ЕРЕКШЕ БАЛАЛАР ОҢАЛТУДАН ТЕГІН ӨТЕДІ

Шымкентте аутизмі бар балаларды оңалтуға арналған орталық ресми түрде ашылды. Ерекше балаларға оңалту ем-шарасын жүргізетін мекеме өткен жылдың қыркүйек айында пилоттық жоба ретінде ашылған.

Аталған уақыт аралығында орталықта 62 бала ем қабылдаған. Мамандар көп қамқорлықты қажет ететін балаларға көрсетілген ем оң нәтиже көрсеткенін алға тартады. Айта кетерлігі бұған дейін мекеме аутизмі бар балаларға ақылы түрде қызмет көрсетсе, енді тиісті ем-дом тегін беріледі. Ол үшін ата-аналар жергілікті емханадан балаларының емі үшін жолдама алуы қажет. Орталықтағы оңалту курсы үш жарым айға созылады және барлық қызметтер тегін жүргізіледі. Орталық бір күнде екі ауысымда жұмыс істейді. Бір ауысымның өзінде 20 балаға оңалту емі жүргізіледі.
Бүгінде Шымкентте аутизмі бар 200-ден аса бала тіркеуде тұр.
Шымкенттегі аутизмі бар балаларды емдеуге арналған орталық «Нұрсәт» шағын ауданы, № 597 үйде орналасқан.