Тағылымы биік оқу орны
Шымкент қаласының Жоғары медицина колледжі іргетасы қаланғаннан бері білім, ағарту жүйесіндегі орны ерекше қара шаңырақ. Республика деңгейінде бірнеше мәрте сапалы білім беретін оқу орны екенін дәлелдеген, заман талабына сай оқу орындарының ішінде беделі мен атағы ойып орын алатын білім ұясына биыл 90 жыл толып отыр.
Бірегей білім ордасы 1930 жылы 10 қазанда қабылданған Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Халық комиссарлар кеңесі қаулысына сәйкес желтоқсан айында санитар – дәрігерлерінің көмекшісін даярлайтын медициналық техникум ретінде ашылды. Ол Түркістан көшесіндегі бес бөлмеден тұратын бір қабатты ғимаратта орналасты. Алғаш санитар-дәрігер көмекшісінің мамандығын 22 оқушы тамамдаған.
1934 жылы техникум фельдшер мектебі болды, 1944-1945 оқу жылында мектеп Доллорес көшесі 22-үйде (қазіргі Желтоқсан көшесі) орналасқан 2 қабатты ғимаратқа көшірілді.
1948 жылдан 1954 жылға дейін фельдшер мектебі фельдшер-акушер мектебі болып аталды.
1953 жылы фармацевтік бөлім ашылды. 1954 жылы фельдшер мектебі медицина училищесі болып қайта ұйымдастырылды. Мейірбикелер мен фельдшерлерді даярлау үшін кешкі бөлім ашылды.
1958 жылы тіс техникалық бөлімі, 1964 жылы фельдшер-лаборанттық бөлімдері қатарға қосылды. Осы жылдары училищенің сыртқы бөлімдері Алғабас, Сарыағаш, Арыс, Ванновка бөлімшелері болып жұмыс істей бастады.
1996 жылы оқу орны колледж мәртебесіне ие болып, 2017 жылы Жоғары медицина колледжі атағын алды.
Осы жылдар аралығындағы ұжым басшыларының аты осы күні тарихқа айналған, олар: К. И. Шкильный, Д. Шәмшиев, Д. Нұрпейісов, Н. Н. Блох, В. Чернов, М. Д. Винокур, А. И. Илашев, Е. Ә. Момынов секілді есімі көпшілікке мәлім медициналық білім беру саласының ардагер қызметкерлері.
Бүгінде медициналық Жоғары колледж мәртебесіне көтерілген білімнің қара шаңырағы 90 жыл ішінде 30 мыңнан астам білікті мамандарды түлетіп ұшырды.
Біздің мақтанышымыз – ардагер түлегіміз Исқақова Рәзия Шәкенқызы Ұлы Отан соғысына қатысып, Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосқан батырлар арасында. Ол борышын өтеп жүріп өзі де екі рет жарақат алған батыл жан өз өмірін соңына дейін Шымкент қаласында өткізді. Рәзия Шәкенқызы мейірбике ісінің негізін қалаушы Флоренс Найтингейлдің Халықаралық төсбелгісінің иесі.
Сонымен қатар елімізге танымал түлектердің қатарында Денсаулық сақтау ісінің үздіктері-жоғары дәрежелі гинеколог-дәрігер А.К.Мұхитдинова, 1979-1989 жылдар аралығында қалалық жұқпалы аурулар аурханасының бас дәрігері қызметін атқарған М.С. Донец, «Еңбек ардагері», 50-ге жүық ғылыми мақалаларын жарыққа шығарған И.Г.Кожухов, «Шапағат» орденінің иегері, тіс дәрігері С.М.Маханов, медицина ғылымдарының докторы, профессор К.Шертаева, №4 қалалық емхананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының клиникалық және фундаментальды ғылыми академиясының корреспондент мүшесі Р.С.Бектұрганов, Шымкент қаласындағы кардиологиялық орталықтың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санаттағы кардиохирург-дәрігер Е.М.Қуатбаев, №2 қалалық аурхананың бас дәрігері, жоғары санаттағы нейрохирург-дәрігер С. М. Пернебеков және тағы басқалар бар. Олар өз ісінің үздіктері.
Заман өзгерсе де, мейірбикелерге қойылатын талап өзгерген жоқ. Сапалы білім мен талаптың әлі де білікті маманға тән сипаты болғандықтан, оқу үрдісін ұйымдастыруға, жаңашыл жұмыс әдістері мен технологияларды енгізуге көп көңіл бөлінуде.
Казіргі таңда колледж шетелдік және республикалық колледждер, университеттер және денсаулық сақтау ұйымдарымен халықаралық байланыстарды дамытуда. Олардың қатарында Оңтүстік-Шығыс Финляндияның колданбалы ғылыми Университеті, Ресей Федарациясының МБА-нің медицина жұмыскерлердің дипломнан кейінгі білім беру Санкт-Петербург орталығы, Саха Республикасының «Якут медициналық колледжі», Қырғыз Республикасының «Бішкек медициналық колледжі» Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласындағы «Республикалық медицина колледжі», С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Онтүстік Қазақстан медицина академиясын атауға болады.
Жыл сайын колледж студенттері халықаралық, республикалық және Шымкент қаласы деңгейінде өткізілетін байқаулар мен конференцияларға қатысып, жүлделі орындар алып келеді. Биыл оқу жылында өткен «Мейіргер ісі» мамандығының қолданбалы бакалавриат біліктілігімен білім беру бағдарламасы бойынша «Эрудит – анатом 2020» атты Республикалық қашықтықтан өткен олимпиадасында студенттер Октомбаева Мафтуна І дәрежелі және Ашимханова Зарина ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, «WorldSkills Shymkent -2020» аймақтық чемпионатынан «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша Ізбасарова Анеля Ержанқызы І жүлделі орынға ие болды.
Бәсекеге қабілетті, еңбек нарығында талапқа ие болашақ мамандарды даярлау ісін басты мақсат еткен педагогикалық ұжымның еңбегін оңтайландырып, шығармашылығын арттыру бағытында үлкен жұмыс жүргізіледі.
Осы орайда 25 қарашада Жоғары медицина колледжінің 90 жылдығы аясында «Инновациялық технологияларды білім беру үрдісіне енгізу: қызығушылық, ізденіс, ынтымақтастық» тақырыбында Online режимінде халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы жоспарланып отыр. Конференцияның негізгі мақсаты – оқытушылардың тәжірибе алмасуы және біліктілігін арттыру мен халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, тиімді инновациялық оқыту технологиялары мен медицина қызметкерлерінің жұмысын жетілдіру және іздену.
Шымкент қаласының Жоғары медицина колледжі келешекте тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде өзіне лайықты орынды иеленетін беделді білім ұясының бірі болатынына сенімдіміз. Колледждің ұжымы болашақ медицина қызметкерлерін даярлайтын оқу орындарының көшбасшысы ретінде өз жауапкершілігін тереңнен сезінеді, болашақ мамандарға білім беру сапасын барынша арттырып, білім мен ғылым байланысын одан ары нығайта отырып, жаңа жетістіктерге жететініне күмәніміз жоқ.
Бүгінгі мерекелі күні колледж ұжымын мерейтоймен құттықтай отырып, баршаңызға егеменді еліміздің гүлденіп, өркендеуі жолында жемісті еңбек ете берулеріңізге тілектеспін, отбасыларыңызға амандық, саулық, мол табыс, ырыс, несібе тілеймін.
Сейтжамал ПАКЕЕВ,
Шымкент қаласының ДСБ ШЖҚ «Жоғары медицина колледжі» МКК-нің директоры, медицина ғылымының кандидаты.