ЖОСПАР ЖҮЙЕСІЗ ДАЙЫНДАЛҒАН БА ӘЛДЕ ЖҰМЫС ШИКІ ОРЫНДАЛҒАН БА?

Ағымдағы жылдың сәуір айында елімізде жекелеген санаттағы азаматтарға коммуналдық қызметтер үшін екі ай бойына 15 мың теңге өтемақы берілетіні жарияланған болатын. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғындардың коммуналдық қызметтерге төлейтін ақысының мөлшерін азайту бағытында жүйелі шаралар қабылдау туралы тапсырмасы аясында қолға алынған.

 

Өз кезегінде бұл көмек төтенше жағдай кезінде карантин құрсауында отырған көптеген тұрғындарға үлкен жеңілдік болғанын да жасырып, жабуға болмас. Алғашында аталған өтемақы жекелеген санаттағы азаматтарға, атап айтқанда 1, 2, 3 топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, ҰОС мүгедектері мен қатысушылары, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары, төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлердің атына тіркелген дербес шоттарға ғана аударылатыны айтылған. Кейіннен яғни, мамыр айының ортасын ала еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Соған сәйкес, аталған санаттағы азаматтармен бірге тұратын азаматтар да 15 мың теңге өтемақыға өтінім бере алатыны ескертілді. Осыған сәйкес Үкімет республикалық бюджеттен (алдын ала есеп бойынша) 49 млрд. 342 млн. 830 мың теңге бөлген. Өз кезегінде кең пішіліп бөлінген бұл қаржы ел аумағындағы 1,6 млн. нан астам тұрғынның екі айдағы коммуналдық қарызын жабады деп жоспарланған.

Шымкентте аталған өтемақыны алу үшін әкімдік жанынан арнайы құрылған www.communal-komek.kz ақпараттық жүйесіне 21-сәуірден бастап 25-маусымға дейін 34 171 өтініш келіп түскен. Оның ішінде мақұлданған өтініштер саны 22 236-ны құраған.

Бұл туралы жуырда Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов мәлімдеді. Ол келтірген деректерді негізге алсақ, 22236 өтінім бойынша коммуналдық қызмет көрсету мекемелеріне аударылатын қаржы көлемі 667 млн.теңгеден асатынын есептеу қиын емес.

Бірақ Төлепов ұсынған деректерге сүйенсек, бұл бағыттағы жұмыстардың әлі аяқталмаған сыңайлы.

Қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ғ. Төлепов «Ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен өтініштер негізінде біз мамыр айында 8333 адамның дербес шоттарына 250 млн. теңге қаржы аудардық. Маусым айында 9233 адамның дербес шоттарына 277 млн теңге аудардық. Осы жолданған 17566 адамның бүгінгі таңда мамыр айында жолданған қаржының көрсеткіші мамыр айында жолданған түбіртектерде көрсетіліп, маусым айында таратылды. Ал қалған маусым айында жолданған қаржының көрсеткіші маусымның түбіртектерінде көрініп, шілде айында таратылады. Ал қалған 4670 адамдардың дербес шоттарына осы шілде айында 140,1 млн. теңге аударылады. Қаржының көрсеткіші шілде айына жазылған түбіртектерде көрсетіліп, тамызда беріледі»,- деді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің отандық БАҚ-қа ағымдағы жылдың 21-сәуірінде ұсынған дерегі бойынша Шымкент қаласында 15 мың коммуналдық өтемақыны алатын азаматтар саны 50 мың адам, бөлінетін қаржы сомасы 1,5 млрд теңге болатыны көрсетілген еді.

Бірақ Шымкент әкімдігінің сол кезде ұсынған деректері министрлік берген мәліметпен мүлдем қабыспады. Қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлы ағымдағы жылдың 21-сәуірінде ақпараттық-коммункациялық орталық алаңында өткен онлайн-баспасөз жиынында «Қазіргі таңда Шымкентте коммуналдық қарыздарды төлеуге берілетін 15 мың теңге өтемақыны алатын азаматтардың қатары 100308 адамға жетеді деп белгіленіп отыр. Бұл үшін жергілікті билік коммуналдық қызмет көрсету компанияларына 3 млрд. теңге қаржы төлеуді жоспарлап отыр»,- деп атап өткен.

Алайда бұл болжаммен нақты орындалған жұмыстың айырмашылығы жермен көктей дерсің.

Сонда жоспар жүйесіз дайындалған ба әлде жұмыс шикі орындалған ба? Бұған қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек не дер екен?

 

А. САТЫБАЛДЫ.