КІТАПХАНАЛАР ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ

Салауатты өмір салтын қалыптастыру спортпен шұғылданып, дене жаттығуын жасау, дұрыс тамақтанып, алкоголь мен темекіден бас тарту сынды денсаулықты күтетін әдеттермен шектелмейді. Ол қаржыны жөн жосықсыз жұмсамау, адамдармен жақсы қарым-қатынас құрып, дұрыс өмір сүру қағидасын білу ұғымын білдіреді.

Салауатты өмір салтын берік ұстану ертеңгісін ұйқыдан ерте оянып, күні бойғы жұмысыңызды жоспарлау сынды ережелерді қамтитынын білесіз бе?! Кітап оқуға арнайы уақыт бөлу салауатты өмір салтын ұстанудың негізгі қағидасы. Себебі кітап оқу адамның рухани әлемін байытып қана қоймай, оның есте сақтау қабеліттілігін жақсартып, жұмыс өнімділігін арттыра түседі.

Қазіргі технологияның дамыған заманында адамдардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру бірден-бір қол жеткізілуі тиіс мақсаттардың бірі болып табылатыны міне сондықтан. Осы мақсатта елімізде кітап оқу ісіне мемлекеттік және қоғамдық қолдау көрсетілуде.

Соның негізінде жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Шымкент қаласының кітапханаларын дамыту және жаңғырту» бағдарламасы дайындалып жатыр. Бағдарлама аясында еліміздің Ұлттық кітапханаларына қолжетімді болатын тұңғыш мемлекеттік цифрлық порталды құру, кітапханалардың Жарғысына өзгерістер енгізіліп, Әл-Фараби атындағы ғылыми–әмбебап (бұрынғы Отырар) кітапханасын әлемнің электронды кітапханалық жүйелеріне қосып, ғылым мен өнердің орталығы болып қайта жаңғырту көзделіп отыр. Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде көпшілік кітапханалардың орталықтандырылған жүйесі саналатын Абай атындағы кітапханаға заманауи дизайн, жаңа технологиялар мен концептуалды толықтырулар енгізу жоспарлануда.

Одан өзге, аталған бағдарламаға сәйкес келесі жылы дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Kitapfest», төрт маусымдық «Bookoмaния fest», «Бізді кітап біріктіреді» акциясы мен баспагерлер жәрмеңкесі, кітаптарды реставрациялау, буккросинг, жасыл экономика секілді шараларды ұйымдастыру қолға алынбақ.

Шымкентте қалың қауымның кітап оқуға деген ынтасын арттыру бағытында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, кітапханаларда әдеби кештер, жазушылар және ақындармен кездесулер, дөңгелек үстелдер, тақырыптық кітап көрмелері секілді іс-шаралар ұйымдастырылуда.