АЮПОВ ТОҚСАНЫНА БІР ҒАНА КІТАП ОҚИДЫ

Түркістан қаласында игі бастама қолға алынды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің базасында «Bolashaq Books» яғни, «Болашақ кітаптары» сөресі ашылды. Бұл сөренің кәдуілгі кітапханадағы сөрелерден ерекшелігі өзің оқып тауысқан кітапты сөреге қойып, орнына ондағы кез келген басқа туындыны алып оқитындығыңда.

Облыс орталығында тұңғыш рет ашылып отырған «Болашақ кітаптары» кітап сөресінің ашылуына қала әкімі Рашид Аюпов қатысты. Құрметті қатысушы ретінде сөз алған шаһар басшысы «Адам мен адамды тең қылатын, ол — білім. Ал артық білім кітапта екені бәріне аян. Кітаптың рухани байлығымыз бен құндылығымызды арттыруда маңызы зор. Ендеше, барлық таныстарымды, достарымды осы жерде оқыған кітаптарын өзгелерге бөлісуге шақырамын»,-деді.
Өз кезегінде қала әкімі бұған дейін айына бір кітап оқығанын, бірақ жұмысының көптігіне орай бұл үрдісі бұзылып, тоқсанына бір туындыны әрең тауысатынын айтты. Және де ол бастапқы қалыпқа қайта түсу қажеттігін атап өтті. Ол үшін алғашқы қадамын да жасап үлгерді. Яғни ол, өзі оқып, аяқтаған кітапты «Bolashaq books» сөресіне қойып, орнына жаңа кітапты қабыл алды. Қала әкімі қолтығына қыстырған кітабын оқып болғаннан соң, міндетті түрде осында баспа-бас басқа шығармашалық дүниеге ауыстыратынын жеткізді.
Кітап оқуды насихаттаудың мұндай қадамы арқылы ол «Bolashaq Books» кітап сөресін қолданушырдың қатарын көбейтуге ниетті.
Іргелі оқу орнының қабырғасында ашылған кітап сөресіне дәл қазіргі уақытта 30 дана комикстер және 10 дана «Супер қыз» кітабы қойылған. Одан өзге, 30 шақты кітапты QR-код арқылы смартфонда қосымша арқылы оқуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің кітапханасы тарапынан да қосымша кітап сөресі қойылған.
Республика бойынша ашылған №14 кітап сөресіне кез келген азамат кітап айырбастап оқуына болатынын айта кетейік.