Қайсар рухты тұлға

Елін сүйген Әкім Ысқақ алпысқа жасқа толуды. Ол қасиетті Түркістан аймағының тумасы. Белгілі ақын Кәкімбек Салықов алпыс туралы:
«Алпыс деген ер жігітке дым емес,
Беу, құрбылар! Жөнді сөзге қылма егес.
Алпысымнан көрініп тұр талтүсім,
Бүгінгі алпыс — ол баяғы жиырма бес» деп жырлады.
Осынау жастың асуын алқынбай алған Әкім ағаның ең бірінші атап айтар қасиеті – жастардың досы, нағыз жанашыр, тілеулесі. Өзі де магнит сияқты, қашан көрсең маңайында үйіріліп қазақтың ұл-қызы жүреді. Ешқайсысынан ақыл-кеңесін аямайды, жалықпай жол көрсетеді, қашан да қамқор көңілінен танбай, көңілдерін көтеруге тырысады.
Кейіпкеріміздің депутаттығы, ақындығы, сазгерлігі, жазушылығы, журналистігі, ұстаздығы, қоғам қайраткерлігі, т.б. өз алдына, Қазақстанның заң тарихында заңды тұңғыш қазақ тілінде жазған заңгер. Яғни, «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы. Қытайдан, Моңғолиядан, Өзбекстан, т.б. елдерден келген қандастарымыздың азаматтық, пәтер, білім алуына, жұмысқа орналасуына тікелей қамқор болған да осы кісі.
Осы тұста жоғарыда аталған заңның өмірге келу тарихына тоқталсақ, Әкім Ысқақ 1995 жылы қос палаталы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылым дептутаттығына өзінің туған өлкесі Ордабасыдан сайланады. 1996 жылдың 30 қаңтарында бірінші сессияның ашылуымен төменгі палата жұмысын бастайды. Бұл алмағайып заман-тын. Ел нарыққа бет алған, жаппай жекешелендіру, экономиканы оңтайландыру, жаңа валюта енгізу сияқты реформалар, қаржылық жетіспеушілік, сонымен қатар, Елбасының бастамасымен мемлекет орталығын Арқа жеріне көшіру сияқты қат-қабат шаруалар жүріп жатқан.
Ел тәуелсіздігімен жарысып, шет елдегі қазақтар да байырғы атамекені отанымызға орала бастаған. Бұл салада қордаланған мәселе шаш етектен. Сырттан көш басталып кеткен де, оны реттеу ісі әлі толық жолға қойылмаған. Осындай толқып тұрған заманда 1996 жылдың қазан айында Еңбек министрлігі мен Әлеуметтік қамсыздандыру министрліктері қосылып жаңадан «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі» пайда болады. Оның басшысына Қаржы министрінің орынбасары Н.Коржова ханым тағайындалады. Министр келе сала өзіне бағынышты Көші-қон департаментін жойып, оны қатардағы басқармаға айналдырады. «Көші-қон қорын құру» туралы бапты түбірімен сызып тастайды.
Бұған бейжай қарай алмаған депутат Ә.Ысқақ 1997 жылы 23 қаңтарда үкіметтің Парламент қарауына түсірген «Көші-қон туралы» заң жобасына жетекшілік жасауға сұранады. Үкімет ұсынған жобада, біріншіден, Қазақстанға көшіп келген адамдарға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмағанын, екіншіден, Қазақстаннан сыртқа қоныс аударатындарға арнайы қаржылық көмек көрсету туралы бап енгізілгенін байқайды.
Заңның басты мақсаты мен жекелеген аргументтер арасында қайшылықтар жетерлік. Сол себепті, ол баламалы заң жобасын жасау қажеттігін түсінеді. Сондықтан да, үкімет жобасы жұмыс тобының жетекшісі болудан бас тартып, өзінің балама жобасын жасауға кіріседі.
Сол кездерді күнделігіне: «Аптап ыстықта шөлдеген гүлді суарған сияқты, атажұртынан жыраққа кетіп, ғасырлық аңсары шерге айналған қандастарды атамекеніне қауыштыру дүниедегі ең үлкен бақыт» деп жазыпты. «Малды баққанға бақтыр, отты жаққанға жақтыр» демекші, депутат қасына отанға оралған, бауырлары Қайрат Бодауханұлы, Алмас Ахметбекұлы, Бабақұмар Қинаятұлы, Ботагөз Уатқан, Тұрсынхан Зәкенұлы, Рақым Айыпұлы, Досымбек Қатыранұлы, Нұрлан Зияханұлы, Керім Елемес, Нұрбек Халымұлы, Дина Бөлешова, Ақеділ Тойшанұлы және т.б. жинап, олардың ұсыныс тілектерін тыңдайды. Шеттен келген ағайындармен қоян-қолтық жұмыс істейді.
Көп өтпей балама жобаны да дайындап бітеді. Экс депутат сол кездерді былайша еске алады: «1997 жылдың 7 ақпан күні Парламенттің №5 залында мен ұсынған заң талқыланатын болды. Спикеріміз, марқұм Марат Оспановқа: «Бесінші залды ілеспе (синхронды) аударма жасайтын етіп жабдықтап берсеңіз. Себебі, мен «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасын қазақ тілінде жаздым және қазақ тілінде тақылауға ұсынамын» дедім. Заңды қазақ тілінде талқылау шынында керемет болды».
Керемет болатын да жөні бар, себебі, бұл Парламент тарихында қазақ тілінде талқыланған тұңғыш заң жобасы болатын. Алайда, үкімет өкілі заңды орыс тіліндегі нұсқасынсыз талқылау мүмкін еместігін, сондықтан, аударту қажеттігі туралы талабын қояды. Парламентте аударма бөлімі болғанымен, қазақшадан орысшаға аударатын маман табыла қоймайды. Көп қиындықпен жүріп, аудармашы тауып, балама жобаны аудартады. Іс мұнымен бітпейді, балама жоба екенін дәлелдейтін бірнеше ғылыми-зерттеу институты мен министрліктен қорытынды алу қажеттігі туады. Бұл тұрғыда Әкім Ысқақтың дұрыс қорытынды берген Ішкі және Сыртқы істер министрліктеріне, институттарға айтар алғысы шексіз. Әсіресе, Қазақстанның Даму институты бірінші болып үн қатып: «Балама жобада көші-қон жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары көрсетілген. Ал, Үкіметтік жобада бұл қарастырылмаған» деп екі жобаның басты айырмашылықтарын ашып береді. ҚР Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитет жобаны мемлекет мүддесіне сай келетін құжатқа теңейді.
Жоба мемлекеттік тілде болғандықтан, қазақ тілінде талқыланып, ілеспе аударма қатар жүреді. Парламент тарихында қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жұмысы алғаш рет осылай қалыптасады. 1997 жылдың 26-ақпан күні ҚР Парламент Мәжілісі Ә.Ысқақ жобасын депутаттар талқысына ұсыну туралы Қаулы қабылдайды. Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетке балама жобаны қарап шығып, қорытынды әзірлеу тапсырылады.
Балама жобаға бүкіл зиялы қауым немқұрайды қарамайды. Ә.Ысқақтың бағыты негізінен Елбасының көші-қон жөніндегі саясатын қорғау болатын. Ол – ұлттың мүддесі, мемлекет қауіпсіздігі, біртұтастығы, демографиялық ахуалы, тәуелсіздігімізді нығайту еді. Сондықтан да, алда көші-қон жөнінде Президентке тікелей бағынатын уәкілеттік орган құру міндеті тұрды. Осы жерде айта кетерлігі, Үкімет жобасындағы «отандастар» деген анықтаманы алып тастаудың маңызы зор болды. Себебі, анықтамада «отандастардың» – Қазақстанда дүниеге келген барлық ұлт өкілдері екені нақтыланып, олардың отандастар есебінде жағдайларын жасау көзделген. Үкіметтік жобада біріктіріп жіберген репатриант пен босқындар ара жігін ашып, бөлек-бөлек статус және репатрианттарға қазақша атау беру керек болды. Өйтпейінше, Қазақстанға соғыстан қашқан әлемдегі түрлі ұлт өкілдері, яғни, босқындарға жол ашылар еді.
Әрбір тақылаудан кейін қазақ тіліндегі жоба үстемдік ала бастайды. Бұл қарсыластар үшін оңай болмады. Содан олар түрлі айла-амалға да барады. Тіпті, «ҚазТАГ» арқылы «депутат Әкім Ысқақ ұсынған балама жоба қабылданбайтын болды» деген жалған ақпарат та таратады. Оны біраз ресми газеттер жариялап та жіберді. Мәлімет жалғандығы туралы Парламенттің баспасөз қызметі қосымша хабар беруге мәжбүр болады. Тілші жоба авторынан келіп кешірім сұрайды. Қарсыластары мұнымен де тоқтап қалмайды, оған «Аты шықты, балама заң жобасын қайтып алсын» деген де сәлемдемелер мен ұсыныстар жібереді. Жоба авторының мақсаты атын шығару емес еді. Бұл жерде тәуелсіздігіміздің қауіпсіздігіне қатысты принципті мәселелер тұрды. Сондықтан, ол «Балама заң жобаны қайтарып алайын. Тек мен ұсынған ұсыныстар үкімет жобасында көрініс табатын болсын» деген талабын қояды. Бірақ, бұған қарсыластар келіспейді.
Қоржындағы екі жоба 1997 жылдың 2 сәуір күні Президент жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесте қаралады. Кеңес жетекшісі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай. Министрге де, депутатқа да сөз беріледі. Қызу талқылау қорытындысында кеңес мүшелерінің дерлігі, атап айтқанда, Ә.Кекілбай, С.Зиманов, М.Қозыбаев, Ж.Әділдин, Е.Сағадиев, Г.Бельгер, А.Гаркавец, Н.Мамыров, Н.Оразалин сынды тұлғалар балама жобаны қолдайды. Соңынан олар Мәжіліске өздері қабылдаған ескертулері мен ұсыныстарын және стенограмманы ұсынады. Әсіресе, Кеңес мүшесі заңгер-академик Салық Зиманов 7 сәуір күні Мәжіліс төрағасына өз атынан ресми хат жолдап, онда балама жобаның артықшылығына тоқталады. Өз хатында: «Үкімет ұсынған заң шикі әрі құқықтық мәртебесі өте төмен, заман талабына сай емес» деп атап көрсетеді.
Академик Манаш Қозыбаев та: «Депутат Әкім Ысқақтың балама заң жобасының мәртебесі биік екені сөзсіз» деп Мәжіліске хат жолдайды. Іле-шала Н.Оразалин, С.Оразалин, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, Қ.Тұрсынқұлов, А.Жақсыбаев, Т.Медетбек бастаған бір топ қаламгерлер қол қойып, қуаттаған хат Мәжіліс пен Сенат төрағаларының атына келіп түссе, академик Әбдімәлік Нысанбаев та қос жобаны салыстыра талдау жасап, депутат ұсынған құжаттың ұлт мүддесі үшін дұрыс екенін дәлелдеп шығады. Тіпті, 1997 жылдың 8 сәуір күні Мәжілістің 35 депутаты қол қойып, барлық әріптестеріне үндеу тастайды. Осылардың ішінде өзге ұлт өкілдері де болды. Атап айтқанда, қарағандылық В.Громов, павлодарлық А.Шварцкопф, жезқазғандық П.Колесов, көкшетаулық В.Калюжный, т.б.
Сол тұста Парламент депутаты, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова да балама жобаның басымдылығын көрсетіп, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитет төрағасы Ө.Жолдасбековке ресми хат жолдап, «бұл құжаттың саяси және стратегиялық маңызы зор» деген байламын ашып айтады.
Көптен күткен күн де жетіп, 1997 жылдың 14 мамыры Мәжілісте Үкімет ұсынған «Көші-қон туралы» және Ә.Ысқақ ұсынған «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобалары қатар қаралады. Екеуінің біреуі ғана таңдалмақ. Қайсысы елімізге керек? Қажыгелдиндей Премьер-Министр мен 20 министр қол қойған Үкімет жобасы ма? Әлде депутат Әкім Ысқақ жобасы ма? Депутаттар қай заң жобасын қолдаса, сол өтпек.
Алғашқы сөз кезегі әдеттегідей Үкімет атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Н.Коржоваға беріледі. Ол үкіметтік жобада барлық ұлттың жағдайы қарастырылғанын тілге тиек етеді. Сөз кезегі Ә.Ысқаққа тигенде баяндамасын ұмытып, мінберге құстай ұшады. «Е Алла қолдай көр» деген ол еш қағазға қарамай: «Мен үшін шеттегі қандастарым өз туған жерінен алшақтап, бөгде елде жүрсе де, бүкіл қазақтың қазақы болмысы мен ана тілін бабалар аманатындай қорғап, ана әлдиіндей баға жетпес байлыққа балаған асыл жандар. Өзге халықтың Әнұранын тыңдап өссе де, ұрпағына ұлт тәлімін сіңірген бауырларымыз, елмен тербелген шөбінің сылдырынан қобыздың үнін ұлт сағынышындай ұғынған аяулы алтын ағайындарым олар менің!
— Ар жетім болар егер де,
Арыңды біреу лайласа.
Бақ жетім болар егер де,
Бағыңды біреу байласа.
Сөз жетім болар егер де,
Сөзіңе ешкім нанбаса.
Көз жетім болар егер де,
Көз қырын ешкім салмаса.
Сыр жетім болар егер де,
Сырласар досың болмаса.
Қыр жетім болар егер де,
Қырларға гүлдер толмаса.
Көл жетім болар егер де,
Аққу-қаздар қонбаса.
Адам жетім болар егер де,
Өз Отаны болмаса,
Қазақ жетім болар егер де,
Өз елінде өз перзенті болмаса!» – деп, бабалар мұрасынан жадында жатталып қалған сөздермен айшықтап екпіндей сөйлейді.
Залдағы депутаттардың көздеріне жас алып отырғанын байқайды. Өзінің де көзі жасқа толып кетеді.
Қызу талқылау басталып, дауыс беру нәтижесінде балама заң жобасына үш-ақ дауыс қарсы беріліп, өзгелері түгел қолдайды.
Мәжілістің сол кездегі Төрағасы, марқұм Марат Оспанов: «Бұл күн – тарихи оқиға. Бұдан былай бұл заң Әкім Ысқақтың заңы деп аталады», – деп бағалап, төрдегі орнынан түсіп келіп, артта отырған оның қолын алып, бүкіл депутаттың көзінше ақ тілегін айтады.
Түсіне білген жанға осының өзі үлкен жеңіс еді! Бұл бүкіл Қазақ Елінің жеңісі болатын!
Заң жобасы мұнымен бітпейді. Жеңіске жеткен талқылау жұмысы ар қарай тағы жеті айға ұласады. Бұл тәуелсіз ел тарихында бүкілхалықтық талқылауға ұсынған және ең ұзақ талқыланған заң жобасы ретінде белгілі. Жылға жуық қызу талқыланған жобаны Әкім Ысқақ Парламент қабырғасындағы 42 кеңейтілген отырыста, жүзге жуық жұмыс тобында қорғап, дәлелдеді. Нәтижесінде арада 11 ай өткен уақытта, ел астанасы Ақмолаға көшкенде, яғни, 1997 жылдың 13 желтоқсанында Елбасы осы заң жобасына қол қойды. Бұл Мемлекет басшысының Елорда төріндегі алғашқы қол қойған заңы болатын. Бұл тәуелсіздігіміздің де, Астана қаласының да тарихына алтын әріппен жазылған күннің бірі болды.
Әкім Ысқақ үшін де бұл өз өміріндегі өте бір ұмытылмас тарихи күн айналды.
Өткен күндерді саралап, парасат биігінен қарасақ, осы заңның арқасында 1997 жылдың 8 желтоқсанында Елбасының Жарлығымен Көші-қон және демографиялық агенттік құрылды. Осы Жарлықта Агенттіктің міндеті – көші-қон процесін басқару және халық санының өсуі жөніндегі саясатты қамтамасыз ету екені нақтыланды. Барлық облыста көші-қон жөнінде басқармалар құрылды.
Екіншіден, квота мәселесі және оралман кім, босқын кім, көшіп келуші кім, көшіп кетуші кім, ішкі көші-қон дегеніміз не, осының бәрі заң жүзінде нақтыланды. Бүгінгі таңдағы мәліметке жүгінсек, атамекеніне миллионнан астам қазақ оралыпты.
Бұл еңбегін автордың өз сөзімен түйіндесек: «Бұрынғы өткен бабаларымыз «Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды» депті. Немесе «Су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді» деп те айтқаны бар екен. Сол сияқты, «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, әр оралман менің бауырым. Қазіргі таңда осы бауырларымның қазақ руханиятына сіңіріп жүрген еңбектеріне қарап, әркез қуанып отырамын».
Әкім Ысқақтың бұдан да басқа елдің өсіп-өркендеуі жолында атап айтарлық еңбектері жетерлік, солардың ішіндегі біреуіне тоқталсақ, кезінде өзі туып-өскен ауданға таратылу қауіпі төнгенінде ауданды да, оның атауы Ордабасыны да сақтап қалды. Бүгінде Ордабасы Түркістан облысының белді аудандарының бірі және бірегейі.
Әкім Әбдіқайымұлының «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Алтыным» атты кітаптары мектептерде «Өзін-өзі тану» пәнінің қосымша оқулығы ретінде оқытылады. Әкім ақын немесе жазушы ғана емес, жоғарыда айтқанымыздай, халқымыздың біртуар сегіз қырлы, бір сырлы азаматы. Бірнеше салада өзіндік қолтаңбасы бар.
Бала Әкім мектепте оқып жүргенінде мұғалім болғысы келеді. Олай етуінің өзіндік сыры да жоқ емес. Атасы Сұлтан да, әкесі Әбдіқайым да мұғалім. Былайша айтқанда мұғалімдер әулетінен шыққан баланың ата жолын қуғысы келгені де заңдылық. Алайда, адамда арман таусылған ба, өсе келе ол журналист болуды армандайды. Қашан да адамның емес Алланың жоспары жүзеге асатыны ақиқат. Мектеп бітірерден екі жыл бұрын сүйікті атасы өмірден озып, әкесі оң-солын толық танып үлгермеген ұлын алыс шаһарға жіберуге жүрегі дауаламайды. Білімді «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанын» құп көріп, оны Шымкентте оқуға үгіттейді. Осылайша болашақ маман Шымкент педагогикалық институтының физика, еңбек, жалпы техникалық пәндер мамандығына құжатын тапсырады.
Қаншалықты қиын сала болғанымен бозбала осы жолдың арманына алып баратынына сенеді. Сенімі алдамады. Мұғалімдік жолда жүріп-ақ, бір кездері арман болған әдеби ортаға да енді. Бойда бар туа бітті қабілеті қай жағынан болса да қатарынан қалдырмады. Институтта алған білімі бойынша мектепте он жыл мұғалім болды. Физика, еңбек, тіпті, жазу-сызудан да талай өреннің талантын ашып, тәрбиеледі. Кейіннен Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай бітірді. Қай салада жүрсе де қаламы қолынан түспеді. Қандай қызметте отырса да іргесін жастардан аулақ салмады, олардың шақырған жерінен еш қалмады. Бұл тұрғыда Әкім Ысқақ «Мен жастардан көп нәрсені үйренемін. Олармен сырласқанды жаным сүйеді. Сұрақтары өте қызық, ой салады» дейді. Қазақ қаламгерінің бұл сөзі орыстың әйгілі жазушысы Н.В.Гогольдің «Жазушының бір ғана ұстазы бар, ол – оқырман», — деген ұлағатты ойымен үйлесім тапқандай.
Жазушының басты бақыты – оқырманының көп болуында десек, Әкім Әбдіқайымұлы бұл жағынан бағы жанған қаламгер. Оның басқа шығармаларын айтпағанның өзінде «Ұлыма хат» атты қанатты сөздерінен бастау алып, кейіннен фейсбук жеке парақшасында жалғасын тапқан «алтыным» деп басталатын әрбір сөзін, әр оқырманы жеке өзіне арнағандай қабылдайды. Содан болар, мүлде көріп-білмесе де жазушының жаны әрбір оқырманымен жақын. Тек қазақтар емес, өзге ұлт өкілдері де Әкім ағаның «алтыным» деген әрбір жазбасын асыға күтеді. Өздеріне күш-қуат, өмірлік сабақ алады. Адамдық жылы сөздерді жақындарынан ести алмай, әлеуметтік желі арқылы Әкім Ысқақ жазбаларынан тапқан жандардың, тіпті, ватсаб желісінде «Әкім аға және тілеулестері» чатын ашуы да ұстаз-қаламгердің әрқашанда оқырмандарымен бірге екенін көрсетеді.
Ағаның күн сайынғы «Қайырлы таң алтындарым» деген әрбір аудио жазбасы қазіргідей індет жайлап, әрі-сәрі күйге түсірген күмәнді күндері тек тілеулестерге ғана емес, жаны жүдеген жалпы, жұртшылыққа дем беруде десе де болады. Әкім Ысқақ ел басына күн туған, қиын, сын сағаттарда да қарап отырған жоқ, бұқараға жар салып, жарияламай-ақ, жақсылығын жасауда. «Алтынымның» әрбір жалғасы ізгілікке толы, жақсылыққа, адамгершілікке тұнып тұр. Тығырыққа тірелегенге бағыт-бағдар, жүдегенге жарық, күйзелгенге күш-қуат, үміт береді. Әрбір көңілге тек жақсылық дәнін себеді. Жазушы әрбір оқыманының сұрағын жауапсыз қалдырмайды. Барлығына уақыт табады.
Бүгінгідей адамға-адамның көңіл бөлуі сиреп, әркім өзінің мұң-мұқтажымен жеке қалған қиын-қыстау заманда жан-жағынан жылу, сүйеніш іздегендер балға үймелеген арадай жақсылық жаршысының маңайына үйіріледі. Жақындарына айта алмаған сырларын Әкім ағаға айтады. Ақыл-кеңес сұрайды. Сондай жауапты жазбаларынан мысал келтірсек: «Алтыным! «Қуаныш болмай кетті өмірде» дейсің. Күнде таңертең ең жақын адамыңды құшақташы, бетінен сүйші, жақсы сөзіңді арнашы. Сонда қуанышың көбейеді, бақытың артады. Шаттық деген содан басталады. Біле білсең, алыстан іздеген Бақытың — қимас адамыңды бағалау ғана ғой!» немесе «Алтыным! Адамның амандығын білу де ғанибет. Кез келген жанды бекерге іздемейсің ғой. Сағынасың, уайымдайсың. Бұл да адами қасиеттің, жақсылықтың белгісі деп білемін. Адамдар бір-бірін іздемесе, сағынбаса мына дүниені қараңғылық басып кетер еді. Сенің бар болғаның қандай жақсы! Жақсы сөз де, жақсы жаңалық та ізгілікті жүрегі бардан шығады, олар кек сақтамайды».
«Алтыным!
Байлығың болса да, досың болмаса қиын.
Ақшаң болса да,
Көңіл-хошың болмаса қиын.
Біреу араласар туыс таппайды,
Біреу бар туысына жақпайды.
Біреу өзгені туғанындай қадірлейді,
Біреу туғанын кемсітіп, жәбірлейді,
Ағайынның қадірін білмейді,
Қайта қызғанып, көре алмайды, күндейді.
Біреу қайғыра береді, қуанбайды, күлмейді.
Біреу өмірге ғашық, шаттанып, гүлдейді.
Неге көп адамдар,
Өмір-сыйласу екенін білмейді?
Бес күн жалғанда
Сыйласып неге жүрмейді?»
Әкім Ысқақтың оқырмандарымен сыр-сұхбаты осылай жалғаса береді.
Тағы да кейіпкеріміздің өзін сөйлетсек: «Адамға ең бірінші сенім керек. Сенімді жоғалтпаған жөн. Мысалға, әлеуметтік желілерде оқырмандарым менен ақыл-кеңес сұрап жатады. Көбісі сенімін жоғалтып алған. Ал, сенімді, үмітті, іштегі жалынды өшірген адамның адам болып қалыптасуы өте қиын. Себебі, жүректегі адамдық сәуле – өміріңнің мағынасы. Мысалға, сәуле жарық түсіріп тұрады. Ал, сенім жолыңның дұрыс-бұрыстығына жол сілтейді. Сүрініп кетсең де, қайта бас көтертеді. Жастардың осалдығы тез шаршап қалады. Бір жігіттен көңілі қалса, жігіт атаулыны жек көріп кететін қыздар бар. Мен әзілдеп ешуақытта «лампочкаларыңды» сөндірмеңдер деймін. Қандай жағдайда да көңілдің жарығы жанып тұруы керек. Бір өшіріп алсаң, өзіңді тастап жіберсең, адамның ең үлкен жауы басқа емес өзі болып қалады. Өзін-өзі жей береді, қажиды. Сонымен тұңғиыққа түсіп кетеді. Ал, өзін-өзі құтқара алмаған адам – нағыз бейшара. Құдыққа түсіп кетіп, әрекет етпей, шыға алмаймын деп сонда қалып кеткенмен бірдей. Өмірге құштарлығың жоқ болса, соқырдың қолына шырағдан бергенмен бірдей».
«Тіріні өлтіретін де сөз, өліні тірілтетін де сөз» — деп ғұлама Ә.Науаи айтқандай, мұндай адамға ой саларлық, терең пәлсапалық, мағыналы жазбаларға сусындаған жандардың теріс көзқарастан оң бағытқа бірден бұрылары айдан анық.

Түймегүл ИБАШЕВА.