ҚОЛДАНЫСТАҒЫ 145 АЯЛДАМАНЫ ДЕМОНТАЖДАУ НЕГЕ КЕРЕК?

немесе Шымкенттің шалғай елді мекендері жаңа дүниеге лайықты емес пе?

Қазіргі таңда Шымкент көшелеріне 260 аялдама орнатылуда. Олардың барлығы біркелі емес. Екі түрлі үлгіде жасалған. ТИП-20 және ТИП-22. ТИП-20 үлгісіндегі аялдаманың ТИП-22-ден айырмашылығы көлемінің аздығында және екі жағының темірмен қапталатындығында. Бұл жұмыстар аяқталатын болса, Шымкенттегі аялдамалар саны 1082-ге жететін болады.
Бұл туралы мәліметті бізге Шымкент қалалық жолаушалыр көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бақыт Шайх мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, дәл осы жаңадан орнатылатын 260 аялдаманың 145-і бұрын орнатылған аялдамалар орнына қойылатынын айтты. Ал демонтаждалған 145 аялдама қаланың «Өтеміс», «Шапырашты», «Қайнарбұлақ», «Забадам», «Бозарық» және т.б. орталықтан қашық жатқан шалғай ауданарына қойылатын болады.
Шымкент қалалық жолаушалыр көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бақыт Шайх 260 аялдама орнату, демонтаждау және одан кейінгі жұмыстардың барлығы үшін бюджеттен 536 млн. теңге қаралып жатқанын айтты.
Осы ретте қала орталығындағы 145 аялдаманы алып, оның орнына жаңасын қойып, ескісін шеттегі елді мекендерге орнату қаншалықты қисынды деген сұрақ туады? Халық игілігіне жарап тұрған аялдаманы алып, оның орнына жаңасын орнату еріккеннің ермегіне көп ұқсайтын тірлік сияқты. Және шалғайдағы елді мекендерге қолданыстағы дүниені ұсыну «кәрі қыз ер таңдамайды, құзғын ас таңдамайды» деп емеурін танытқандай әсер қалдырады екен. Біле білсек, Шымкенттің Қазақстанның үшінші мегаполисі атануына дәл осы шалғайдағы қарақұрым халық арқылы қол жеткіздік емес пе? Ендеше оларды облыстан қосылған ауыл деп емес, Шымкенттің дербес қала мәртебесін алатын күнінің ауылын тез келтірген елді мекен ретінде неге ерекше құрметпен қарамаймыз?
Шымкент қалалық жолаушалыр көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бақыт Шайх біздің «Шымкентке әлі қанша аялдама қажет?» деген сұрағымызға бұл бағытта толық есептеулер жүргізілмегендіктен нақты санын білмейтінін ашып айтты. Ал кейбір деректерде биліктің Шымкенттің шалғай елді мекендеріне әлі 1200 аялдама қажет екенін хабарлағаны туралы ақпараттар берілген. Мұның өзі аялдамаларды орнату мәселесі әлі 4-5 жылға жалғасатынын аңғартады. Сонда алдағы жылдары шалғайдағы елді мекендерге аялдамалар орнату қажеттілігін іске асыру кезінде дәл осы жылғыдай қолданыстағы дүниелер ұсынылады ма?
Көбіне көп Шымкенттегі шалғай елді мекендерде шешімін күтіп отырған мәселелер арбаның бесінші доңғалағы іспетті назардан тыс қалып келеді. Ісіне ұқыпты үй иесінің тек есігінің алдын ғана сыпырып, жиып қоймай, бұрыш-бұрышты да тазалайтыны сынды, әкім де халық ағыны қалың орталықты ғана емес, шалғай елді мекендерді оңалтуға келгенде қажетті екпін танытып, тиісті бақылау жасаса құба құп болар еді…

С. НҰРАЙ.