КАРАНТИН ҚҰРСАУЫНАН ҚАШАН ШЫҒАМЫЗ?
немесе, Цой айтқан пессимистік сценарий қандай?
Өткен айдан бастап әлемнің бірқатар елдерінде коронавирус індеті қайтадан күшіне мінгені белгілі. Осыған орай Қазақстанда вирустың екінші толқынына лайықты соққы беру жұмыстарына дайындық басталған.
Алдағы уақытта қауіпті кезеңнен мүдірмей өту үшін тиісті министрлік пен мамандар азаматтардың маска тағу режимін қатаң сақтауы аса маңызды екенін баса айтады. Жуырда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда пандемия үш сценарий бойынша өрбуі ықтимал екенін жеткізді.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осындай қауіпті кезеңде ел ішінде бетперде тағу режимі 100 пайыз сақталған күннің өзінде желтоқсанға дейін індет тырнағына ілігетіндердің саны 40 мыңға жуықтап, оның 15 мыңдайы ем-дом қабылдауы мүмкін екенін алға тартты. Ал бетперделік режимнің сақталуы ала-құла болса ше?
Министр айтқан пессимистік сценарий бойынша егер ел аумағында бетперде режимі 60 пайызға дейін сақталса, қазан мен желтоқсан аралығында коронавирус індетіне шамамен 190 мың адам шалдығып, оның 65 мыңы стационарлық емді қажет етпек. Эпидахуал дәл осылай қолайсыз күйге түссе желтоқсанның ортасында елде локдаун енгізілуі мүмкін. Ал бетперде тағу режимі 70 пайызға қамтамасыз етілсе, қазан-желтоқсан аралығында бойына вирус қонғандардың саны 90 мыңға жетіп, оның 30 мыңы медициналық мекемелерде емделуге мұқтаж болмақ.
Сонымен қатар ведомства басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуал дәл осылай өрбитін болса, локдаун режимі қаңтарда жариялануы кәдік екенін де тілге тиек етті. Дегенмен де ол тұрғындардың барлығы дерлік шектеу шараларын сақтап, қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз орындаған жағдайда қатаң карантинге жүгінудің қажеті болмайтынын нығырлады.
«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Яғни тәртіпке бағынсақ қарантин құрсауында болмаймыз.