БИЫЛ ШАЛҒАЙ АУДАНДАРДАҒЫ ЖОЛДАРДЫ АСФАЛЬТТАУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
Былтыр Шымкентте жол-құрылыс жұмыстары үшін бюджеттен 27 млрд. теңге бөлінген. Соның есебінен 417 шақырым жолдар мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Ал биыл 295 шақырым жолдар мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жиыны 168 нысаннан тұратын жол құрылысы үшін бюджеттен 32 млрд. теңге қаралады. Жалпы 13 нысан немесе 46 шақырым жолдың құрылысы келесі жылға өтпелі болады. Осы жылы жөнделетін жолдардың шақырымы былтырмен салыстырғанда анағұрлым аз болғанмен, оған бөлінген қаржы бірнеше есеге кең пішілген. Неге? Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов мұның себебін «Былтыр құрылысы басталған 65 көше осы жылға өтпелі. Сонымен қатар Д. Қонаев даңғылының жалғасы тағы бар. Рысқұлов-Қонаев көшелірінің қиылысындағы жолайрық құрылысы да осы жылға өтпелі. Сонымен қатар биыл Республика даңғылы мен Т. Рысқұлов (авт. А. Байтұрсынов көшесінің қиылысынан Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралығы) көшелерінің құрылысы да осы жылы аяқталады. Соның есебінен бұл бағытта қаралған қаржы көлемі былтырдан бірнеше есеге көбейіп отыр»,- деп түсіндірді.
Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен жиында Ержан Жолдасовтан бөлек, қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жол құрылысы бойынша төмендегідей мәселелерді түйіп-түйіп айтып берді.
Абай ауданында 81 шақырым автомобиль жолы жөнделеді
Осы жылы 7 орталық көшеге ғана жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Негізінен биыл асфальты жоқ жолдарды жөндеу жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Жол құрылысы үшін бюджеттен бөлінетін қаржының 90 пайызы шалғай аудандардағы ішкі орам көшелерді жөндеуге жұмсалады. Соның ішінде Абай ауданы бойынша 81 шақырым автомобиль жолы жөнделеді. Аталған аудандағы жолдардың жалпы ұзындығы 957 шақырымға жалғасады. Соның ішінде биыл 9 көше күрделі жөндеу жұмыстарынан өтеді. Олар №1 өткел. Әуезов, Бақбаев, Алпысбаев, Саттарханов, Бейбітшілік, №2,№3,№4 және т.б көшелер. Олардың барлығы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар шалғайда орналасқан «Солтүстік саяжай» тұрғын алабында -1 шақырым, «Қарасуда» -1,9, «Жаңаталапта» -1,7, «Игілікте» -500 метр және т.б жалпы көлемі 6-7 шақырым жол жөнделеді. Абай ауданындағы Әл-Фараби көшесінің жалғасы қыркүйек айында пайдалануға тапсырылады.
Ішкі орамдар бойынша «Солтүстік батыс» шағын ауданында 6,8 шақырым, «Қызылжарда» — 5, «Тельманда» — 3,8, «Самал-1» шағын ауданында-1, «Самал-2» шағын ауданында-4,3 «Қазығұртта» -2,3, «Құрсайда»-3,7, «Самал-3» шағын ауданында-3,3, «Ақниетте»-1,2, «Ынтымақ» шағын ауданында 2 шақырым жолға асфальт төселеді.
Әл-фарабиде үш магистрал көше жөнделеді
Шымкенттегі Әл-Фараби ауданындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі көп. Мұның себебі аудан мегаполис орталығында орналасқан. Д.Қонаев даңғылы жалғасы бойынша жол құрылысының бірінші, екінші, үшінші кезеңіне тиесілі аумақтары осы ауданда орналасқан. Сонымен қатар Рысқұлов-Қонаев жолайрығы осы ауданға тиесілі. Бұдан бөлек «Сәуле» шағын ауданында 1 шақырым жолға асфальт төселеді. Сондай-ақ «Машинист» өткелі, «Аққайың» сынды ішкі орам көшелері жөнделеді. Бұдан басқа барлығы 6,7 шақырымды құрайтын Ғ. Иляев (2,7 шақырым), Б. Момышұлы (2,1), Ж. Тәшенов (1,7) сынды магистрал көшелері жөнделеді.
Еңбекшіде шалғай аудандардағы 50 шақырым жол асфальтталады
Еңбекші ауданы бойынша жолдардың ұзындығы 629 шақырымды құраса, оның 380 шақырымы асфальтталған. Шағал тас төселген жолдардың ұзындығы-217, топырақ жол — 31 шақырым. Биыл осы ауданда асфальтталатын жолдардың ұзындығы 64,5 шақырым болады деп жоспарланып отыр. Оның 50 шақырымы шалғай аудандардың еншісінде. Атап айтқанда, «Тоғыс» тұрғын алабында-2,3, «Базарқақпада»-6,5, «Бадам-1»-де-4,8, «Бадам-2»-де-5,6, «Тұрдыабабта»-4,1, «Абдулабадта»-1,6, «Қаратөбеде»-4,8, «Жалында»-5,3, «Шаңырақта»-7,8, «Елтайда» -2 шақырым жол асфальтталады. Сонымен қатар аудандағы Қалтаев, Сайрам, Юсупов, және т.б ішкі орам көшелері де жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, аудандағы Ж.Шаяхметов, Ақназар хан және Клара-Цеткин сынды магистрал көшелерінде құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Аудандағы «Заман», «Ғажайып-1», «Ғажайып-2», «Шамшырақ», «Несібе», «Несібе-1», «Несібе-2», «Жасын», «Жаңару», «Өнеге», «Сарыарқа», «Үшқұдық», «Ұшқұдық 1», «Ұшқұдық 2», «Керемет» көшелерінде күрделі және орташа жөндеу бойынша құрылыс жұмыстары жүреді.
Қаратауда 31 көше күрделі жөндеуден өтеді
Шымкентте 3 мың шақырымнан аса жол бар болса, оның 1150 шақырымы Қаратау ауданында. Аудандағы жолдың 436 шақырымына шағал тас төселген болса, 85 шақырымы топырақ жол болып табылады. Биыл бұл ауданда Қосай баба, Қарабура, Қозыбаев, Ақжүніс, Балқарағай, Мыңбай, Ардагерлер, Молшылық, Құлагер, Ақсұңқар, Саяхат, Ақсауыт және т.б барлығы 31 көше күрделі жөндеуден өтеді.
Сонымен қатар «Сайрам» тұрғын алабында-14 шақырым, «Қайнарбұлақта»-5,4, «Таскенде»-8,9, «Достықта»-1,6, «Асарда»-4,8 шақырым болатын жол орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ «Ақжайық» шағынауданындағы-1 шақырым, «Нұртастағы»-5,1, «Тассайдағы»-1,8, «Қайтпас-2» шағынауданындағы-1,9 шақырымды құрайтын ішкі орам жолдары асфальтталады.
Бүгінде төрт аудан бойынша тиісті құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелер анықталған. Құрылыс жұмыстары 20-сәуірден кейін басталады.
«Топырақ жол болмайды» деген уәде неге толық орындалмайды?
Қазіргі таңда Шымкентте топырақ жолдардың ұзындығы 172 шақырымды құрайды. Маусым айына дейін топырақ жолдардың барлығына шағал тас төселеді. Бұл үшін бюджеттен 600 млн. теңге бөлінген. Брифингте қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов топырақ жолдардың күн тәртібінен түспеуін «Біз жыл сайын Шымкентте топырақ жолдар болмайды деген уәде береміз. Осы бағытта топырақ жолдардың барлығына шағал тас төсейміз. Бірақ қала күн сайын құлашын кеңге жайып келеді. Кешегі айтақыр жер, әп- сәтте тіршілігі қызған мекенге айналуда. Жер телімдері беріліп жатыр. Соның есебінен шағын аудандар салынуда. Тиісінше ол жерлерге жаңа жолдар түседі. Бұл дегеніміз тағы да топырақ жолдар пайда болады деген сөз. Мәселен, былтыр Шымкент көшелерінің ұзындығы 2976 шақырымды құраған. Биыл төрт ауданмен бірлесіп түгендеу жұмыстарын жасадық. Нәтижесінде жаңадан түскен жолдардың есебінен оның ұзындығы 3247 шақырымға жетіп отыр»,-деп түсіндірді.
Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 63,6 пайызға жетеді
Бұдан бөлек брифингте осы жылы жолдардың күйін жақсартып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді реттеу мақсатында 256 жаңа аялдама орнатылатыны айтылды. Қазіргі таңда Шымкентте 1866 аялдама бар. Сонымен қатар қалада 9560 дана жол белгілері болса, осы жылы олардың саны тағы 2600-ге көбейеді. 600 метр жол кедергілері қойылып, 15 дана бағдаршам орнатылады. Ағымды жөндеу жұмыстарының есебінен жол бетіндегі шұрық тесікке айналып, ойдым-ойдым болған 20 мың шаршы метр асфальт беті жамалады.
Көлік ағынын реттеп, кептелісті болдырмауда маңызы зор Әл Фараби-Сыпырған ата, Сыпырған ата-Темірлан тас жолы, Рысқұлов-Адырбеков, Арғынбеков-Өтегенов, Рысқұлов-Шаяхметов, Шаяхметов-Арғынбеков, Рысқұлов-Қазиев, Арғынбеков-Бәйтереков сынды көше қиылыстарында оң жақ өткелдер салынатын болады.
Бүгінде Шымкент қаласындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 60,0%-ға жеткен. Биыл жоғарыда айтылған жұмыстардың есебінен бұл бағыттағы көрсеткішті 63,6 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.