Сингапурде жұртты Шымкентке шақыратын шара өткізу жоспарланады
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Республикасының Сингапур, Аустралия одағы және Жаңа Зеландиядағы төтенше және өкілетті елшісі Аркен Арыстановпен онлайн форматта кездесті. Онлайн форматтағы кездесуде сингапурлық кәсіпкерлер де қатысты.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту, инвестиция тарту арқылы Шымкент қаласын одан әрі дамытудың жолдарын талқылады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкенттің республикалық маңыздағы қала мәртебесін алуы шаһардың инвестициялық тартымдылығын көтеріп, әлеуетін арттыра түскенін жеткізді.
– Сингапурдың қолайлы инвестициялық ахуал, бәсекелестігі жоғары орта, әл-ауқатының аса жоғарыға көтерілген деңгейі сынды басымдыққа ие болғаны мемлекетті Оңтүстік-Шығыс Азияның қаржылық және сауда орталығына айналдырды. Яғни, менеджмент саласында көш бастап тұрған елдердің бірі деп білеміз. Осы орайда Сіздерді болашағы зор, Азия мен Еуропаны жалғайтын халықаралық хаб болатын Шымкент қаласына инвестиция жасауға шақырамын. Біз Сіздермен озық тәжірибелеріңізді қолдана отырып, бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз деп сенемін, — деді шаһар басшысы сингапурлық кәсіпкерлерге.
Өз кезегінде елші Аркен Арыстанов Қазақстан мен Сингапурдың арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылғанына 28 жыл толғанын, осы уақыт арасында екі ел арасындағы өзара достық нығая түскенін атап өтті. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мемлекеттік қызмет, электронды үкімет, білім беру, бюджеттік жоспарлау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сот жүйесі секілді салалардың кең ауқымын қамтитындығын атап өтті. Сондай-ақ, кездесуде Сингапурде Шымкент қаласының туристік және инвестициялық әлеуетін насихаттайтын мәдени іс-шаралар өткізу мәселесі де талқыға түсті.