ҚАРАЛЫ КҮННІҢ ТӘЛІМІ ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?
Кеше яғни, 13-шілде Ұлттық аза тұту күні болғаны белгілі. Бұл датаны қаралы күн деп белгілеу туралы 8-шілдеде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған телевизиялық үндеуі кезінде мәлімдеген болатын. Өз кезегінде ол әлемнің барлық елдерін әлекке түсірген ауру біздің елге де оңай тимей жатқанын айта келе «Әр қазақ — менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетіп жатыр. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтарымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13-шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын. Бірақ біздің күресіміз жалғаса береді»,-деді.
13-шілде Ұлттық аза тұту күніне орай ел аумағында астана уақытымен сағат 12:00-де коронавирус пандемиясынан қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алу шаралары өткізілді.
Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі тарихында жарияланып отырған тоғызыншы қаралы күні.
Егемендік алғаннан кейінгі ең алғашқы Жалпыұлттық аза тұту күні 2006 жылы 22-қыркүйекте жарияланды. Сол жылы 20-қыркүйекте Қарағанды облысы, Шахтинск қаласындағы, Ленин атындағы шахтада метан жарылып, 41 кенші қайтыс болып, 7 жұмысшы зардап шеккен. Жарылыс шахтада 368 адам болған кезде орын алған.
Екінші қаралы күн 2008 жылдың 14-16 қаңтарында жарияланды. «Абай» шахтасындағы 400 метр тереңдікте болған метан жарылысы 30 шахтерді ажал жастығына бас қойғызды. Қайғылы оқиғаны қалың жұрт үш күн аза тұтты.
Үшінші қаралы күн Қызылағаштағы су тасқынына байланысты 2010 жылдың 16-наурызына белгіленді. Сол жылдың наурыз айының 11-нен 12-не қараған түні бөгеттің бұзылуынан орын алған сел 45 адамның өмірін қиды. Оның ішінде 8-і бала болған. Ауыл тұрғындарының есін екеу, түсін төртеу еткен бұл апаттан 300 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.
2012 жылдың 28-мамырында қазақ-қытай шекарасындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде бір түнде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тауып, оған заставада жалғыз тірі қалған Владислав Челах кінәлі деп танылды. Қанды оқиғаға байланысты сол жылдың 5-маусымы қаралы күн болып аталды. Қазіргі таңда Владислав Челах Қостанай облысы, Жітіқара қаласының маңындағы ерекше режимдегі «Қара бүркіт» колониясында жазасын өтеуде. 2012 жылдың желтоқсанында сот В. Челахқа өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім кескен.
Сол жылы 25-желтоқсанда Шымкент маңында бортында 27 адам болған АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ ішіндегі адамдардың барлығы қаза болған. Ажал құшқандардың ішінде еліміздің ҰҚК Шекара қызметінің басшысы Тұрғанбек Стамбеков болған. Бұл жағдайға байланысты аза тұту 27-желтоқсанда жарияланды.
2013 жылдың 31-қаңтарында SCAT компаниясының Көкшетау-Алматы бағытындағы әуелайнері Алматы әуежайы маңында апатқа ұшырап, бортта отырған 21 адам (16 жолаушы, 5 адам экипаж мүшесі) жан тәсілім етті. Есік қағып кіргелі тұрған жаңа жыл қарсаңындағы бұл күн Қазақстан тарихындағы алтыншы қаралы күн болды.
2016 жылдың 5-маусымында Ақтөбеде ай-күннің аманында лаңкестік орын алды. Содырлар қаладағы қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімшеге шабуыл жасады. Олардың қолынан 8 бейбіт адам қаза тапты. Адамдардың қаза болуына байланысты 9-маусым аза тұту күні болып жарияланды. Ақтөбедегі лаңкестік оқиға қатысушы азаматтардың барлығы сот үкімімімен бас бостандығынан айырудың әртүрлі мерзіміне сотталды.
Былтыр 27-желтоқсанда таңғы уақытта «Bek Air» әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы ұшып үлгермей апатқа ұшырады. Алматыдағы әуежай маңына құлаған ұшақ Нұр-Сұлтан қаласына бет алған еді. 12 адамның өмірін қиған бұл апатқа байланысты 28-желтоқсан қаралы күн болып жарияланды. Бұл Қазақстандағы сегізінші қаралы күн болды.
Жуырда республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан аса қайғылы жағдайда ғана жарияланатын аза тұту күнінде тәртіп бойынша мемлекеттік мекемелердегі туымыз төмен түсіріліп, руспубликалық арналардағы көңіл көтеретін бағдарламалар эфирден алынып тасталатынын, бірақ қазалы күннің тәлімі осымен шектелмеуі керектігін алға тартады. Ол бұл туралы ойын «Бірінші кезекте әдеттегі саяси науқаншылдықтан ада-күде арылу керек. Осы бір қиын-қыстау күндерде бастарын бәйгеге тігіп жандарын өз еркімен жадыға қойған сұрапыл майданның алдыңғы шебінде жүргендей күй кештірген дәрігерлер қауымына айрықша бас иіп құрмет көрсету керек. Қаншама ақ халат киген аяулы жандар бақилық болды… Сонымен қатар күндіз-түні от басып жүріп шоқ шайнап ақпарат таратып жүрген журналист әріптестеріміздің де еңбегіне ерекше баға беретін мезгіл бұл.
Ішкі істер саласы мен қорғаныс және қауіпсіздік қамында жүрген әскери қызметшілердің де еңбегі ересен. Олардың да жанына үңіліп тағдырлары таразыға салынып түн жамылып түс қашып жүріп атқарған еңбектері ерекше сезілуге тиіс. Отан күзетінде жүргендердің бәрі бірдей опасыз емес қой…» деген жолдармен жеткізеді.
Ой байламы терең азамат «Қысқасы дәл осы Аза тұтқан сәттен кейін күллі Алаш жұрты қайта түлеп ішкі жан дүниесін жаңғыртып мәдениеттіліктің ерен үлгісін ертеңге ұластырсақ жаңа сапалық мінездермен қаруланып бөтен мінезден арылсақ… міне сонда ғана Азалы күннің қазалы сәтінің қайырлы болғаны.
Ойланайық!»,- деп ой тастайды.
Н. ҚАЛДАН.