ЕЛБАСЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ БОЛДЫ

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелерінің тізімі тағы бір атақпен толықты. Ол Ядролық сынақтардан азат әлем чемпионы атағын алды.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Нұрсұлтан Әбішұлына бұл атақ ағымдағы жылдың 26-тамызында БҰҰ Бас Ассамблеясының Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған арнайы сессиясында берілді. Елбасыға мұндай атақ беру туралы бастаманы Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келісім ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо көтерген.
Өз кезегінде еліміздің Сыртқы істер министрлігі Елбасының 1991 жылы 29-тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі Ядролық сынақтарға қарсы күрес күнін тағайындауға негіз болғанын алға тартады.
Бұдан бөлек, биыл шілде айының басында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев монументі ашылды. Былтыр елімізде Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне елорда аты Астанадан Нұр-Сұлтанға ауыстырылған болатын. Одан алдын яғни, 2017 жылы ел Үкіметі «Астана халықаралық әуежайын» «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» деп атау туралы Қаулы шығарған.