ҒАРЫШТАН ТҮСІРІЛГЕН ФОТОЛАРДЫҢ ТҰНЫҚТЫҒЫ ЖОҒАРЫЛАП КЕЛЕДІ
Еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірінші жартыжылдықтағы ғарыштық мониторинг қорытындыларын жариялады.
Ғарыштық мониторинг ел территориясында 1114 жабайы қоқыс алаңы бар екенін анықтап берді. Стихиялық қоқыс үйінділерінен бөлек, ғарыштық мониторинг арқылы бүгінде жалпы ауданы 350 мың шаршы шақырымнан астам ауыл шаруашылығы алқаптарының пішіні өзектендіріліп, шамамен 19 млн. гектар дәнді дақылға арналған егістік алаңы анықталды. Бұдан бөлек ғарыштан түсірілген суреттер арқылы орман ағашын кесудің 1104 полигоны қаншалықты заңға сай жұмыс істеп жатқанына талдау жасалды. Ғарыштық мониторинг кезінде 87 мыңнан астам термальді нүкте белгілі болды және 1073 өрт оқиғасы тіркелді. Өртенген аумақтың ауданы 650 мың гектардан асады.
Ведомства ғарыштық мониторинг кезінде түсірілген фотолардың барынша сапалы болуын қамтамасыз етуге де екпін берілгенін мәлімдеді. Соған сәйкес жыл басынан бері 12 геосервис жұмысы өзекті етілді. Сөйтіп 3,5 мың бірлік немесе 1,5 млн. шаршы шақырым тұнықтығы жоғары ғарыш түсірілімдері ұсынылды. Сондай-ақ, орташа ажыратымдылықтағы суреттер саны 75 бірлікті немесе 440 мың шаршы шақырымнан асты.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіның ғарыштық мониторинг жұмыстарының нәтижелері мемлекеттік органдардың өз жұмысында қолдануы үшін мамандандырылған геосервистерге жүктеледі. Бұдан басқа, деректерді қалпына келтіріп, толықтыру үшін жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерімен салыстыру тұрақты жүргізіледі.