладағы «Шымкент-Сити» шағын ауданына 1000 түп ағаш отырғызылды. Үлгі болар игі шара «Мейірім шуағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен әрі демеушілігімен өткізілді. «Жасыл қала» ағаш отырғызу іс-шарасына қала әкімі Мұрат Әйтенов, бірқатар зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған қордың былтыр елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде медицина мекемелеріне өкпені желдету аппараттарын (ИВЛ) тапсырғанын, одан бөлек, тұрғындарға дәрі-дәрмек таратып, азық-түлік себетін үлестіргенін атап өтіп, «Осындай игі бастамаларда үнемі алда жүресіздер. Өзгелерге үлгі болса екен деген тілекпен іс-шараны эстафета ретінде барлық кәсіпкерлерге, қала жанашырларына жолдаймын»,-деді.
Ал «Мейірім шуағы» қоғамдық қорының жетекшісі Асқар Молдабек шараға ұйытқы болудағы басты мақсат қаланың гүлденуіне үлес қосу екенін айта келе, «Жүз жылдығын ойлаған ағаш егеді» деген. Мұны терең түсініп, бүгінгі шараға атсалысқан азаматтарға, белсенділерге алғысым шексіз»,-деді.
Жалпы, «Мейірім шуағы» қоғамдық қорының мақсаты көпбалалы, жалғызбасты ана, тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік және моральдық тұрғыда көмек көрсету арқылы олардың өзін-өзі қамтыған отбасылар қатарына қосылуына ықпал ету.