ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕУ БАРЫСЫ ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ МЕ?
Ағымдағы жылдың наурыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мамандардың еңбекақысы миллионға жететінін мәлімдеген болатын. Соған сәйкес індетпен күресте қауіптілігі жағынан бірінші санатқа жатқызылатын дәрігерлердің еңбекақысына ай сайын 850 мың теңге, екінші топтағыларға 425 мың теңге, үшінші топтағыларға 212 мың теңге үстемеақы қосу туралы шешім шығарылған.
Бұдан бөлек, медицина қызметкері коронавирус жұқтырған жағдайда оған 2 млн. теңге, ал аурудан көз жұмған жағдайда 10 миллион теңге өтемақы төлеу қарастырылатыны да шегеленген.
Кешегі аптада елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің бас дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирусты жұқтырған дәрігерлерге ақшалай өтемақы төлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
Оның сөзінше бүгінге дейін республикада аурумен күрес жұмыстары кезінде COVID-19 жұқтырған 500-ден астам медицина қызметкеріне 2 миллион теңге өтемақы берілген екен. Өз кезегінде ол Денсаулық сақтау және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің бірлескен бұйрығына сәйкес өтемақы төлеу коронавируспен қатар, вирустық пневманияны жұқтырған дәрігерлерге де берілетінін еске сала кетті.
Бас санитар дәрігер өтемақы берудің механизмін де түсіндіре кетті. Дәрігерге өтемақы төленуі үшін өңірлік комиссиялар төлемге үміткер әр медицина қызметкерінің құжаттарын денсаулық сақтау министрлігіне ұсынады. Мамандандырылған ведомствода тексеруден өткеннен кейін құжаттар еңбек және халықты әлеуметтік министрлігіне жолданады. Өз кезегінде аталған ведомство мамандары төлем жөнінде шешім қабылдайды.
Сондай-ақ Айжан Есмағамбетова дәрігерлерге өтемақы беру туралы комиссияның жұмысы жалғасуда екенін айтты.