ШЕТЕЛДЕН КЕЛГЕН КӨМЕКТІҢ ТАРАТЫЛУЫ САЙТҚА ШЫҒАРЫЛДЫ

 

Пандемияға байланысты Қазақстан Республикасына өзге елдерден гуманитарлық көмек ретінде келген дәрілер мен медициналық бұйымдардың қай өңірге және қандай көлемде жолданып жатқанынан кез келген тұрғын хабардар бола алады. Гуманитарлық көмектің өзге өңірлерге қалай үлестіріліп жатқаны туралы мәліметтер «СҚ-Фармация» ЖШС сайтының «Халық бақылауы» бөлімінде орналастырылған.

Бұл ашықтық ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысымен жолға қойылып отыр. Агенттік елімізге келіп жеткен көмектерді бөлу мен таратудың ашықтығын қамтамасыз ету арқылы медициналық препараттар мен бұйымдарды жымқыру, қайта сатуға жол бермеуге қол жеткізілетінін алға тартады.

Өз кезегінде агенттіктің Парасат департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы көлеңкелі экономиканың жолын кесуге көп үлесін қосатын бұл жаңалықты жұртшылыққа таныстыру бағытында ұйымдастырылған онлайн баспасөз мәслихатында «Сovid-19-ға қарсы күреске бағытталған шетелдік гуманитарлық көмекті бөлу процесі жұртшылықты тарта отырып бақылауға алынды. Гуманитарлық көмекті сүйемелдеу барысында агенттік қызметкерлері денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық мекемелердің қызметкерлерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қаптамаларда «Гуманитарлық көмек – тегін» мөрі қойылды. Бұл жұмыс тауарды одан әрі мақсатсыз пайдалану тәуекелін төмендетеді», — деді.

Бүгінде елімізге Катар, ҚХР, Біріккен Араб Әмірлігінен келген гуманитарлық көмек сүйемелденген. Ал Ресей, Өзбекстан, ДДСҰ, Түркия және Германиядан келген гуманитарлық көмек тасымалдау кезеңінде тұр.

«СҚ-Фармация» ЖШС сайтында жарияланған дереккөздерге сүйенсек, еліміз шетелден гуманитарлық көмектерді наурыз айынан бастап қабылдаған.

Шілде айының өзінде Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Германия, Чехия сынды елдерден көмектер келген.