Ақ халаттыларға алғысым шексіз

«Аттың жақсысы арбада, ердің жақсысы айдауда»,- демекші, дәрігердің жақсы- жаманы сыналатын шақта тұрмыз. Әлем бір үлкен өзгерістің алдында демін ішінен тартып, «уһ» деудің алдында тұрғандай. Дәрігер науқасымен, науқас та ауруымен сыналып жатқан алмағайып заман.

 

Жай уақытта еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ақ халатты жанды көрсе, оның дәрігер екенін бірден аңғаратын. Себебі, ақ халатты басқа да бірлі- жарым кәсіп иелері де кигенмен халық тек дәрігерлердің символындай түсінетін. Сол үшін де ел ішінде «ақ халатты абзал жандар» деген ұғым пайда болған. Кешегі, коронавируспен, пневмониямен ауырып ауруханаға түсіп, дәрігерлердің үнемі мутацияға түсіп отыратын бұл вирустың алдындағы дәрменсіздігі мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен отандастарымыздың жүздеп жан тапсыруы ақ халаттыларымыздың биігін мүлдем аласартуға шақ қалған еді. Осы бір алакеуім шақта мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі араласып, осы келеңсіздікке жауапты шенеуніктерді орнынан алып, қадағалауды күшейтуінен соң, медицина саласына жан кіргендей болды. Оның үстіне өз кәсібін сүйетін, білімі мен білігі бар дәрігерлер де жаға тағайындалған министрге дейін шығып, бұл індетпен күресудің өздері сынақтан өткізген тәсілдерін ұсынуымен жағдай реттеле бастады. Құдайға шүкір қазіргі таңда аурудың беті бері қарап, адам шығыны да азайды. Бұған әрине, алыс- жақын шетелдерден гуманитарлық жолдармен келіп жатқан ИВЛ аппараттары мен тиісті дәрі-дәрмектердің де әсері мол болды. Десек те, лайықты болған бағасын беруіміз қажет ақ халаттыларымыз таудай табандылық танытып, жанкештілік көрсетуде. Айлап, апталап бала-шағасының жүзін көрмей, науқастардың өмірі үшін күресіп бағуда.

Мен маусым айының соңғы аптасы, 27 күні кешкі қарай қатты тұмауратып, ыстығым көтерілген соң жедел жәрдем шақыртқан едім. Шақыртумен келген алғашқы көмек көрсетуші медқызметкерлер жедел жәрдем көлігімен Таукент поселкесіндегі ауруханаға апарып жатқызды. Өйткені, бүгінгі таңда коронавирус, пневмония ауруларының белгісі барлардың дені көпшілігі сонда барып ем алуда. Содан, Алма Мейрамбековна басқаратын Таукент  ауруханасының дәрігерлері  «өкпе қабынуы» деген диагноз қойып, ынты- шынтыларымен емдеуге кірісіп кетті. Ем алған 10 күн бойына дәрігерлер мен медбикелер тік тұрып қызмет жасады. Дәрі- дәрмектері де жеткілікті болды. Тіпті, 3 мезгіл ыстық тамақтарының өзі науқастардың еміне шипа боларлықтай дәмді әрі дер кезінде даяр болып тұрды. Себебі, дәрі- дәрмектің көмегі өз алдына науқастың ағзасының ауруды жеңіп шығуы үшін күшті тамақтарға мұқтаждығы бар. Ең бастысы, науқастарға дәрігерлер мен медбикелердің ыстық ықыласы, білімі мен білігі аса қажет. Осының барлығы ауруханада тиісінше жеткілікті болып тұрғандықтан, бас- аяғы он күннің ішінде қалай болар екен деген күдік сепкен сырқатымнан құлан таза айығып шықтым. Міне, осы себепті де  білім-білігі толысқан, кішіпейіл дәрігерлер мен медбикелерге ризашылығымды білдіріп, аталық алғысымды айтамын. Бас дәрігер Алма Мейірбековаға; дәрігерлер: Оспанов Нұрлыбекке, Бексейіт Еркебұланға, Мұрат Оразалұлына, Бектаев Нұрболға; медбикелер: Байдуллаева Замираға және Атжанова Шолпан мен Кертаева Ләззаттарға риашылығым шексіз!

«Нағыз дос сапарда және сауда да сыналады демекші, мына індет шынында да ақ халатты абзал жандарымыз үшін үлкен сынақ болды. Бақшаға еккен көкөністерді арам шөбінен айырғандай жағдайлар да орын алды әрине. Дегенмен, көпшілік дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз үстеріне киген символдары, ақ халаттарының хақысын берді. Абзал жандар деуге лайықты іс істеді. Президентіміздің өзі соғыс жағдайына теңеген мына алапат жағдайда үнемі алдыңғы шепте болды. Отбасынан жырақта, бала-шағаларының күлкісіне жете алмай, айлап, апталап өмірлерін ауруханалардағы қиын жағдайда өткізуде. Тіпті, бірсыпырасы өз өмірлерін бәйгеге тігіп, індет жұқтырып, нәтижесінде шейіт кетіп жатты.

Міне, осы жанкештіліктері үшін барша халық болып, қолымызды көкірегімізге қойып тұрып құрметімізді танытып, ақ халатты абзал жандарымызға алғсымызды айтсақ аз. Күні-түні сырқаттанған жақындарымызға дұға еткеніміздей, дәрігерлер мен медбикелердің отбасы, денсаулығы үшін дұғада болғанымыз жөн!

 

Егізтай ЕСПАЕВ,

Созақ ауданы,

Жарты төбе

ауылының ақсақалы.