«ҚАЙЫР СҰРАУ ҮШІН ОСЫ ЖЕРДІҢ ЕДЕНІН ЖУҒЫЗАДЫ…»
Жерасты өткелінде алақан жаюдың өз «ережесі» бар ма?
Шымкентте күйіп тұрған мәселелер өте көп. Соның бірі жерасты өткелдері. Бұл тақырып айтыла, жазыла жауыр болғанмен, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқаны шындық. Неге екені белгісіз тәулігіне мыңдаған адам жүріп өтетін жерасты өткелдерінің маскүнемдердің аяқ созып аялдайтын, қайыршылардың алақан жайып отыратын орнына айналғанына көп жұрттың көзі, қоғамның еті үйреніп кетті. Ал ол жерлерде тазалық деген асыл қасиеттің сақтала бермейтіні бәріне аян. Бұл қаншама кісінің қауіпсіздігіне кепіл болатын сол нысандардың күні бұрын тозып бітуіне әсерін тигізетіні сөзсіз. Шымкентте Темірлан тасжолының бойындағы «Бекжан» базары аумағындағы жерасты өткелі сондай қауіптің бел ортасына жетіп қалды деуге әбден болатындай.
Үлкен жолдың астынан салынған өткелден жиі өтеміз. Бірақ соңғы кездері ол жердің тазалық дегеннен адыра қалғанын мына кадр көрсетіп тұр. Баспалдақтарға жапсырылған тастардың материалдардың сынып, мүжіліп жатқаны құрылыстың тас ғып орындалмағанын немесе өнімнің сапасыздығын айқын көрсетіп тұр. Өткелден өтсеңіз қолқаны қабатын иіс мұрныңызды жарады. Мұндай жағымсыздыққа шошқа тірлікті ар санамайтындардың әрекеті көп кесірін тигізіп отыр. Шетін жәйт болса да айтайық өткелдің бір бұрышын кейбіреулер әжетханаға айналдырып тастаған. Қарап отырып қаның қайнайтын осы жерде бесіктен белі енді шыққан баласын алып қайыр сұрап әйел отыр (суретте).
Мынандай эпидемиологиялық жағдай кезінде қызы мен өзінің денсаулығына «қауіп» тігіп, карантиндік шектеулер мен заңды белден басып отырғанын ол кісі жақсы хабардар. Бірақ күйбең тірліктің қамы үшін осылай қарекет етіп келеді. Ақжарқын (авт. есімі өзгертілген) бұл келіншек бірнеше айдан бері жерасты өткелін жанбағыс орнына айналдырып жүргенін былай деп түсіндірді.
– Қызым екі жастан енді асты. Бұл үшке толғанша мен жұмыс істей алмаймын. Оған дейін еден жуу, ыдыс жуу сынды күнделікті жалдамалы жұмыспен күн кешіп келгенмін. Бұдан бөлек тағы бір қызым бар. Ол ата- анамның үйінде. Ай сайын 30 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек аламын. Бірақ ол түкке де жетпейді. Сондықтан да осылай қайыр сұраймын.
Кісі есігін жалдап тұратын жалғызбасты келіншек бізге тағы бір келеңсіз кері кеткен көріністің бетін ашты. Ол қандай дейсіз бе? Жерасты өткеліндегі дүңгіршек саудагерлері қайыр сұрауға бел буған келіншектерді былай шақырып алып, «осы жерде отыратын болсаңыздар туннелді толық жуып, тазалап отырасыздар» деп талап қояды екен. Саудагерлер қайыр сұрайтын келіншектерге мұндай талапты не үшін қояды? Олардың өткелді өз меншігендей етіп, өзгелерге пәрмен беруінің себебі не? Бұл оларға жоғарыдан келген бұйрық па әлде керісінше мүлдем бақылаудың жоқтығы ма?
Алтынай өз ісінің заңсыз екенін жақсы біледі. Бұл әрекетінің заңға қайшы екенін тәртіп сақшылары айтып, түсіндірген. Бірақ құлақ аспаған. Айқайға басып, отырған орнынан қозғалмаған. «Енді қайтемін. Мемлекет берген 30 мың теңгеден басқа кіріс жоқ. Әкімдіктен көмек сұрасақ, АСП аласыңдар деп қайтарып жібереді» дейді.
«Уақыт».
P.S. Шымкентте осыған ұқсас жағдайдың мың мысалы кездеседі. Бірақ солай екен деп жүре берсек тағы болмайды. Сондықтан да Шымкент қаласы, Абай ауданы әкімдігі көмекке аса зәру азаматтардың тізіміне осы келіншекті де қосып қойғанын (авт. құжаттағы есімі мен ЖСН нөмірі желідегі парақшаларыңызға жеке жолданады) сонымен қатар, мұндай аз қамтылған азаматтардың арасында қайыр сұрау емес, қарекет етуге баулитын шаралар ұйымдастыруды қолға алғанын сұранар едік.
Ал Шымкент қалалық полиция департаменті туннелдегі саудагерлердің қайыр сұрайтын әйелдерге айналаны сыпырып, сиырып жүру туралы тапсырма беруіне қатысты тиісті шаралар ұйымдастырғанын жөн деп санаймыз.
Ал қаланың автомобиль және жолаушылар жолдарына жауап беретін мекеме өткелдің тазалағына қатысты шараларды күн тәртібіне енгізсе нұр үстіне нұр болар еді.