ТҰРМЫСТАҒЫ ЖАНЖАЛ ЖАҚСЫЛЫҚҚА АПАРМАЙДЫ
Биыл елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жылдағы көрсеткіштен бірнеше есеге өскен. Өткен айда еліміздің ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жыл басынан бергі республикадағы криминогендік ахуал бойынша есеп беру жиыны кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 25 пайызға өскенін алға тартты. Ведомства басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға құқықтық, психологиялық көмек көрсететін дағдарыс орталықтарының шұғыл желі нөміріне адамдардың қоңырау шалып, көмек сұрауы төтенше жағдай кезінде күрт көбейгенін мәлімдеді.
Осы жылдың ақпан айының соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов соңғы үш жылда 7 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелгенін мәлімдеген болатын. Бірақ бұл мәлімдемеден соң жағдай жақсара қоймағаны осы санаттағы деректердің арта түскені көрсетіп отыр. Айтпақшы, еліміздің ішкі істер министрі түрмыстық зорлық-зомбылық бойынша ерінің езгісіне тап болған әйелдер еліміздегі дағдарыс орталықтарына шағым түсірген кезде барлығы бірдей полицияға жүгіне бермейтінін, тек 10 адамның 2-уі ғана құқық қорғау органына арыз түсіретінін жеткізді. Мұндай деректер күнгейде көп тіркеледі. Олар күйеуінің үстінен шағым түсірсе, отбасына орала алмай қаламыз деп қорқатынға ұқсайды.
Бұл деректі Шымкенттегі «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы мамандары да қуаттайды. Орталықтың адам саудасының алдын алу бойынша жоба жетекшісі Раушан Худайшукурованың бізге берген мәліметтеріне сүйенсек осы жылдың бес айында орталыққа тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған 216 адам хабарласқан (Телефон: 8 (7252) 55 12 00). Бұл туралы ол «Мәселен, қаңтарда бізге тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған 20 адам хабарласса, ақпанда -32, наурызда -29, сәуірде-44, мамырда-49, маусымда-42 адам хабарласқан. Бізден қолдау күткен әйелдер Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары. Өз кезегінде орталықтағы мамандар оларға құқықтық, психологиялық, әлеуметтік бағыттар бойынша көмек көрсетеді»,-дейді. Әдетте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болғандардың басым көпшілігіне құқықтық көмектер көрсетіледі. Мұның өзі отбасында әйелдер қауымы құқының тапталып жатқанынан хабар береді емес пе?
Қазіргі таңда елімізде 22 дағдарыс орталығы бар. Бұл орталықтар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зәбір көрген әйелдер, балалар мен қариялардың уақытша бас сауғалайтын орны болып табылады. Солардың бірі Шымкенттегі «Самғау сенім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Өкінішке орай, әлімдік пандемияға байланысты аталған орталыққа наурыз айынан бастап отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбандары болған жандар орналастырылмауда. Бірақ мекеменің директоры Айнұр Қарымсақова орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қабылдамағанмен ондай жағдайға тап болған барлық қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, бағыт беретіндіктері айтуда. Бұл туралы Айнұр Ахметбайқызы:
– Онлайн түрде психологиялық, құқықтық көмек көрсетіледі. Бұл үшін қызмет алушылар тәуліктің кез келген уақытында 150 ұлттық бірыңғай сенім телефондарына тегін хабарласа алады. Немесе www.telefon150.kz сайтына хабарласуына болады. Ол жерде қызмет алушыларға психологиялық және құқықтық көмекпен қатар, учаскелік инспекторлардың, дағдарыс орталықтарының және басқа да қажетті ұйымдардың байланыс телефондары ұсынылады. Әрбір қоңырау шалған адамға мамандар көмек көрсетеді. Негізінде орталықта 70 адамға арналған жатын орын бар. Бұл жерге көбіне көп әйел адамдар балаларымен орналастырылады. Қазіргі таңда бізде екі әйел балаларымен жатыр. Жуан жұдырығын ала жүгіретін күйеулерінен зорлық көрген. Олардың тамағы, жатын орны барлығы мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі,-дейді.
Сонымен қатар ол, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек ер адамдар тарапынан бола бермейтінін, әйелдер жағынан да ағаттық кететінін жасырып, жабуға болмайтынын тілгі тиек етті. Ал «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себебі не?» деген сұраққа орталық директоры «Отбасындағы кикілжіңнің ушығуына түрлі жағдайлар түрткі болады. Маскүнемдік, қаржының жетімсіздігі және т.б әлеуметтік проблемалар»,- деп жауап берді.
Орталықта 6 ай тұрақтауға ғана болады. Бірақ ол жерге келген әйелдердің барлығы осыншама уақыт бойына сол жерді пана етіп отыра бермейді. Біршама уақыттан соң отағасымен жарасып, татуласып кететіндері де көп екен. Сүйінерлігі, бұған орталық мамандары да өз үлестерін қосатын көрінеді.
«Орталықты уақытша паналауға келген әйелдерді біз көп ұстамауға тырысамыз. Алты ай деп құр қарап отыра бермейміз. Бірден ажырастырып жіберуге де бел бумаймыз. Мәселен, әйелдер келген кезде онымен біздің психолог, заңгерлер жұмыс істейді. Бірнеш күн әйел тынығып, өз өзіне келгенін күтеміз. Оларды татуластырып, қайта жарастыруға тырысамыз. Бізге келген келіншектердің көпшілігі жолдасымен жарасып кетеді. Бұған өз ықпалымызды тигізіп жатқанымыз бізді қуантады. Кейбір әйелдердің күйеуі, ата-енесі іздеп, кешірім сұрап келеді. Олармен де біздің психологтар жұмыс жасайды. «Самғау сенім» орталығының ең басты мақсаты – бас сауғалап келген жандардың жақынымен бітімгершілікке келіп, тату-тәтті күн кешуіне ықпал ету».
Осылай деген Айнұр Ахметбайқызы тұрмыстық зорлық-зомбылық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда ғана болады деген қасаң түсінік екенін, төрт құбыласы тең болып отырған жанұяларда жанжал кездесетінін айтты.
Жуырда Түркістан облысында отағасының үш жыл бойына өгей қызын зорлап келген озбырлық әрекеті әшкере болды. Қатыгез жаннан көрген қорлықты 14 жастағы өрімдей қыз өзі айтқан. Жас өскіннің өмірін ойыншыққа айналдыруды өгей әке 2016 жылдан бастаған. Ол кезде қыз небәрі 6-сыныпта оқып жүрген. Ойламаған жерден өмірі күрт өзгерген оқушы өгей әкесінен қорыққандықтан айтқанына көніп, айдауына жүре берген. Қазір де қорқыныштан арылмаған. Бірақ артынан еріп өсіп келе жатқан сіңлісі де өзінің басынан кешкен тағдырын қайталай ма деп алаңдап, шындықтың бетін ашуға бел буған. Болған жағдай туралы қыздың биологиялық әкесі полицияға арыз түсірген. Қазіргі таңда осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іс бойынша күдікті жәбірленушінің өгей әкесі. Айтпақшы, өгей әкенің «ермегіне» айналған қыз бұл жағдайдан анасының хабардар болғанын да жасырмай жайып салады. Енді ананың осындай озбырлықты ішіне бүгіп жүре берген ақылға сыйымсыз тірлігі де май шаммен қаралатыны анық.
Өгей әке өгейлігін көрсетеді… Елімізде осы сөзді еріксіз тіл ұшына оралтатын оқиғалардың жиі орын алатыны өкінішті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты айта келе, сөз арасына осы бір оқиғаны сыйғыза кетуіміздің өз себебі бар. Отбасындағы жанжал, ұрыс-керіс, берекесіз тірлік пен баянсыз оқиғаларға дер кезінде тоқтау болмаса оның соңы шаңырақтың шайқалуына апарады. Екі бөлек кеткеннен ересектер есеміз кетпейді деп ой түюі мүмкін. Ал етектегі бала мен жетектегі жасөспірім тағдыры ше… Тірі жетім болып жүрген жәутең көздерге жұрттың бәрі қамқор әрі тілектес бола қоймасы анық қой. Қатыгездікке бой алдырған бойкүйездер олардың осы бір «панасыздығын» өз пайдасына асыруы әбден мүмкін ғой.
Сондықтан да тұрмыстық зорлық-зомбылықты тудырмаудың жолын табу, оған балта шабуға әрбіріміз үлес қосуымыз керек.
Осы бағытта Түркістан облыстық Полиция департаменті өткен айда «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» атты республикалық акция аясында аудан, қалаларда профилактикалық шаралар өткізді. Үш күнге жалғасқан акция шеңберінде әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары кез келген азамат отбасында қысым көрсе ауызша арызбен 102 нөмірі бойынша дереу полицияға хабарласуына немесе qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн-арыз беруіне болатынын, бұдан бөлек әрбір адам құқық бұзушыға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерінің тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалған жерге келулерін талап етуге құқылы екенін ескертеді.
С. НҰРАЙ.