БАСҚАРМА ЖАНАШЫР БАСШЫҒА ЖАРЫМАЙ ТҰР МА?
Шымкент қаласы денсаулық сақтау саласы басшылық ететін басшыға жарымай-ақ қойды. Осы жылдың наурыз айының басында басқарма басшысы қызметін атқарғанына 11 ай уақыт енді толатын Асхан Байдувалиев өз еркімен қызметінен кетті. Бұл кезде коронавирус кеселі әлемнің 98 елінде тіркеліп үлгеріп, індетті 100 мыңға жуық адам жұқтырған еді. Бірақ сол кезде Шымкент билігі былай тұрсын, Қазақстан Үкіметі Уханьнан тараған індет іргесін дәл осылай кеңейтіп, елімізді әуре-сарсаңға түсіреді деп үш ұйықтаса да түсіне кірмеген болатын.
Сондықтан да қала халқы Шымкенттегі денсаулық сақтау саласының екі шылбыр, бір тізгіні сеніп тапсырылған Асхан Байдувалиевтің аяқ астынан қызметтен кеткеніне «өткелде ат ауыстырмайды» деп емес, кезекті ауыс-түйіс деп қабылдады. Сөйтіп басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы қызметіне оған дейін басқарма басшысының орынбасары болған Тимирхан Варзилов тағайындалды. Сол кезде біз аталған басқармаға басшы тағайындау сол уақыттағы өлшем бойынша жылдар бойы басшысыз қалып отырған білім басқармасының кебін кимесе болғаны деп айтқан едік.
Көп ұзамай шамасы бір айдан асқан соң бұл орынтаққа Руслан Албаев келді. Ол басшы болып бекітілмесе де, басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы ретінде қолына билік алды. Бұған дейін Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жанындағы №2 көпсалалы облыстық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып келген Руслан Қуанышбекұлы осыдан тура бір апта бұрын өз еркімен қызметінен кетіп тынды. Содан соң өз қызметіне орала қойғанына көп уақыт өте қоймаған Тимирхан Варзилов басқарма басшысы міндетін уақытша атқарушы қызметіне қайта жайғасты. Осылайша жұрт Руслан Албаевтың Шымкенттің денсаулық сақтау саласының дамуына қалдырған қолтаңбасын көру былай тұрсын, өзін танып үлгере алмады.
Арқадан алдыртқан маман қызметінен өз еркімен кеткеннен соң-ақ, «Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы 52 млн. теңге жымқырды деген күдікке ілінді» деген ақпарат тез тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің баспасөз қызметі қыруар қаржыны қымқырды деген бұл күдікке қаладағы №1 клиникалық аурухананың бас дәрігеріде ілігіп отырғаны хабарланды. Құзырлы орган олардың 2019 жылы S-класты оториноларинголог дәрігерінің жұмыс орны үшін жоғары құнмен құрал-жабдықтарды сатып алу арқылы бюджеттік қаражатты жымқырды деген күдікке ілігіп отырғанын хабарлады. Және тергеу мүддесі үшін өзге ақпараттар жария етілмейтінін алға тартты. Ведомстваның қыруар қаржы қай жылы жымқырылғаны туралы екшеп өтуінен кімнің басына қара бұлт үйіріліп отырғанын болжауға да болатындай…
Бұл дерек күн тәртібіндегі мәселесі көп болып отырған денсаулық сақтау басқармасына басшы болғандардың қызметтен өз еркімен аяқ астынан кетуінің ар жағында бір кептің барын анық көрсетіп отырған сыңайлы.
Қ. ҚАЛИЕВ.