«ДӘРІГЕРЛЕРГЕ АҚША БЕРМЕСЕҢ ҚАРАМАЙДЫ» ДЕГЕНМЕН КҮРЕС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Шымкентте «дәрігерлерге ақша бермесең қарамайды, отаны дұрыс жасамайды. Босану үйлерінде акушер мен гинекологтар ақшасыз сені қарамайды, туғызбайды» деген қасаң түсінік бар. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы осындай пікірді түбегейлі жоюмен қарқынды жұмыс жүргізіп келеді. Ол үшін Шымкенттегі басқармаға қарасты барлық медициналық мекемелерде комплаенс офицер деген қызмет түрі енгізілді. Оның басты міндеті мекемедегі сыбайлас жемқорлықтың барлық элементтерін алдын алу, онымен күресу және жою болып табылады.

Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ANTIKOR.LIVE жобасы аясындағы тікелей эфир кезінде мәлімдеді.
Қазіргі таңда Шымкентте қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 36 медициналық мекеме бар. Ал жекеменшік медициналық мекемелерді қосқанда олардың саны 100-ден асады. Шымкентте 20 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Олар дәрігерлер, медбикелер және т.б.
Осы деректерді алға тартқан Бақытжан Позилов қалалық денсаулық сақтау басқармасының сыбайлас жемқорлықты алдын алу бағытындағы жұмыстары бойынша төмендегідей мәліметтер берді.
– Жалпы ауруханаға тұрғындар тәуліктің кез келген уақытында түседі. Ол түнгі уақыт болуы да әбден мүмкін. Сондай кезде ол сыбайлас жемқорлықтың кез келген элменттерімен бетпе бет келетін болса, кімге шағым айтып, қайда хабарласуды білмей дал болатын кездер көп болған. Осы мақсатта біз барлық ауруханалар мен емханаларға көзге көрінетіндей етіп екі тілде жазылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттарды ілдік. Онда коррупцияға қарсы орталықтың, бас дәрігерлердің және сол жердегі сарапшылардың телефон нөмірлері көрсетілген.
Қазіргі таңда медициналық мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың кез келген факторларымен күрес жұмыстарын жүргізуді үйлестіретін комплаенс офицер қызмет түрі енгізілген. Олар халыққа ыңғайлы болу үшін барлық медициналық мекемелердің бірінші қабатында ашылған фронт офистарда отырады,-деді.
Сонымен қатар ол, кез келген қала тұрғындары медициналық мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың кез келген элементіне тап болса уақыт оздырмай тәуліктің кез келген уақытында 1424 байланыс орталығына қоңырау шалу қажеттігін қадап айтты. Және де 39 33 17 нөміріне звондап шағым қалдыруға да болатынын ескертті. Сондай-ақ, өзінің 8702 696 2728 ұялы байланыс телефонына хабарласуды сұрады. Егер қалта телефонын көтермесе, осы нөмірге тіркелген ватсап желісіне хабарлама қалдыру болатынын жеткізе келе, «қазіргі таңда бізде емханада ақша беру арқылы дәрігер алдына кезексіз кіру оқиғалары орын алуда. Түрлі медициналық анықтамаларды сатып алу жағдайлары да бар. Осы ретте мүгедектікке байланысты берілетін анықтаманы сатып алу мәселесі күн тәртібінде тұр. Дәл сол анықтама арқылы азаматтар мүгедектікке шығып, өмір бойына мемлекет есебінен берілетін жәрдемақымен қамтылады. Бұл бағыттағы жұмыстар әділ болуы үшін біз сәуір айынан бастап мониторингтік жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, медициналық мекемелерде сыбайлас жемқорлықпен күресті қарқынды жүргізу үшін бізде «құпия сатып алушылар» арнайы жорыққа 97 рет шықты. Егер оларға кез келген медициналық ұйым қызметкерлері ұсынылған қызметтер үшін ақша талап етсе, басқармаға тікелей хабарлама түсіреді»,-деді.
Осыларды алға тартқан басқарма басшысы Бақытжан Позилов қазіргі таңда өзінің және бас дәрігерлердің фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілері арқылы тікелей эфир арқылы күн тәртібіндегі мәселелер туралы тұрғындар сұрағына жауап беру кезінде белгілі азаматтардар сыбайлас жемқорлық факторлары туралы шағымдары дер кезінде берілген сигнал болып табылатынын баса айтты. Сондай-ақ ол, қазіргі таңда медициналық қызмет түрлерінің барлығы медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы мен тегін кепілдендірілген көмек арқылы ақысыз көрсетілетінін, тек жекеменшік клиникаларда да ғана қызмет түрлері ақылы болатынын, ал оны таңдау әр азаматтың өз еркі екенін ескертті.