БОЛЫМСЫЗ АЙЫППҰЛ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУШЫЛАРЫН ТЕЗГЕ САЛА МА?
немесе, «ФудМастер-Шымкент» қоршаған ортаны неге былғайды?
Түркістан облысында аты дардай «ФудМастер-Шымкент» ЖШС экологиялық талаптарды сақтауға жүрдім-бардым қарап, табиғатқа зиян тигізіп келген. Өз кезегінде тұрғындарға табиғи өнімнен нәр тартқызамыз деп айтудан жалықпайтын серіктестік өндірістен шығатын сарқынды суларын ауылдық суағар каналына бұрып, қоршаған ортаға зиян келтірген. Бұл жағдай Төлеби ауданы, Көксәйек елдімекені тұрғындарынан келіп түскен арыз-шағымға сәйкес Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің мамандары, «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі — Адалдық алаңы» жобалық офисі өкілдерімен бірлесіп, ісі ілгері басқан «ФудМастер-Шымкент» ЖШС мекемесінде жүргізген тиісті тексеру жұмыстары кезінде анықталған.
Осыған сәйкес аталған серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мекемеге жалпы соммасы 416 700 теңгені құрайтын үш айыппұл салынды. Сонымен қатар, аталған компанияға қоршаған ортаға келтірген залалы үшін 4 335 127 теңге экономикалық бағасын өндіруге нұсқама берілді. Қазіргі таңда аталған айыппұлдардың барлығы мемлекеттік бюджет пайдасына өндірілген.
Бұл туралы Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары – Түркістан облысының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Қанат Қалмаханұлы Түркістан облысы бойынша экология департаментінің инспекциялық-бақылау саласында осы жылдың қазан айына дейінгі жүргізілген жұмыстары туралы есеп беру жиынында мәлімдеді.
Жыл он екі ай бойы жұмысы жүріп тұратын, ісі ілгері басқан компания үшін бұл айыппұл соммасы анау айтқандай шығын әкеле қоймасы сөзсіз. Және олардың мұндай қадамға білместікпен барғаны немесе білімсіздік себеп болғаны тек өздеріне ғана аян екені белгілі.
Жалпы Түркістан облысында табиғатқа қамқорлық емес, қорлық көрсетіп жатқан заңды тұлғалар осымен шектелмейді. Қанат Қалмаханұлы өз баяндамасында жыл басынан бері облыста 20 табиғат пайдаланушы тексерілгенін хабарлайды. Оның ішінде профилактикалық бақылау арқылы 14, жоспардан тыс тексеру арқылы 6 табиғат пайдаланушылардың жұмыстарының экологиялық талаптардың үдесінен қаншалықты табылып жүргендігі нысанаға алынған. Нәтижесінде 55 экологиялық талаптарды бұзу фактісі анықталып, жалпы соммасы 3 839 735 теңге мөлшерінде 56 айыппұл салынған. Оның ішінде барлығы 972300 теңгені құрайтын 22 айыппұл табиғат пайдаланушылардың экологиялық рұқсат алмағаны үшін, 1 591 000 теңгені құрайтын 20 айыппұл жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін, 173625 теңгені құрайтын 3 айыппұл өндіріс орындарының атмосфераға нормативтен жоғары эмиссиялар жасалуы туралы хабарламағаны үшін, 138900 теңгені құрайтын тағы 3 айыппұл қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі талаптарды бұзғаны үшін, 97230 теңгені құрайтын 3 айыппұл жалпы экологиялық нормаларын бұзу дерегі үшін, 138900 теңгені құрайтын 1 айыппұл су ресурстарын қорғау ережелерін бұзғаны үшін және т.б экологиялық талаптарды сақтамаған факторлар құрайды. Бүгінге дейін мемлекеттік бюджетке 31 айыппұл ғана (2 007 700 тенге) өндірілген екен. Салынған айыппұлдар экологиялық талаптарды сақтамаған табиғат пайдаланушылар үшін болымсыз сома болғаны немесе сабақ болғанын төреші уақыт көрсетеді.
Ал облыста 160-тан астам қоқыс полигондарының көпшілігінің талапқа сәйкес еместігі бір бөлек мәселеге айналғаны белгілі. Атмосфера қабатына айтарлықтай кері әсерін тигізетін талапқа сай емес полигон мәселесін біржақты реттеу үшін прокуратурамен енгізілген ұсыныстардың нәтижесінде арнайы тұлғаларға 1 554 235 теңге құрайтын 26 айыппұл салынған. Қазіргі таңда экология департаменті полигондарды экологиялық рұқсатсыз пайдалану, ондағы қатты тұрмыстық қалдықтардың жануы сынды факторлар үшін қоршаған ортаға келген залал көлемін шоттың тасына салып, есептеу үстінде екен.
Бұдан бөлек, Түркістан облысы бойынша экология департаменті қоршаған ортаға келтірілген залалдың 24 анықталған фактісін анықтаған. Бұл жағдайдан қоршаған ортаға келген залалдың жалпы экономикалық бағасының сомасы 32 млн.нан астам теңгені құрап, соған сәйкес, табиғат пайдаланушыларға тиісті нұсқамалар берілген. Қазіргі таңда көрсетілген соманың мемлекеттік бюджетке 2 749 175 теңгесі ғана өндірілген.
Сондай-ақ, Түркістан облысының Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Қанат Қалмаханұлы жыл басынан бері экологиялық талаптарды өрескел бұзғаны үшін 5 мекеменің жұмысы сот шешімімен тоқтатылғанын алға тартады. Дегенмен де ол, қателікті кешірмейтін қоршаған ортаны қорғайтын заңның жұмсақ тұстары жетерлік екенін жасырмайды. Оған эколог мамандардың облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, облыстық полиция департаментімен бірлескен жұмыстарына қарамастан экологиялық заңбұзушылықтар санының азаймай отырғаны негіз болады. Заң талаптарын күшейту қажеттігінің күн тәртібіне енгізілгені қашан… Осыған байланысты еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экология саласында жол берген заңбұзушылықтарға жауапкершілікті күшейту тетіктерін қарастыруда. Оның нақты көрінісі тармақтарда көрсетілген талаптары қатаңдатылған жаңа экологиялық кодексті енгізу жұмыстарының қолға алынғандығы.
Биыл әлемді жайлаған пандемия жағдайына ыңғайлану үшін жарияланған карантин көптеген саланы табыстан қағып, жоспарын күл талқан еткені белгілі. талай тығырықты жағдайды тудырып жатқан пандемия эколог мамандардың да заңсыздықпен күресу мүмкіндігін шектеуде екен. Қанат Қалмаханұлы карантин кезінде тексеру жұмыстарына тыйым салынғанын ортақ тәртіп деп емес, өз пайдаларына қарай жаратуға талпынатын табиғат пайдаланушылары бар екенін, оның үстіне шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге қатысты жарияланған мораторий де жығылғанға жұдырық болуда екенін жасырып-жаппады.
Бейберекетсіздік, бейғамдық пен бақай есеп үшін қоршаған ортада құрдымға кеткен тұстар көп. Мысалы, қоқысты жөн-жосықсыз тастауға дағдыланудан жабайы полигондар аумағының жайылып бара жатқаны, су көздерінің ластанып жатқаны соған негіз. Сондықтан да табиғат жанашырлары болып табылатын экологтар дүйім елді қоршаған ортамызды тек қана қорғаумен шектелмей оны қалпына келтіруге жұмылып жұмыс жасауға шақырады. Бұл ретте қоғамның орны бөлек екенін, сондықтан да қоғамдық бақылауды күшейту керектігін алға тартады.
Ағылшын жазушысы Джонатан Рейбан «дамымаған елдерде су ішу, дамыған елдерде ауамен жұту өлімге апарады» деп қағазға түрткен сөзі тәмсілге айналған. Ол кісінің қаламының қауқары бар болған жазушылық қырынан бөлек, саяхатшы екенін ескерсек, әлгі сөзінің жаны бар екені сөзсіз. Бірақ бірнәрсені ұмытпау керек. Бұл болжамды тудыратын да, оны болдырмайтын да адами фактор екенін ұмытпаған абзал. Сондықтан мамандардың сөзіне мән берейік.
С. НҰРАЙ.