ЖОЛДАР ТУРАЛЫ ЖОБА КӨП…

ал, олар қалай жүзеге асады?

Шымкентте күн сайын көлік көбейіп келеді. Көліктің көбейгені жақсы. Бұл әлеуметтің жағдайы жақсарып, темір тұлпар тізгіндеуге қауқарлы болып келе жатқандар қатарының көбейе түскенін аңғартады. Дегенмен де таяқтың екінші ұшы бар.
Қазіргі таңда автокөлік санының артуынан Шымкенттегі Бәйдібек би, Республика, Тәуке хан даңғылдары, Темірлан тас жолы мен Т.Рысқұлов, Жібек жолы сынды магистралды көшелердегі көлік ағыны әу баста нысан құрылыстарын жүргізу үшін жасалған жобадағы көрсеткіштен екі есеге артқан. Тиісінше қала көшелерінде кептелістер көбеюде. Осыған орай Шымкентте көлік ағынын оңтайландыру мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақшы. Аталған жобалардың негізінде қалада ірі магистрал көшелердің жалғасы салынып, шағынаудандар арасына барыс-келісті жақындататын төте жолдар түсетін болады.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді.
Мақсұт Пернебайұлының сөзіне сенсек, алдағы уақытта Шымкенттегі Бәйдібек би даңғылындағы көлік ағынын оңтайландыру барысында екі жоба қолға алынады. Бірінші жобаға сәйкес, Т.Өтегенов көшесі ұзартылады. Бүгінде Төлеметов көшесіне қиылысқаннан бастап жалғасы жоқ Өтегенов көшесі болашақта одан әрі 2,3 шақырымға дейін ұзартылып, «Асар» шағынауданына қосылады. Жобаның құрылысы 2021 жылы басталады. Нысан құрылысы 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең үшін 1 млрд. теңге, екінші кезеңге 649 млн. теңге жұмсалады. Құрылысты екі кезеңге бөлудің өз жөні бар. Себебі, екінші кезеңде түсетін жол бойында 59 жер телімі (арасында үйлер де кездеседі) бар. Оны мемлекет меншігіне қайтару механизмі уақыт алады. Ал бірінші кезеңде құрылысқа кідіріс жасайтын мұндай жағдайлар жоқтың қасы. Бұл жоба жүзеге асқанда, Бәйдібек би арқылы Алматы айналма жолына шығып жүрген автокөліктер енді Т. Өтегенов көшесімен кететін болады.
Екінші жоба «Шымкент Сити» мен «Асар» шағын ауданын қосатын көше. Бұл бағыттағы жоба сала мамандарымен талқыланған. Мамандар бұл көшені салған дүрыс деп пайым айтқан. Егер екі шағын ауданды қосатын көше қолданысқа енгізілсе, Өтегеновпен көтеріліп келе жатқан көлік «Бозарыққа» баратын болса «Шым Сити» арқылы, ал әуежайға бет алса, «Асар» шағын ауданы арқылы жүріп өтеді. Болжам бойынша жалпы ұзындығы 1,3 шақырым болатын бұл көше құрылысына 800 млн. теңге жаратылады.
Келесі жоба алты жолақты С. Бәйтереков көшесін ұзарту арқылы оны «Тұран» шағынауданындағы магистралға қосу көзделіп отыр. Жоба бойынша көшенің ұзындығы 2,3 шақырым болады. Жоба аясында «Қайтпас-1» шағынауданындағы Алтынсарин көшесі кеңейтілмек.
Қазіргі таңда қаладағы Ж.Адырбеков көшесінің құрылысын аяқтау қиынға айналғаны белгілі. Мақсұт Пернебайұлы бұл нысанның жыры көп, даулы мәселеге айналғанын ашық айтты. Себебі, нысан құрылысын жүргізу үшін екі-үш мердігер компания бір-бірін сотқа сүйреп, біраз уақыт жоғалтып алған. Абырой болғанда компаниялар медиация арқылы бейбіт келісімге келген көрінеді. Осыған сүйене отырып, биліктігілер биыл құрылысшылар Ж.Адырбеков көшесін ең болмағанда С. Жандосов көшесіне дейін ашып береді деген үмітте отыр.
Айтпақшы Адырбеков көшесіне қатысты да тағы бір жоба бар. Қаладағы С. Жандосов көшесі Ж. Адырбековке қосылмайды. Бірақ екі көшенің ара қашықтығы 350 метр. Егер осы көшелерді жалғайтын өткел салынатын болса, Жібек жолы, Ә. Сасбұқаев, Ж. Адырбеков көшелеріндегі көліктердің өтуі азая түседі. Қала әкімінің орынбасары жоба үшін көп қаржы кетпейтінін, бар болғаны 200-250 млн. теңгенің айналасындағы қаржы шығындауға болатынын жеткізді.
Тағы бір мақұлданған жоба ауқымды нысан Әл Фараби көшесіне қатысты құрылыс. Жалпы аталған көшенің құрылысы 2018 жылы басталған. Транзит үшін аса маңызды магистрал саналатын көше құрылысының 80 пайызы аяқталған. Тұралап қалған тұсы көшенің Темірлан тас жолы және Алматы А-2 тас жолына қосылатын учаскелерін аяқтау жұмысы. Бұл жұмыстардың тұралауына көшелерді жалғайтын жолдар бойындағы жер телімдері мен үйлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстардың күрделене түсуі себеп болған. Қазіргі таңда Әл Фараби көшесін Темірлан тас жолымен байланыстыратын тұсындағы жолдарда азаматтардан жерлерін мемлекет игілігі үшін қайтару жұмыстары түйінделген. Ал А-2 айналма жолына қосылатын аумақтағы 43 үй мәселесіне әкімдіктегілер біраз уақыт кетіретін сыңайлы. Мақсұт Пернебайұлы қайткен күнде де бұл жобаны келер жылы аяқтау маңызды екенін баса айтты. Соның негізінде Алматыдан келетін жүк транзиттері Түркістанға қарай апаратын бағытқа түсу үшін қалаға кіріп, жолдарға салмақ салмайтын болады.
Тағы бір күрделі жоба Д. Қонаев даңғылы жалғасының А-2 трассасына шығуы. Қазіргі таңда аталған даңғылдың жалғасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл нысанның бірінші учаскесі бойынша Түркістан көшесінен бастап Қошқаратаға дейінгі аралық ашылады деп күтілуде. Одан әрі екінші учаскедегі құрылыс жұмыстары үшін биыл тендер жарияланады. Үшінші учаскеде «BI Group» компаниясы өз жұмыстарын жүргізу үстінде. Төртінші учаскеде көпір салынып тұр. Енді бесінші учаскеде даңғыл жалғасын «Сәуле» шағын ауданындағы «Әскери бөлім» орналасқан жерге дейін апарып, содан кейін даңғылды Алматы-Ташкент трассасына шығарып жіберу туралы жобаны қарастыру көзделген. Оның ұзындығы 1,6 шақырым. Бағасы шамамен 800 млн теңге болуы мүмкін. Мақсұт Исахов бұл аумақта да 35 жер телімі (кейбір аумақтарында үйлер де бар) мемлекет меншігіне қайтарылатынын ескертті.