«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫМЕН» 500-ГЕ ЖУЫҚ ЖАС ЖҰМЫС ТАПТЫ

Шымкентте жыл басынан бері бүгінге дейін (9-наурыз) «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша 472 азамат жұмысқа қабылданған. Қалалық жұмыспен қамту орталығы оларды аталған бағдарлама аясында 6 ай мерзімге жұмысқа жолдады. Олар ай сайын 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде еңбекақымен қамтылады.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты шеңберінде «Жастар практикасымен» жұмыссыз жүрген жастар медициналық, педагогикалық және техникалық мамандықтар бойынша түрлі мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыспен қамтылады.
Бұл мемлекеттік бағдарлама жоғарғы оқу орындары мен колледж түлектеріне бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтап, біліктілігін шыңдауға зор мүмкіндік береді.
«Жастар практикасы» бойынша берілген жұмыс уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Бағдарламаға 29-жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар азаматтар қатыса алады. Бағдарлама арқылы жұмысқа жолдама алу үшін Сізде соңғы үш жыл ішінде жоғарғы оқу орнының немесе колледждің техникалық және кәсіби білім алған түлегі болуы тиістігіңіз ескеріледі.
Айта кетейік, бағдарламаға тек бір рет қатысуға болады. Шымкентте жыл соңына дейін бұл бағыт бойынша 2500 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.