ШЫМКЕНТТЕ ЭПИДАХУАЛ АЛАҢДАТАРЛЫҚ
Шымкентте маусым айынан бастап пневмания, ЖРВИ мен коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейді. Мәселен, ағымдағы жылдың 1-маусымындағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 320 төсек орынға негізделген 3 провизорлы орталық жұмыс істеген. Ал 7-шілдедегі көрсеткіш бойынша қалада 26 провизорлық орталық жұмыс істеуде. Ол жерлерде барлығы 3010 төсек-орын ұйымдастырылған. Тиісінше жұқпалы ауруханалардағы төсек-орны да көбейтіліп, олардың саны 650-ге жеткізілген.
Онда 1-маусым мен 7-шілде аралығында 1640 науқасқа ем-дом көрсетілген. Оның ішінде 1276 науқас коронавирус жұқтырғандар.
Маусым айының алғашқы күнінен бастап 7-шілдеге дейін пневмания сырқатымен 6340 адам тіркеліп, олардың 95,6 пайызы ауруханаға жатқызылған. Бүгінде науқастардың 60 пайызы емделіп шыққан. Сонымен қатар аталған мерзім ішінде қалада 12 мыңға жуық адам ЖРВИ-ге шалдыққан. Оның 535-і ауруханаға жатқызылып, 86 пайызы сауығып шыққан. Күндізгі стационарларда күніне орта есеппен 2000 науқас қамтылуда. Жедел жәрдем қызметіне 1-маусымнан 6-шілдеге дейін келіп түскен шақырту саны 59 925-ке жеткен. Яғни, шақырту саны 2 есеге өсті. Осыған байланысты «103» диспетчерлік қызметтердің саны ұлғайып, оған қоса Call-орталығы (109, 1430) іске қосылды. Жалпы бүгінге дейін қаладағы жұқпалы аурулармен ауырған азаматтарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында 56 мобильді топ құрылып, нәтижесінде 10 341 науқасқа қызмет көрсетілді.
Коронавирус жұқтырғандар осы аралықта күрт өскен. Ағымдағы жылдың 1-маусымындағы жағдай бойынша қалада 867 коронавирус жұқтырған азамат тіркелсе, сол уақыттан бастап 7-шілде аралығында індетке шалдыққандар 2729 адамға бір-ақ жеткен.
Кешегі аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда қалыптасқан қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған баспасөз жиынында осылай деді.
Өкінішке орай қалада COVID-19 вирусын жұқтырғандар әлі де азаяр емес. Ағымдағы жылдың 13-шілдесіндегі жағдай бойынша қалада вирус жұқтырғандар саны 4067 адамға жеткен. 2242 науқас емделіп шыққан. Қайтыс болғандар 24 адам.
Қазіргі таңда қаладағы медициналық мекемелерде 323 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Оның 130-ы портативті. Сонымен қатар 250 «Бобров» тыныс алу аппараты мен 10 монитор алынған. Қалалық әкімдіктің резервінен коронавирусқа қарсы шараларға 1,8 млрд. теңге бөлінген. Оның 854 млн. теңгесі материалдық-техникалық базаны күшейтуге бағытталған.
Осы деректерді айта келе қала әкімі медициналық мекемелерге қажетті техникалық қор жеткілікті екенін айтты. Соған қарамастан алдағы уақытта аса қажетті техникалық құралдар кезең-кезеңімен сатып алынатынын жеткізді. Бұл үшін қалалық бюджеттен 5 млрд.теңге қаржы бағыттау жоспарланған. Қыруар қаржыға қосымша ИВЛ аппараты, басқа да құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер сатып алынбақ.
Қазіргі таңда Шымкентте 569 медициналық қызметкер КВИ жұқтырған. Олардың 143-і дәрігер болса, 258-і медбике, 128-і басқа персонал болып табылады. Індет жұқтырғандардың ішінде 129 адам Түркістан облысының медицина қызметкері болып табылады.
Бүгінде Шымкентте 730-дан астам дәріхана тіркелген. Қазіргі таңда олардың 560-ы жұмыс істеуде. Бірақ жұрт дәріханалардан іздеген дәрісін таба алмай сабылып жүргені белгілі. Билік бұл мәселені реттеу үшін қажетті тетіктерді қолға алуда. Соған сәйкес, қалада дәріханалық ұйымдарды дәрілік заттармен қамтамасыз ету, дәрі-дәрмектерді заңсыз сатуды алдын алу, емдеу курсына бір қолға берілетін дәрі-дәрмектердің санын шектеу, рецептілер бойынша емдеу курсына рецептуралық дәрі-дәрмектерді сату бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Қалада дəрілердің бағасын тұрақтандыру үшін құрылған 4 мониторингтік топ бүгінге дейін 50 заң бұзушылық фактісін анықтаған. Заң талаптарын бұзғандарға тиісті әкімшілік шаралар көрсетілген.
Өз сөзінде Мұрат Дүйсенбекұлы қалада дене қызуын төмендететін дәрілер, вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктердің бір айлық қоры бар екенін мәлімдеді.
Осы ретте мамандар дәрігердің тағайындауынсыз қабылданған дәрі-дәрмек ағзаға зиянын тигізуі әбден мүмкін екенін ескертетінін айта кетейік.