ДӘРІГЕРЛЕР РЕЗЕРВІ НЕ ҮШІН ЖАСАҚТАЛДЫ?
Шымкент қаласында эпидахуал тұрақты. Дегенмен де коронавирусқа қарсы ем табылмайынша арқаны кеңге салатын уақыт туды деп айтуға әлі ерте.
Осыған байланысты қалада коронавирустың ықтималды екінші толқынына дайындық жұмыстары қызу. Осы мақсатта қалада дәрігерлер резерві жасақталды.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.
Ауру өршіп, науқастар саны күрт өскен кезде тұрғындарға ем-шаралар жүргізу жұмыстарына жұмылдырылатын дәрігерлер резерві 1800-ге жуық мамандардан тұрады. Олардың қатарында 256 резидент, 1098 интерн (медициналық жоғарғы оқу орнының түлегі), 225 колледж студенті, 200 профессор-оқытушы, 20 емдеу ісінің мамандары бар.
Бұл бағытта 79 медицина маманы алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша біліктілігін арттыруда. Оқудан өтіп жатқан мамандардың 40-ы резидент және 39-ы фтизиатр пульмонологтар.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлер резервін жасақтау арқылы індеттің ықтималды екінші толқыны кезінде мамандарға деген тапшылық мәселесімен бетпе бет келу проблемасын алдын алуда.
Тағы айта кетерлігі, оқытудан өтіп жатқан мамандар ықтимал коронавирустың екінші толқынында қажеттіліке байланысты провизорлық орталықтарда науқастарға медициналық көмек көрсететін болады.
Шымкентте жыл басынан бері 14 157 медицина қызметкері коронавирустық инфекциясымен күрес бойынша оқытудан өтті.