АҚЫЛ ОЙ АЛЫБЫ АБАЙҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ

 

Түркістан облысы, Кентау қаласындағы қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш орнатылды. Қаладағы Абай даңғылы бойына орнатылған еңселі ескерткіш Ұлы ақынның 175 жылдығына орай бой көтеріп отыр. Ескерткіштің ашылу салтанаты 6-шілде Елорда күні қарсаңында ұйымдастырылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына Кентау қаласының әкімі Д. Мақажанов, кентаулық зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдары қатысты. Олар қаладағы негізгі көшенің бойынан еңселі ескерткіштің орнатылуын қолдап, жылы лебіздерін жеткізді. Жас ақындар ұлы ақынға арнап арнаулар айтты. Биіктігі 4,5 метр ескерткіш 3 метрлік тұғыр тасқа орнатылған. Жалпы ескерткіштің биіктігі 7,5 метр, салмағы 3 тонна. Нысанның авторы мүсінші – Бауыржан Жалын.

Тағылымды шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қатысты. Кентаулық зиялы қауым өкілдері мен тұрғындары жиналған шарада Сәкен Қалқаманов лентасы қиылған нысанның жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті. Ол алдағы уақытта ескерткіш орнатылған алаңда кентаулық жас өскіндердің Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа айтудан, қара сөздерін оқудан жарыстар ұйымдастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар ол, жиналған жұртты Нұр-Сұлтан қаласының туған күнімен құттықтап, Елордамыздың барлық қазақстандықтар үшін жөні бөлек, жосығы ерек мекен ретінде мерейі үстем бола беруін тіледі.

Елорда күніне орай моноқалада «Ұстаздар аллеясы» ашылды. Жаңа нысан ұстаздар құрметіне арналып отыр. Адамдар аллея алаңына келген бойда-ақ әріп танытып, қалам ұстатқан ұлағатты ұстаздар қауымын есіне түсіреді. Себебі, ондағы орындықтар сызғыш, өшіргіш, бор секілді мектеп құралдарының кескінімен жасалған. Ал жарық шамдары қаламсап ретінде орнатылған. Кітап қойылған ескерткіштің авторы сызу пәнінің мұғалімі – Нұрлыхан Ахпамбетов.

Сонымен қатар, «Еріктілер жылына» орай шаһардағы «Жастар саябағы» күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Онда велотрек, теннис корты, футбол және баскетбол алаңдары бар. Алдағы уақытта саябақ жастардың басын қосатын орынға айналмақ.