БҰЛ ДЕРТТІ ТЕК ДӘРІГЕРЛЕР ТОҚТАТПАЙДЫ
Күллі әлемді әбігерге салған коронавирус індеті медицина саласының көп кемшілігін көзге көрсетіп берді. Соның бірі денсаулық саласында пульмонолог, инфекционист сынды мамандарды дайындау жұмыстарының пысықталмағаны болды. Бұл жағдайдан биліктің мінберінде отырған басшылар сабақ алды ма? Осы және коронавирус індеті туралы өзге де сұрақтарға жауап алу үшін біз Шымкент қалалық №2 ауруханасының пульмонолог-дәрігері Оразғали Тәкішұлы Байташовпен тілдескен едік.
– Оразғали Тәкішұлы емі табылмай жатқан коронавирус дерті ең алдымен өкпені зақымдайтыны белгілі. Ал оның клиникалық белгілері қандай болады?
– Коронавирустың ең басты белгілері жөтел мен ентігу. Кеуде тұсы мен жауырында ауырсынудың болуы. Бұл індеттің тұмау мен бактериологиялық пневманиядан ең басты ерекшелігі осы. Тағы бір ерекшелік тұмау тиген адамдарда дене қызуы 39-40 градусқа дейін өте тез көтеріледі. Ал Covid-19 вирусында дене қызуы өте баяу жүреді. Дене температурасы 37,5 немесе 38-ге дейін ғана барады.
– Ал симптомсыз түрінде қалай анықталады?
– Иә, вирус симптомды және симптомсыз болып сараланады. Симптомсыз түрінде қандай да бір белгілер болмағандықтан, оны бірден білу мүмкін емес. Ол адамдарға білінбейді. Рентген арқылы да анықталмайды. Яғни, аурудың алғашқы күндерінде рентген түсірілімде өкпе таза деп көрсетіледі. Бірақ індеттің симптомсыз түрі ауру жұққаннан кейін бір-екі аптадан соң өкпені зақымдайтыны рас. Оған дейін науқастар кәдімгі дені сау адам ретінде жүре береді. Оған дәрігерлер нақты нақтама қоя алмайды. Осы жерде «Симптомсыз түріне шалдыққандар қалай тіркеліп жатыр?» деген заңды сұрақ туады. Індеттің бұл түрі науқастардың медициналық ұйымдарға келіп, тиісті тексерулер барысындағы ПТР талдаудан өтуі кезінде анықталуда.
Бастапқы кезде симптомсыз коронавирусқа шалдыққан адамдардың өкпесі рентген түсірілім кезінде көп жағдайда таза болып көрінетінін жоғарыда айтып өттім. Бірақ бұл алдамшы көрсеткіш. Егер аурудың шырмауына түскеніне екі аптаға жуық уақыт болса өкпенің қабынғаны рентген түсірілімінде міндетті түрде көрінеді.
– Коронавирустың салдарынан өкпеге келген зиянды компьютерлік томография арқылы да көруге болады ғой…
– Науқасқа дұрыс нақтама қою дәрігерлер үшін жауапкершілігі өте жоғары міндет. Кейде коронавирусты анықтау үшін жасалған рентген түсірілімінде өкпенің халі дұрыс диагноз қоюға негіз бола бермейді. Рентген түсірілімі барлық жағдайда өкпенің күйін ап-анық көрсетпейді. Мұндай кезде мен науқасты міндетті түрде компьютерлік томография жасауға жіберемін. Яғни, өкпенің қаншалықты зақымданғанын әуелі рентген арқылы танып білуге болады. Егер рентген түсірілімінің өзі қандай да бір күдік тудырып жатса өкпені ап-айқын көру үшін компьютерлік томографияға жолдаймыз.
– Одан соң…
– Одан кейін дәрігерлер басқа да параметрлер бойынша науқастан сынама алады. Биохимиялар жасайды. Зерделеу жұмыстарынан соң науқастың жалпы жағдайы сараланады. Жеңіл, орташа жағдайда болса палатаға жатқызылады. Ауыр жағдайда болса қарқынды ем жүргізіледі. Қандай жағдай болмасын қатаң бақылау қажет. Кейбір жағдайда сырқаттанған адамдар ауруханаға орташа дәрежеде түседі. Емін бастағаннан кейін екі-үш күннен соң халі аяқ астынан нашарлайды. Ентігуі күшейіп, тыныс алуы да қиындайды. Мұндай кезде шұғыл түрде оны палатадан жансақтау бөліміне ауыстырамыз.
– Коронавирусқа шалдыққан адамдарға амбулаториялық жағдайда ем тағайындауға болады ма?
– Амбулаториялық жағдайда ем тағайындалып жатыр. Бірақ… Әр адам индивид. Оның ағзасында болып жатқан құбылыс келесі бір адамда дәл солай қайталанбайды. Сондықтан емдеудің алдын ала дайындалған хаттамасына сүйеніп, алдына келген науқастардың барлығына дерлік бірдей нұсқаулық жазып беруге болмайды. Бұл жерде үлкен ұқыптылық таныту керек.
– «Клиникалық хаттама бойынша ем жасалуда» деген сөзді қалай түсіндіресіз?
– Протокол бойынша ем жасалуда деп айтады. Яғни протоколда науқасты емдеу үшін мына жерде антибиотик, мына жерде гормон, ендігі кезекте антикоагулянт, содан соң ағзаны нығайту мен оттегі терапиясы болуы тиіс делінеді. Ол дұрыс. Бірақ сол көрсетілген емдеу тәсілдерін әр адамға қолдану шамасын, түрін белгілеуде науқастың жалпы жағдайына қарай «жеті рет өлшеп, бір рет кесілген» шешім керек. Бірақ көп жағдайда кейбір дәрігерлер олай талдау жасай бермейді де емді тұтас ереже бойынша жүргізеді. Салдарынан асқынулар болады. Науқастардың жағдайы оңалмайды. Жоғарыда осы індет үй жағдайында ем алуға болады ма дедіңіз? Егер білікті пульмонолог немесе инфекционист ем тағайындаса үй жағдайында да аурудан айығуға болады.
– Асқынулардың болуы тек дұрыс емнің болмауынан ба?
– Жоқ әрине. Бізге коронавирустан кейінгі асқынулармен келіп жатқандар бар. Олар екі-үш ай бұрын емделіп шыққан. Оларда неге асқынулар болып жатыр? Ем алу кезіндегі қағаздарын көремін. Дәрігерлер дұрыс ем-шара жүргізгеніне көз жеткіземін. Негізгі себептің бірі – адамдардың өзін күтпеуі. Көп адам коронавирустың салдары алты айға дейін созылатынын түсіне бермейді.
– Коронавирустық пневманиямен коронавирустың айырмашылығы қандай? Бұл екі ауруды емдеудің жолдары ұқсас па?
– Короновирустық белгілері бар пневманияның Covid-19 вирусынан айырмашылығы жоқ. Егер адамға коронавирусты анықтау мақсатында жасалған ПТР талдаулар нәтижесі оң болса оған коронавирус диагнозы қойылады. Ал ПТР талдауы теріс болып, рентген-түсірілімінде пневмания көрініп тұрса, оны коронавирустық пневмания дейміз. Атаулары бөлек болғанмен, екі аурудың белгілері мен асқынулары бірдей.
– Ал жәй пневмания мен коронавирустық пневманияның айырмашылығы бар ма?
– Үлкен айырмашылығы бар. Коронавирус таза вирустық пневмания. Оның емдеу жолы күрделі. Ал жәй пневмания яғни, бактериалды пневмания тез емделеді. Жүргізілген ем-дом науқастың бойына тез қонады. Дене қызуы екі-үш күнде-ақ түседі. Айналдырған бес-алты күнде науқас аяқтан тұрады. Ентігуі сап тиылады. Ауырсынудың биттей де белгісі қалмайды. Жөтелі де жойылады. Осылайша науқас 9-10 күнде ауруынан құлан-таза айығып кетеді. Толық жазылады. Ауруханадан шығар алдында жасалған рентген түсірілімі бастапқыдай емес тап-таза шығады. Еңбегіңнің ақталуына тез қол жеткізесің.
Ал вирустық пневмания ұзақ жазылады. Тіпті 15-18 күнге созылады. Рентгендегі аурудың белгілері аздап азаяды. Бірақ бірден кете қоймайды. Қазір вирустық пневманияға шалдыққандары Кеңес одағы кезіндегідей 24 күн ауруханада ұстай алмаймыз. Он күн, ары кетсе екі апта ұстаймыз. Содан соң амбулаториялық жағдайда жүргізілетін барлық нұсқаулықтарды жазып беріп, ауруханадан шығарамыз. Өзім пациенттерімді ауруханадан шықса да бақылауда ұстап, халдерінен хабардар болып отырамын. Мысалы, екі-үш ай бұрын коронавирустық пневманиямен ауырған науқастарда әлі күнге дейін аурудың белгілері қалған. Әлі күнге дейін әлсін- әлсін ентігу бар. Көп адам бұрынғыдай тың емес шаршап қалатыны туралы шағымдарын айтады. Сондықтан да адамдар өзіне күтім жасауы тиіс.
– Сіз ауру өршіген жаз айларында коронавируспен күрес кезіндегі жұмыстардың бел ортасында жүрдіңіз. Сол кездегі ем-шаралар, қабылданған шешімдер, атқарылған жұмыстарға көңіліңіз толды ма?
– Ауру өршіген кезде ПТР талдауы оң шыққандарды да теріс деп көрсеткендерді де «Асардағы» жұқпалы аурулар орталығына жолдады. Негізінде олардың барлығын сіресе орналастырмай, саралау керек еді. Яғни, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетсе ауруханадағы пульмонология бөліміне жіберу қажет еді. Бірақ бізде олай жасалынбады. Барлығын провизорлық орталық етіп тастады. Бұл бір. Екіншіден мамандар жетіспеді. Провизорлық орталықтарда нарколог, гинеколог және тағы басқа сынды дәрігерлер жүрді. Өзім «Атамекенде» болдым. Сонда көргенімді айтып жатырмын. Олардың пульмонологиядан хабары жоқ. Иә, мен оларға үйреттім. Бірақ айналасы 5-6 күннің ішінде барлығын меңгеру мүмкін емес.
Тағы бір қателік ол емханалардағы бір қатар дәрігерлердің дене қызуы көтерілген, бойында коронавирустың, пневманияның белгісі бар науқастарға аурудың асқынуын тежейтін дәрілерді жазып бермеуі болды. Ең болмағанда антибиотик, өкпедегі қақырықты түсіретін препараттар беру керек еді. Салдарынан біраз адам сынама нәтижесі дайын болғанша құр жүрді. Сөйтіп бізге аурулары асқынып жетті.
Содан соң эпидахуал өршіген кездегі сол уақытта «өкпе мынанша пайыз қабынған деген» термин шықты. Негізінде компьютерлік томография қорытындысында өкпе қабынуының пайыздық көрсеткіші жазылмауы керек. Науқастар үшін ондай тұжырымды қабылдау өте ауырға соғады. Оның үстіне ондай қорытындының барлығы дұрыс болып шыға бермеді. Мысал ретінде айта кетейін. Маған бір науқас келді. Ауырып тұрған адамға мүлдем ұқсамайды. Сап-сау. Бірақ үлкен үрейде тұр. Қандай шағыммен келгенін сұрадым. «Компьютерлік томографияға түстім. Өкпеңіз 58 пайызға қабынған» деп жазып берді» деді. Қатты абдырап қалған. Өкпесін тыңдадым. Жалпы жағдайына, тыныс алуына қарадым. Жағдайы осыншалықты ауыр болатындай жөтел, ентігу деген атымен жоқ. Шынтуайтында оның өкпесі 58 пайызға қабынбағанына көз жеткіздім. Қорытынды қате жасалған. Мұндай жағдайларды көп кездестірдім. Сол кездегі жүктеменің көп болуынан осындай кемшіліктер орын алды деп ойлаймын.
Мұны әріптестерім мені естиді деген үмітпен айтып отырмын.
Бұдан бөлек, індеттің таралуына жол бермеу кезіндегі дайындық жұмыстары кезінде пульмонолог пен инфекционист сынды қат мамандарды дайындамау болды. Қазақстанда бұл мамандар тапшы. Оны сала басшылары анық біледі. Әр қалада 2-3 ғана пульмонолог бар. Басқа жоқ. Шымкентте де осындай жағдай. Қанша жылдан бері жалғыз өзім болдым. Санавиациялық шақыртулар кезінде, перинаталдық орталықтар, перзентханалар, диспансерлер, барлық ауруханаларға шақыртса шапқылап жүрдім. Бұрынғыдай жас емессің. Шаршайсың. Сөйтіп шәкірт дайындадым. Жылдар бойына жансақтау бөлімінде жұмыс істеген Бақытжан Қозайдаров есімді дәрігер өзінің пульмонологияға талабы бар екенін дәлелдеді. Өзім де оған сенім арттым. Алып кететінін білдім. Оның кандидатурасын қалалық денсаулық сақтау басқармасына ұсындым. Қазіргі таңда ол қаланың штаттан тыс пульмонолог дәрігері болып қызмет етіп жүр. Қазір барлығы қолмен қойғандай болып тұрған шығар. Бірақ ол ұсынысымның қабылдануы да оңай болмады. Бұл ретте біздің аурухананың бас дәрігері Сәрсен Маханбетұлының ықпалы көп болды.
Негізінде әр емханада стационарды қоспағанда екі пульмонолог болуы керек. Ал бізде 13 емхана бар. Сонда 26 штат болуы керек. Бірақ қалада жалпыға ортақ екі-ақ пульмонолог жұмыс істейді. Бұл министрлік деңгейінде шешілетін тірлік. Сонымен қатар, инфекционисттер дайындау керек. Өйткені тыныс алу органдарын оңалтуға қатысты ем-домдар жасауда осы екі маман бір-бірімен тығыз байланысты.
– Коронавирус пен пневмания жұқтырған кезде өз бетінше ем алудың өкпеге, өмірге тигізер кері әсері қандай?
– Өз бетінше ем қабылдамау керек. Өйткені қазір аллергия күрт көбейіп кетті. Дәрігер жазып бермеген дәріні ішсеңіз, дертіңізге дерт қосып алуыңыз мүмкін. Тек дәрігер жазып берген дәріні ішу керек.
– Ауруды алдын алу туралы дәрігерлік кеңесіңізді айтсаңыз…
– Енді бір рет ауруды бастан өткерген адам той-жиынға барғанды қоюы керек. Адам көп шоғырланған жерде болудан бойын аулақ ұстауы тиіс. Ағайын- туысқа да көп барудың қажеті жоқ. Әсіресе бала-шағасы бар үйлерге. Біз коронавируспен ауырған адамның ағзасында антидене пайда болып, енді ауырмайды деп сеніп жүрдік. Бірақ жуырда індетке шалдыққан адамның қайта коронавируспен ауырғаны расталды. Бұл жағдайдан сабақ алып, барынша сақ болуымыз керек. Себебі ауру қайталана берсе созылмалы болып кетеді. Ол қиын нәрсе. Жасы келіп қалған адамдар сақтық шараларына аса мән бергені абзал. Салауатты өмір салты ережесін ұстануды естен шығармайық. Тағы да өтініп сұрарым, пандемия тоқтағанша тойдан толық бас тарту керек. Қазір аман-сау жүргеніміздің өзі той. Бұл дертті тек дәрігерлер тоқтатпайды. Халық та жауапкершілік танытып, сақтық шараларын сақтауы тиіс.
Сұхбаттасқан:
Салтанат ИБРАГИМОВА.