ӘКІМ ЖОБАҒА ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕГЕ ЖҰРТ АЛА КӨҢІЛСІЗ ЖҰМЫЛАТЫН НҮКТЕ ҚОЯ АЛА МА?
Шымкенттегі ипподром төңірегінде дау-шар ушығып барады. Әлеуметтік желіде атшабар орнында «BI Group» компаниясының «Grand Park/Atamura» тұрғын үй тұрғын үй кешенін салу туралы жобасының жүзеге асуына қарсы пікірлер мен мәлімдемелер шықты. Алпауыт компанияның тың жобасы дәл 40 жылдық тарихы бар атшабар жерінде жүзеге асуын қолдайтындардың пікірі қала экономикасын көтерудің мол мүмкіндік береді дегенді алға тартады. Көпшілігі Халықаралық Бизнес университетінің Бизнесті талдау орталығының жобаға жасаған талдауындағы деректерді (авт.қалалық «Шымкент келбеті» газеті редакциясының тапсырмасы бойынша әзірленген) қаперге алады. Аталған орталық мамандары (авт. нақты қай саланың мамандары екені көрсетілмеген) жоба жүзеге асатын болса, құрылыс жұмыстарына алдағы бес жыл ішінде 6 мың адам жұмыспен қамтылатынын, тұрғын үй кешенінің алғашқы кезеңі аяқталған соң тағы 2500 орынды тұрақты жұмыс орны ашылатынын, осылайша еңбек сауған жұрттың саны өседі деп баянды болжам жасайды.
Сондай-ақ ондағы мамандар жобаға құйылатын 135 млрд. теңге инвестиция есебінен қаланың өңірлік ішкі өнім көрсеткіші бірнеше пайызға көбейеді деп байлам айтады. Жобаның жүзеге асу есебінен жергілікті салыққа 13,5 млрд теңге салық түседі деп келтіреді. Сонымен қатар «BI-Group» компаниясы салатын тұрғын үйлердің құрылыс материалдарына есептелген 66,5 млрд теңгеге жергілікті жердегі кәсіпорындар өндірген өнімдер сатып алынатыны атап өтіледі. Бұдан бөлек, бұл жоба баспанаға деген сұранысты қанағаттандырады деп есептейді.
Ал халықаралық жарыстарды өткізу талаптарына сай келмейтін атшабардың орнына инвестордың есебінен қала сыртынан жаңа ипподром салынатынын зор мүмкіндік деп санайды. Жобаның қала экологиясына зарары тимейтіні де айтылып, тарқатылып жазылады.
Жасыратыны жоқ «BI Group» компаниясының қазіргі ипподром-атшабар орнына тұрғын үйлерді салынуын екі қолын көтере қолдап, оның қаланың рекреациялық аумағына кері әсер тигізбейтіні туралы өз ойларын ортаға тастап жатқандардың дені кәсіби мамандар емес.
Ал нағыз мамандар, кезінде қала құрылысына қатысқан сәулетшілер бұған түбегейлі қарсы.
Бұл тұрғыда сөз қозғамас үшін ең әуелі қазіргі ипподром-атшабарды қала сыртына қайта салу қаншалықты қажет деген сұраққа талай жыл Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директоры болып қызмет етіп келе жатқан Ғани Ахметбаевтың жауабына зер салсақ. Ғани Молдабекұлы Асанбай Асқаровтың дәуірінде іргесі қаланған қазіргі атшабардың күйі жыларман халде деп есептейді. Оның сөзінше атшабар жазықта емес, бейнебір шұңқырда орын тепкендей болып көрінеді. Ондағы алаң айналасындағы нысандардан бірнеше метрге пәс болуы да қала ажарын бұзып тұр. «Қоңыр салқын малға жай демекші», ең бастысы оның желдің өтінде еместігі бәйгеге қосқан жылқы жануарына көп жайсыздық тудырады. Ипподромның қазіргі ат шабатының алаңы шақырымға да жетпей тарыла түскен. Міне осының бәрі аламан жарыстар мен көкпар ойындарына қосылған Қамбар ата ұрпақтарының мысын басып, бабын келтірмейді екен.
Осы жәйттерді алға тартқан Ғани Ахметбаев мұны реттеу үшін қазіргі ипподром атшабарды көшіріп, қала сыртынан жаңасын салу дұрыс деген байлауын айтқан. Мұны жөн-ақ делік.
Ал енді қазіргі атшабар жерін тиісті талаптарға сай емес деп, оны қала сыртына көшіріп, орнына тұрғын үй салу туралы жобаны жүзеге асыру қаншалықты дұрыс?
Жоғарыда Шымкенттің сәулетін ашу бағытындағы талай құрылыс жұмыстарының бел ортасында жүрген сәулетшілердің атшабар орнына тұрғын үйлердің салынуы туралы жобаны қолдамайтындарын айтып өттік. Соның бірі «Шымкент қалалық сәулетшілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Мамырбаев. Ол атшабар орнына тұрғын үй кешені салынатыны туралы бастама көтерілгеннен бастап өзі төрағалық ететін қоғамдық бірлестік атынан қала әкімі М. Әйтеновке Ашық хат жолдаған. Онда ол саябақ аумағының ортасынан тұрғын үй кешенін салуға түпкілікті қарсы екендерін, компанияның ұсынысын қабылдау үшін Үкіметпен бекітілген Бас жоспарды бұза салу қисынсыз екенін білдірген. Бұдан бөлек, Асқар Мамырбаев ауқымды құрылыс жобаларына қатысты жобаларды талқылауға қоғамдық ұйымдар мен тиісті мамандардың шақырылмауына да ренішін жеткізген. «Ипподромның орнына тұрғын үй кешендерін салса, қаламыз керемет болады, үй арзандайды, қарапайым адамдар сол жерден үй алады дейтіндер, қатты қателеседі. Элиталық тұрғын үйлерге шлагбаум арқылы өтетіндеріңізді ұмытпаңыздар» деп жазады. Сонымен қатар ол «BI-Group» компаниясына сол төңірекке тұрғын үйлер кешенінің салынуына жол беру қолданыстағы Бас жоспарды бұза отырып, заңсыздыққа бару, құрылыс нормалары және ережелеріне сәйкес рекреациялық аумаққа тұрғын үй немесе қоғамдық күрделі құрылыс ғимараттарын салуға болмайды деген бапты белден басу, оған жақын жердегі зообақтың қорғалу аймағына шектен тыс жақындау арқылы оның дамуына шектеп қойып, тұрғындар тіршілігіне қолайсыздықтар тудыру деп тізіп өтеді.
Жалпы маманның бұл сөзін Түркістан облыстық Құрылысшылар ассосациясының төрағасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Сұлтанбек Сүгірбаевта қолдайды. Біз ол кісімен хабарласып, дәл осы мәселе төңірегіндегі пікірін сұрадық. Төмендегідей жауап алдық.
– Қай кезде болмасын тұрғын үй құрылысы пайдалы. Бірақ дәл осы зообақ, дендробақ, атшабар алаңы, Тұлпар шомылу аумағының барлығы кезінде демалыс комплексі ретінде белгіленген аймақ болған. Сөйтіп қаланың Бас жоспарына бұл төңірек демалыс комплексі ретінде екшеліп, Үкіметте бекітілген. Енді Бас жоспар бұзылмауы керек. Мұны қала басшылары жақсы білуі тиіс. Ол аумақ қала тұрғындарының тынығатын, демалатын орны ретінде таңдалған жерлер. Атшабарды көшіруге қатысты спорт саласының мамандарынан асып ештеңе айтпаймын. Ипподром қазіргі талаптарға жауап бермесе оның қала сыртынан жаңадан салынғаны дұрыс та шығар. Бірақ құрылысшы ретінде ескі атшабар орнына тұрғын үй емес, демалыс комплексі апартаментін аша түсетін нысанды неге салмасқа?!
Тұрғын үй құрылысы салынатын болса, ол территория демалыс комплексі деген мәнін жоғалтады. Тұрғын үй құрылысы тиімді деп ондағы зообақ, дендробақтардың барлығын көшіру қажет пе? Мені таңқалдырып тұрғаны әкімнің емес Үкіметтің Қаулысымен бекітілген Бас жоспарды бұлайша кім бұза алады екен? Тұрғын үйге сұраныс ешқашан тоқтамайды. Сондықтан да халыққа баспана салуды дәл сол жерден емес, неге өзге аумақта жүзеге асырмайды?
Сұлтанбек ағаның бұл сұрағына жауап іздеу үшін біз Шымкент сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына (авт.басшысы Берік Әшірбеков) «Атшабар орнына тұрғын үй кешенін салынатын болса Үкіметтің Қаулысымен бекітілген Шымкент қаласының Бас жоспарының ережелері қайда қалады? Қаланың Бас жоспарында демалыс комплексі деп көрсетілген сол төңірекке (атшабар, дендробақ, зообақ) тұрғын үйлердің түсуіне қолданыстағы қандай заң талаптары (Бас жоспарды өзгертетін Заң атауы мен оның баптарын көрсете кетсеңіз) мүмкіндік береді?» деген сұрақтар жолдадық. Бірақ басқармадан мардымды жауап алу әлі мүмкін болмай отыр.
Қала әкімі де бұл мәселеге қатысты «түпкілікті шешім әлі қабылданбады» дегеннен артық нақты мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ оның орынбасарлары халық қолдамаса бұл жоба жүзеге аспайды деп сендіріп отыр. Ал халықтың осы мәселеге қатысты ой-пікірін қоғамдық тыңдау нәтижесі айқындап береді.
Ал қоғамдық тыңдау ағымдағы жылдың 19-ақпанына белгіленген. Оның ZOOM платформасы арқылы өткізілетіні хабарланды. Бұл туралы ақпарат Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында 21-қаңтарда жарияланды. Хабарландыруда көрсетілген байланыс нөміріне хабарласып, телефон тұтқасын көтерген маманнан ZOOM платформасы арқылы жоспарланған қоғамдық тыңдау қанша адамды қамтитынын сұрағанымызда «500 адам болады деп айтып жатыр» деген ауызша жауап алдық. Нақты мәлімет алу үшін аталған басқармаға жолдаған жоғары сұрақтарымызға қоса «Онлайн түрде өткізілетін қоғамдық тыңдауға қала тұрғындарының барлығы қатыса ала ма? ZOOM платформасы арқылы жоспарланған қоғамдық тыңдау кезінде интернет жылдамдығы мен сапасына қатысты мәселе қалай реттеліп жатыр?» деген сұрақты да жолдадық. Бірақ нақты жауап жоқ.
Қазақ «ең үлкен дау – жердің дауы» деп текке айтпаған. Дегенмен де «BI-Group» компаниясының жобасына бір тарап көнген ой айтып, бір тарап қарсы болып, көңілі күпті болмауы қажет. Шымкент қаласының әкімі Мұрат
Әйтенов бұл мәселенің тиімді тұстарын майдан қыл суырғандай етіп, жан-жақты түсіндіріп, оған жұрттың ала көңілсіз жұмылатынына нақтылы нүкте қояды деп сенгіміз келеді. Сондықтан қазір әліптің артын баққан дұрыс. Бәрін уақыттың еншісіне қалдырғанымыз дұрыс секілді.
С.ИБРАГИМОВА.