Созақтың тұлпарлары

Халқымызда «Ер қанаты-ат» деген нақыл сөз бар. Сан ғасырлардан бері ата-бабамыз Қамбар атаның тұқымымен бірге жасасып келеді. Осынау ұланғайыр өлкемізді батырларымыз аттың жалында жүріп қорғады. Жылқы қазақ үшін мінсе көлік, ішсе сусын, кисе киім, жаугершілік заманда жанына жалау болған. Жылқысыз қазақ халқының тарихын елестету мүмкін емес. Баласын «құлыным» деп еркелететін дана ұлтымызда жылқы туралы жырда, мақал-мәтелде, аңыз әңгімелерде жетіп артылады. Алпамыс батырдың Байшұбары, Кендебайдың Керқұласы, Ақанның Құлагері, Ер Тарғынның Тарланы, Қобыландының Тайбуырылын батырлар жырынан оқып, біліп қанығып өстік. Халық ауыз әдебиетінде Қамбар атаға:

 

Тағы бір тілек тілейін,

Шын бергенін білейін,

Өңкей ала шұбардан,

Жал құйрығы шұбалған.

Айғырды бер байсалды.

Үйірі толған байталды,

Өңке мама биемен,

Сауған сайын иіген.

Желіні сүтін тыймасын,

Көнекке саусақ сыймасын.

Ұзара берсін желісі.

Кеңи берсін өрісі.

Қоғалы көлді жайлаған,

Қоғаның басын шайнаған.

Шыңғыртып асау құлынды,

Қыл арқанмен байлаған.

Қиқу салып айдаған.

Ел көшкенде балалар,

Кең өртеңді жайлаған.

Қуғандарға жеткізбей,

Қашқандарды қоймаған.

Жылқышы ата баласы,

Жылқы бассын үйіңді!

Жылқы басса үйіңді,

Жимай бассын үйіңді!-деп баталы тілек арнаған.

Халқымызда кісі аттары да жылқы түлегінен алынған. Ел ішінде Дөненбай, Дөнентай, Құнанбай, Қамбар, Жылқыбай, Жылқыайдар, Тайбек, Тайтелі, Тайбасар, Таймахан, Тайжан, Құлыншақ сияқты есімдер жиі кездеседі.

Жылқыны жеті қазынаның бірі санаймыз. Киелі жануар өзін жақсы көретін адамға қашаннан адал болған. Жаугершілік заманда жаралы немесе соғыста қаза болған иесін соғыс даласында тастап кетпегенін талай кітап, журналдардан көріп оқыдық.

Қаламгер, шежіреші жерлесіміз Есіркеп Өмірбековтің (марқұм) «Шежірелі өлке» кітабында Созақ өңіріндегі тұлпарлар жайлы білетін деректерінен аз-кем келтіре кетеді. «Теріскей елінде бәйгенің алдын бермей, жарысқанын шаң қаптырған небір дарабоз жылқылар болған. Олар әйбике Таласбайдың торысы, тәңірберді Керімбектің торы ала аяғы, көшей Қойбақтың торысы, дәулеткелді тама Бейсенбінің торысы, найман Ахмет ишанның торқасқасы, тама Тұрғанбайдың күреңқасқасы, саңғыл Дүйсебайдың Тайқасқасы, қыпшақ Қаппардың көкқасқасы, тәңірберді Бердібектің жетімқасқасы деген жүйрік жылқылар болған.

Қазан төңкерісінен бұрын «Ақболаттың ақ шиі» деген жерде найман Төрегелдінің әкесінің асында Керімбектің торы ала аяғы бәйгенің бас жүлдесін алады.

Қазақ елінде ат сыншылары аз болмаған, келтіре кетсек дәуіті Қыздарбек, саңғыл Назар, сәтек Рысбай, жиембет Керімбек, жабал Әжібек, құрақ Ізбала сияқты сыншылар бір көрген жылқысын бірден сипаттап беріп отырған.

-Тәует бас, құлжа мойын, қақпан бел, бота тірсек, түлкі қарын, бөкен сан, құлан тұяқ,- деп сырттай түр тұлғасын сипаттауымен қатар жылқылардың сыншылар көзіне байқала бермейтін өзгеше қасиеттері де болады екен.

Жүйріктің басы етсіз, жақ сүйектің арасы кең, төбе сүйегі шошақтау, төсі төмен, омырауы жазық, мойны ұзын, бел омыртқасы шамбал, қысқа сүбелігі шығыңқы, қылдығы төмен, жіліншіктері жуан, сіңірлі, тұяғы шұңғыл, қалың келеді. Осы мүшелерінің көбі жасырын тұрады да елене бермейді, Сондықтан да «Жүйрікте сын жоқ» делінеді. Аттың шалағайлығы міністе. Таң атқан кезде күші бар ат тартпасын керіп тұрады, әлсіз ат кіндігі жоғары тартылып тартпалығы босап, терін үге алмай, қабысып қалады-деген екен Толыбай сыншының ұрпағы Тыныс сыншы».

Теріскей өңірінде көптеген бәйгенің алдын бермеген небір арғымақтар болды. Солардың бірі аты республикамыздан тыс Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сияқты шет мемлекеттерге қанық болған «Господин» атты сәйгүлік.

Созақ ауылының тұрғыны Шаяхметов Досымет баптаған бұл жылқы көптеген бәйгелерде бас жүлдені қанжығасына бөктерген болатын. Шолаққорғандық Тұрмаханов Абай деген азамат 1990 жылдан бері ат бәйгесімен айналысып келеді. Жартытөбелік Майусов Әбілжаннан алған «Сарықасқа қырғыз торысы» ауданда өткен Республика күні, Жеңіс күні мерекелеріне арналған бәйгелерге қосып жүлделі орындардан көрініп жүрді. Әбекең 1999 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданынан арнайы барып 4 таза қанды жылқы тұқымын әкелген болатын.

Абайдың «Барысы» 7 рет бәйге орын алды.

Ысқақ баптың асында 3 орын иеленсе, құнан кезінде созақтық еңбек ардагері Сағындықов Колхоздың 70 жасқа толу мерейтойында 1-орынды жеңіп алып, «Запорожец» автокөлігін иеленеді.

Одан кейін Барыстан бір жас кіші «Қарақыз» атты биесі де жеті рет бәйге иеленіп, «байтал шауып бәйге алуға болатынын» дәлелдеген еді.

Созақ өңірінде Төреханов Аманкелді, Қамшыбеков Қасымбек, Жақаев Мырзағали, Отарбаев Серік, Шаяхметов Досмет атты ат бапкерлері, Байғараев Бейімбет сияқты ат құмар азаматтар ауданның ат спортын дамытуда сүбелі үлес қосты.

Жамбыл бабамыздың 150 жылдығына арналған тойдың үстінде түркістандық атбегі, Манастың 1000 жылдығына арналған (Түркіменстаннан аттың басы жіберіліп, Қырғызстанда мәре сызығынан көрінетін) 1000 шақырымдық додада сәйгүлік аты бесінші орын алған Серік Нұрпейісов деген азамат былай деген еді.

-Соғыс жылдары Созақ ауданында аудандық партия комитетінің ұйымдастыруымен үлкен той өтеді. Бұл тойдың бәйгесіне облыстардың намысын қорғап жүрген кілең жүйріктер қатысады. Менің әкем Нұрпейіс бәйге ат ұстаған атбегі, әрі аттың сынын білетін кісі еді. Өзінің жүйрігін бәйгеге қосып тұрып, атшабар баласына Созақ ауданынан қосылғалы тұрған «Сарықасқаны» көрсетіп, бәйгеге жіберетін жерге жеткенше осы баламен сөйлесіп бар.

Аттарды жіберген соң 2-3 шақырымнан кейін «аттарды біраз жіберіп алайық» деп 10 шақырымдай екпіндетіп шабуға көндір, сонда ғана атың бірінші болып келеді, ал оны көндіре алмасаң ол бірінші; сен екінші болып келесің деп шығарып салады.

Айдама бәйге құм жиегінен жіберіліп, «Тау бауыры» маңынан мәре ретінде арқан керілсе керек. Түркістандық шабандоз баланың айтқанына ілескен Созақтың «Сарықасқасындағы» атшабар бала 10-15 шақырымынан кейін атының қара тер болып барлығып, түркістандық жүйріктен қала бастағанын байқап, атынан түсе қалып жаяу 2-3 шақырым жетектеп жүгіріп отырады да, атына қайта мініп, озып кеткендердің қуа шауып, бірінен соң бірінен басып озып, мәреге 4-5 шақырым қалғанда барлық аттан оқ бойы озып, бірінші орынды иеленеді. Әкем осы әңгімені айта отырып ат ұстағың келсе Созақ жақта сол «Сарықасқадан» тұқым қалған болуы керек, «Созақтың сары қасқасынан тұқым ал!» деген еді. Әлгі Абай ағамыздың «Сарықасқасы» осы жүйріктің тұқымы шығар деген ой келеді.

Ауданда өткен мерекелік шаралар кезіндегі бәйгеде көптеген тұлпарымыз бәйгенің алдын бермей жүрді.

Олар шолаққорғандық Т.Әлтаевтың торысы, созақтық К.Аязбаевтың күрең қасқасы, қарабұлақтық Н.Жұмашовтың сүлік қарасы, созақтық У.Абдуллаевтың күрең төбелі мен О.Таңатаровтың қаракері, жуантөбелік Ж.Шекербектің кері төбелі, созақтық О.Байназаровтың қаратөбелі, С.Мұстафаевтың буырылы, Бейімбет Байғараевтың торысы, шолаққорғандық Е.Асқаровтың қаракері, Қ.Қамшыбековтің буырылы, Мұрат Сапаровтың шыбын қарасы, Г.Аңдасовтың қаракері, Ә.Қауынбаевтың күрең қасқасы секілді сәйгүліктер 30 шақырымдық аламан бәйгеде жүлделі орындардан көрінген еді.

Шолаққорғандық атқұмар Нұрсейітов Айтжан деген азаматтың да иелігіндегі бәйге аттары аудан тұрғындарына жақсы таныс.

Оның «Құлагер» атты тұлпары 2000 жылы Созақ ауылындағы өткен Наурыз мерекесінде 1 орын (өгіз), Шолаққорған ауылында 9 мамырда 1 орын (100000 теңге), 2001 жылы күз айында Түркістан қаласында дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайында өткен 30 шақырымдық аламан бәйгесінде 4 орынға ие болған сәйгүлік. 2001 жылы Созақ ауылындағы Наурыз мерекесінде 1 орын (60 000 теңге) иеленсе, «Намаз» атты бәйге жылқысы Ұлы Жеңістің 60 жылдығында 1 орын алады.

«Айқасқасқа» атты тұлпары 2005 қараша айының 5-ші жұлдызында «Бағдат» атшабарының ашылуына арналған аламан бәйгеде «Жигули» автокөлігін жеңіп алады.

«Айқасқаның» әкесі «Брек» деген айғыр. Ол Луговой атты жылқы зауытынан шыққан жылқы. Арғы тегі Ресейден шыққан «Кастет» атты таза ағылшын тұқымынан шыққан тұлпар.

Әйгілі Господиннің баласы «Алтынқасқа» 2 рет 1 орын, 2 рет 3 орын, иеленді. Сонымен қатар ол 2011 жылы көршілес Жамбыл облысының Байқадам ауылында 1-орын (100 000 теңгені) жеңіп алады. «Алтынқасқаның әкесі «Господин», енесі Шымкент қаласындағы ипподромнан шыққан «Толқын» атты таза қанды ағылшын биесі. «Баққасқа», «Аянторы», «Ажар», «Садақ» атты бәйге құнан, тайлары 2005-2006 жылдары тек бірінші орын алып отырды. «Баққасқа» мен «Айқасқа» «Брек» деген айғырдың балалары. Осы аттардың барлығының бабын тауып баптай білген атбегі Оңдыбаев Зейнәбіл атты азамат. Зейнәбіл 1969 жылы Қаратау ауылы, Сарыжаз елді мекенінде туылған. Әкесі Оңдыбай мен атасы Тілеуқабыл ат баптаған атқұмар кісілер болған екен. «Әке көрген оқ жонар» демекші Зейнәбіл жастайынан жылқы баласын танып өсті.

Бүгінде Зейнәбіл «Баргузин» атты құнанды суытып жатыр. Оның әкесі «Баргузин» дүниежүзіне танымал айғыр болған. Әлемде осы тұқымнан 14 айғыр бар. Қырғыз елінің үш дүркін чемпионы. «Баргузиннің» әкесі «Резидент». Оны қырғыз елі Ресей жылқы зауытынан алған. «Баргузиннің» енесі «Багрияна» атты тұлпарлардан туған жылқы. «Баргузин» жарыстарға қатысып демалысқа шыққанан кейін қырғыз елінің атқұмар бапкерлері Қырғызстанның бұрынғы Президенті А. Ақаевқа сыйға тартқан екен. Президент отставкаға шыққаннан кейін Луговой ауылының жылқы құмар жігіттері тау асырып алып келеді. Луговой ауылының аумағында «Баргузин» төрт жыл үйірде болып ұрпағы талай рет Жамбыл облысының аламан бәйгелерінде жүлделі орын алған сәйгүліктер.

Шолаққорғандық атқұмар Нұрсейітов Айтжан 2010 жылы қарашай айының 15-ші жұлдызында Созақ ауданы Шолаққорған ауылына Луговой ауылының жылқы құмар жігіттерінен алып келіп екі жыл үйірге салып жақсы таза қаны бар биелерден жарысқа қатысатын жүйрік тұқым алуға әрекет етеді.

Созақ өңіріндегі жылқы аттарымен байланысты Тайқоңыр, Тайсойған, Айғырұшқан, Мыңжылқы сияқты жер-су аттары бар. Аудан орталығындағы мәдениет сарайы «Мыңжылқы» деп аталады. Ауданымызда мал шаруашылығын, оның ішінде жылқы шаруашылығын дамытуда Әлібаев Бөрғазы, Бөрғазиев Көштен, Дәуітов Жұбай сияқты азаматтар Социалистік Еңбек Ері атанып, кеуделеріне алтын жұлдыз тақты. Міне, ұлтты ұлықтаған, ұлыстың туының құламауына тірек болған жылқы баласына Керей мен Жәнібек хандықтың туын тіккен Созақ өңірінде Қамбар ата тұқымының құрметіне еңселі ескерткіш орнатса да артық болмас еді дейтінбіз. Ескерткіш орнатылды десек те болады. Созақ ауылына кіре беріс жолдың сол қапталына Қарнақбаев Ербол есімді жерлесіміз тұлпардың ескерткіш мүсінін тұрғызды. «Қызыл сеңгір» етегіндегі далалық табиғи бәйге бөктер алабын алдағы уақытта заманауи үлгіде безендіріп, тамаша демалыс орнына айналдыру мақсаты да ойында бар екен. Созақ ауылының әкімі Батырхан Аяповтың айтуынша ірлегі бастама ілкімді істердің бірегейі болмақ.

Ел-жұрт, атқұмар халқымыз бар да ұлттық спортымыз, салт-дәстүріміз мәңгілік ғұмыр кешеді. Созақ тұлпарларының тұяғы мұқалмасын, тұқымы сарқылмасын!

Бұл әңгімені қолдағы бар деректермен жаздым. Жалпы ел ішінде бұрын-соңды бәйгелерге қатысқан Теріскейден шыққан жылқылар, ат сыншылары, атбегілер туралы білетін, естіген азаматтар болса редакцияға хабарласуын сұраймыз.

 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,

Созақ ауданы.