ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ҚҰРЫЛДЫ
Қазіргі таңда Шымкент қаласында инвестициялық тартуға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта қалада инвестициялық штаб құрылды. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бастамасымен құрылған штабты құрудың басты мақсаты – инвестициялық жобаларды жедел түрде қарап, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету. Штаб төрағасы қала әкімі Мұрат Әйтенов болып табылады.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Штабтың құрамында әкімдікке қарасты басқармалар, аумақтық департаменттер мен табиғи монополия компания өкілдері бар. Аптаның әр жұмасында өтетін штаб отырысында, инвесторлармен Zoom платформасы арқылы байланыс орнатылып, әкімшілік кедергілерді жою, қолайлы жағдай орнату және үйлестіру жұмыстары жүргізіліп отырады.
Қазіргі таңда Шымкент қаласының экономикасы денсаулық, тұрғын үй, қайта өңдеу өндірісі мен агроөнеркәсіптік кешен секілді базалық секторларға инвестициялар тарту жұмыстарына сұранып отыр. Өткен жылы қалада инвестиция көлемі 41 пайызға өсіп, 278,5 млрд.теңгеге жеткен. Нәтижесінде жалпы құны 88,8 млрд. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске асырылып, 2000 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Өткен жылы шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 11,9 млрд. теңгені құрайтын 309 жаңа жұмыс орнымен 5 инвестициялық жоба іске асырылды.
Ал, алдағы бес жылда қалаға барлық бағыттар бойынша 3,7 трлн. теңгені құрайтын инвестиция тарту жоспарлануда.