«ОТБАСЫЛЫҚ КІТАПХАНА» ОҚЫРМАНДАР САНЫН АРТТЫРАДЫ

Елімізде 20 наурыз – «Зияткерлік күні» ретінде аталып келеді. Бұл күнде балалардың ой-санасын жетілдіру, зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында жыр-дастан, мақал-мәтел, жаңылтпаш айтудан түрлі сайыстар ұйымдастырылады. Немесе балалардың зейінін аша түсетін түрлі шаралар болады. Шымкентте 20 наурыз – «Зияткерлік күні» өзгеше реңкпен өткізілді.

Аталған күні қаладағы «Забадам» шағынауданында Қазақстандағы алғашқы «Отбасылық кітапхана» ел игілігіне берілді. Ендігі кезекте балалар кітапханаға ата-аналарымен, ата-әжелерімен келіп уақытын тиімді өткізе алады. Олардың тек кітап оқып қана қоймай, спорттық және шеберлік үйірмелеріне қатысуға мүмкіндігі бар.
Кітапхананың ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Өз кезегінде ол бұл кітапхана отбасылық құндылықтарды ілгерілету мен дәріптеуге зор мүмкіндік болатынын атап өтті.
Енді жергілікті тұрғындар өз отбасымен бірге осы кітапханада уақыттарын тиімді өткізе алады. Онда балалар демалысы үшін де қолайлы жағдай жасалған. Яғни, кітапхана «үй үлгісіндегі» жаңа форматта жасақталған. Аталған мекеменің ерекшелігі де сол. Мұнда әдеттегі оқу орындары шеңберінен шығып, үйірме жұмыстарын жүргізуге, іс-шаралар өткізуге, коворкинг, қауымдастықтар мен клубтарды дамыту мүмкіндігі бар комьюнити орталық болып саналады. Дегенмен, бұрынғыша оқу мен жұмыс істеу үшін ыңғайлы орын болып қала береді.
Игі шара барысында қала әкімі тұрақты келушілерге арналған бонустық жүйемен, кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасымен және алдағы іс-шаралар күнтізбесімен танысты. Сонымен қатар, кітапхана жанынан ашылған «Шахмат» үйін де аралап көрді.
Кітапхана жұмысымен танысу кезінде аталған мекеме ұжымы Мұрат Дүйсенбекұлына отбасылық абонементін тарту етті. Ал, шаһар басшысы ізгі ниетке алғыс ретінде кітапханаға өз атынан бірнеше кітап сыйға тартты.
Қазіргі таңда «Отбасылық кітапхананың» 35 мың кітап қоры бар. алдағы уақытта бұл жерге ата-анасымен ең көп келген балалар зообаққа, цирк қойылымдары мен мәдени орындардағы шараларды тегін тамашалай алады.
Кітапсүйер қауымды қуантатын тағы бір жаңалық, мұнда келушілерге отбасылық психология және бизнесті жүргізу бойынша тақырыптық секциялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, тұрақты оқырмандарға Шымкент қаласының Мәдениет басқармасы тарапынан өткізілетін ойын-сауық іс-шараларына, спектакльдерге тегін билеттер ұсынылатын болады. «Отбасылық кітапхана» жобасының авторлары алматылық «Креативті бюро» командасы болып табылады. Олар кітапханаға келетіндердің жас ерекшеліктері әртүрлі болатынын ескере отырып, жаңғыртылған кітапхананың дизайны мен интерьеріне зор мән береді.
Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында 10 кітапхана қайта жаңғыртудан өтеді. Барлық кітапханалар «Отбасылық кітапхана» концепциясымен дамиды.
Мамандар кітапханаларды модернизациядан өткізу арқылы оқырмандар саны 4 есеге дейін көбейетінін алға тартады.