КӨРШІ ЕЛДЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

 

Қарғыстың ең жаманы «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген. Дәл қазіргі таңда Түркіменстандағы жағдайға көз салсаңыз осы сөз еріксіз ойға түседі. Себебі, ол елдің билігі елде коронавирус пен пневмонияның барын мойындамай отыр. Орталық Азия жаңалықтары елдегі №1 қалалық аурухана науқастарға лық толғанын хабарлайды. Емдеу орнына тоқтаусыз түсіп жатқан сырқаттардың барлығына өкпе қабынуы диагнозы қойылған. Қарқынды терапия бөлімінде күніне шамамен 50 адам көз жұмады. Ал ДДСҰ өкілдері Түркіментсанда болған 10 күн уақыт ішінде елде КВИ бар екенін растай алмаған. Дей тұрғанмен, індеттің жоқ екеніне де көз жеткізбеген. Бірақ ұйым өкілдері ел Үкіметіне коронавирус бар болғанда жасалатын шараларды қолға алуға кеңес берген.

Індет іргесінің таралуы кеңейе түскен наурыз айынан бастап Түркіменстанда КВИ жұқтырғандар байқалған. Бірақ ел билігі оны мойындамаған. Тіпті «коронавирус» сөзін айтуға тыйым салғаны белгілі. Елде коронавирустың бары туралы дәлелдер жеткілікті болғанмен мемлекет індеттің ауада жүргенін мойындамай әлек. Басты шайқататын Түркіменстан билігінің бұл қылығының арты неге апаратынын уақыттың өзі көрсетеді.

Коронавирус пен пневманияның күрт өсуінен дәрі-дәрмектердің заңсыз сатылуы Қазақстанда ғана емес, көрші Өзбекстан елінде де орын алды. Осы айдың ортасын ала ел президенті Шавкат Мирзиёев елде КВИ-ге қарсы дәрілер тапшылығын мойындап, тиісті органға препараттардың үш айлық қорын жасау туралы тапсырма берген болатын. Бірақ әлі күнге дейін Президент тапсырмасының нақты нәтижесін ел тұрғындары сезініп жатқан жоқ. Елде әлі күнге дейін дәріханаларда вирусқа қарсы препараттар жетіспейді. Кешегі аптада елдің Бас прокуратурасы вирусқа қарсы дәрілердің көпшілігі «қара базарда» сатылып жатқанын анықтаған. Заңсыз айналымдағы дәрілер нарықтағы бағасынан 20 есе қымбат бағада босатылған. Көлеңкелі экономиканың көрігін қыздырғандар тұрғындар шарқ ұрып іздеп жүрген дәрілерді саудалауда Telegram’ды жиі пайдаланған.

Шілде айында Қазақстанға бірнеше елден коронавирусқа қарсы дәрілер мен дәрілік бұйымдар гуманитарлық көмек ретінде жолданған. Көмек жолдаған мемлекеттер қатарында Өзбекстан Республикасы да бар. Өз кезегінде ол елден келген гуманитарлық көмек топтамасына жарты миллионнан астам стерилді хирургиялық қолғаптар, 100 мыңға жуық нитрилді қолғаптар тиелген. «СҚ-Фармация» ЖШС-нің сайтында аталған көмек елімізге 5-шілдеде келгені көрсетілген. Одан соң 9-шілдеде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн- брифингте 500 млн. теңгеге Өзбекстан Республикасынан індетке қарсы дәрілер сатып алынатынын мәлімдеген болатын. Бұл ақпараттар онсызда дәрі тапшылығын тартып отырған Өзбекстан халқына ұнай қоймаса керек, әйтеуір 18-шілдеде Өзбекстан билігі дәрі-дәрмек экспортына тыйым салды. Ал 21-шілдеде Ташкентте коронавирустан үйде емделіп жатқан науқастарға тегін дәрілер беріле бастады.

Ал «ауруын жасырған өледі» деген принципті ұстанып, коронавирус пен пневманияға шалдыққан науқастарды бірге есептеуді көп ойланбай әлдеқашан бастап кеткен Қырғыз Республикасында эпидахуал алаңдатарлық. Елде вирус жұқтырғандар саны 33200-ден асқан. Вирусқа шалдыққандардың арасында дәрігерлердің үлесі мәз емес. Мәселен, елде 2500-ден астам медицина қызметкері ауру жұқтырған.

Бұдан бөлек, елде жедел жәрдем көліктерін сатып алу қолға алынуда. Техникалар жол ережесін бұзғандары үшін салынған айыппұлдар жиналған қаражат есебінен алынады. Негізінен аталған мемлекетте жол ережесін бұзғандары үшін төленген айыппұлдар есебінен техникалар алу туралы мұндай шешім өткен жылдың шілде айында хабарланған. Бірақ ол кезде жедел жәрдем көлігін сатып алуға жұмсалатын шығын көлемі 35 млн. теңге деп көрсетілген. Кешегі аптада елдің Премьер-министрі Қубатбек Боранов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жедел жәрдем көліктерін 145 млн. сомға алуды тапсырды. Жедел жәрдем қызметі көлігіне бағытталған қаржының күрт көбеюі елдегі эпидахуалға байланысты екені айтпаса да түсінікті.

Қырғызстанға тән бұл проблема Қытай елін айналып өткені қашан. Коронавируске әлдеқашан тойтарыс беріп үлгерген ашық аспан астындағы мемлекет өткен аптада Марс планетасына «Тяньвэнь-1» автоматтандырылған планетааралық станциясын ұшырды. Ағымдағы жылдың 23-шілдесінде ұшқан станция 2021 жылдың 11-ақпанында Марсқа жетеді деп болжануда. Миссия мақсаты – Марстағы тіршілік ізін зерттеу. Сонымен қатар адамзаттың планетаны колонизациялау (мекендеу) мүмкіндігін қарастыру болып табылады. Егер миссия сәтті өтсе, ғалымдар планетаның атмосферасын, рельефін, магнит өрісін және басқа да ерекшелігін тексере алады. Қытайдың Марсты зерттеу туралы бұл қадамы 2017 жылы Күн жүйесін зерттеу жөніндегі ауқымды жоспарының бір бөлігі болып табылады. Қытай билігінің алға қойған жоба жоспарлары сәтті жүзеге асырылып жатқанмен, елдің сыртқы саясатына қатысты жоспарлары ырғақты жүзеге асып жатқан жоқ. Аузын айға білеген алпауыт АҚШ Уханьнан тараған у яғни, тәжтажалды Пекин жеке мүддесіне пайдаланды деп айыптаудан айныған жоқ. Қытайға коронавирус індеті туралы шындықты жасырды, адам құқығын бұзды және киберқарақшылықпен айналысты деген кінарат тағып отырған АҚШ 23-шілдеде Хьюстондағы Қытай консулдығын жапты. АҚШ -тың бұл әрекеті әлем елдерін қатты таңырқатты. Көп ұзамай 24-шілдеде Қытай Вашингтонның бұл әрекетіне жауап ретінде АҚШ-тың Чэндудегі консулдығын жабуды бұйырды.

Осылайша екі елдің қырық жылдан бергі дипломатиялық қарым-қатынасына сызат түсіп отыр. Шілде айының басында ҚХР СІМ басшысы Ван И. АҚШ Қытайды объективті және парасатты мемлекет ретінде қабылдауға келеді деп үміттенетінін жасырмаған болатын. Сонымен қатар, Бейжің әлемдік аренада Вашингтонның орнын иеленуге тырыспайтынын айтқан.

Бірақ АҚШ Қытайдың үмітке толы бұл үніне құлақ аспаған сыңайлы.

Ал Ресей Федерациясында өзгелердің назарын аударған ең басты жаңалық ол Хабаровск қаласында орын алып жатқан наразылық акциясы. Ондаған мың адам қатысқан акцияның мақсаты – Хабаровск қаласының бұрынғы губернаторы Сергей Фургалды қайтадан орынтаққа отырғызу болып табылады. Қазіргі таңда Фургал қамауда. Билік оны бірнеше жыл бұрын болған бұзақылық әрекетке қатысы бар деп сотқа тартуда. Оның орнына өлкеге 20-шілдеде Госдумада ЛДПР атынан депутат болып отырған Михаил Дегтярев келген. Бірақ ол шеруге шыққан тұрғындармен бетпе бет кездеспеген. Алайда оның әрекетіне жергілікті тұрғындар аса бас қатырып жатқан жоқ. Олар билікке Фургал сотын Мәскеуде емес, Хабаровскіде өткізуге, соттың әділ түрде шешім шығарып, оның қайтып келуін талап етуде. Халық Сергей Фургалды соншалықты қорғауының сыры неде? Ол аталған аймаққа басшы болған екі жыл ішінде шенеуніктердің еңбекақысын қысқартты. Үнемделген қаржы есебінен мектептегі балалар тағамының рационын байытты. Сыбайластыққа қатысты сандеректің азаюына білек түріп кірісті. Шен-шекпенділердің бизнесін тартып алып, оны мемлекет меншігіне өткізді. Халыққа жаны ашитын азамат екенін сөзбен емес, нақты іспен көрсетуінің арқасында тұрғындар оны қызғыштай қорғап, қолдап жатыр. Әдетте халық қаласа хан түйесін соятыны белгілі.