МАҚТААРАЛ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙЕДІ
Мақтаарал ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысандар жөнделіп, қайта жаңғырудан өтуде. Атап айтсақ, аудан орталығы Мырзакент кентіндегі 2 мыңнан астам көрерменге арналған Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүруде.
Жаңа реңкке енетін орталықтағы қарбалас құрылыс жақын уақытта аяқталады. Жөндеу жұмыстары аудан әкімі Бақыт Асановтың қадағалауында. Бұл нысанның аумақтағы бұқаралық спортты дамытуда маңызды мәнге ие болады.
Стадион аумағында скейт воркаут тренажер алаңы, кіші футбол, волейбол және баскетбол алаңшалары жуық арада пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек Алматы қаласынан арнайы шақырылған мамандардың көмегімен орталық алаңға газон өсірілуде.
Сонымен қатар толық жөндеуден өткен орталық кітапхана келер жылдың наурыз айында ел игілігіне берілмек. Орталық кітапханада 50 мыңнан аса кітап қоры жинақталған. Онда арнайы заманауи оқу залы мен оқу бөлмелері жұмыс жасайды. Санаға сәуле шашатын қазына қабырғасында балалар кітапханасының қоры да қарастырылған. Мәдени нысанда 200 орындық концерт залы жұмыс жасайтын болады. Және оқырманның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін мәдени-шығармашылық клубтар ашылады.