«ЫРЫС» АРҚЫЛЫ ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ МОЛАЙДЫ

Былтыр Түркістан облысында «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 1 290 жоба жүзеге асқан. Оған 4,6 млрд. теңге көлеміндегі қаражат бағытталған.

Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев мәлімдеді.
Қаржыландырылған жобалар есебінен 1400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі мал және егін шаруашылығына тиесілі. Мәселен, мал шаруашылығында 2 млрд. 96 млн теңгеге — 340 жоба, қызмет көрсету саласында 530,6 млн. теңгеге — 65 жоба, өсімдік шаруашылығында 1 991 млн. теңгеге — 871 жоба, өндіріс саласында 36 млн. теңгеге — 3 жоба, тұтынушылық несиелер бойынша 9 млн. теңгеге — 11 жоба жүзеге асырылған. Аталған микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бері Түркістан облысының кәсіпкерлеріне жылына 5 пайыздан бастап жеңілдетілген несие береді. Ұйым арқылы 2009-2020 жылдар аралығында жалпы сомасы 43,4 млрд. теңгеге облысымыздың 20 250 тұрғыны жеңілдетілген несие және лизингке қол жеткізген.
Несиелендірілген жобалар нәтижесінде жұмыспен қамтылғандардың саны 30 123 адамға жеткен.

«Уақыт».