ҚАНЫБЕКОВТЫҢ ЖОСПАРЫН ПАНДЕМИЯ КҮЛ-ТАЛҚАН ЕТТІ МЕ?

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Кіші Қаныбеков жемқорлыққа барған мамандары үшін қызметінен алына ма?» атты мақала жарияланған болатын. Онда Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасында жұмыс істейтін екі маман қолында бар құзыретін пайдалана отырып, теріс пайда тапқаны туралы деректер келтірілген-тін.

Мақалаға арқау болған деректер ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұсынған материалдардан алынғанын да баяндай кеткенбіз. Былтыр елімізде қол астындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлықпен ұсталған жағдайда басшылардың жауапкершілігі туралы заңға қол қойылғаны аян. Осы заңға сәйкес біз «Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбековтың өз орнын босатады ма?» деген пікір білдірген едік. Газетімізде жарияланған мақалаға орай, басқарма басшысы басылымның фейсбук желісіндегі парақшасына тарқатып түсініктеме берген екен. Өз кезегінде Асқар Сәкенұлы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті анықтаған жағдайлардың орын алғанын растай отырып, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 44-бабына 3-тармағына сәйкес, бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамағаны яғни, ведомствалық бақылау жүргізбегені және моральдық-материалдық хал ахуалынан хабарсыз болуына байланысты, басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына сөгіс, қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шаралар қолданылып, ал тәртіптік теріс қылыққа барған бөлімнің қызметкері өз қызметінен босатылды»,- деп жауап келтірген.

Асқар Қаныбековтың берген жауабында басқармадағы мамандардың теріс қылыққа баруына өзі емес, құрылымдық бөлімшелердің басшыларын кінәлі етіп, өзін бұл іске еш қатысы жоқтай етіп отырған сарын сезіледі екен. Мұның қаншалықты дұрыс не бұрыс екенін тиісті органдардың құзырындағы іс деп білеміз. Десе де, біз Асқар Сәкенұлының кейбір басшылар сынды өзіне қарата айтылған сын мен үндеулерге жауап беруден немесе пікір білдіруден мүлдем сараң еместігіне шын қуандық. Бірақ оның өзіне дәлірегі, басқармаға қарасты жұмыстардың тұралауын пандемияға аудара салғаны көңілге күдік ұялатқанын жасырғымыз келмейді.

Яғни, «Кіші Қаныбеков жемқорлыққа барған мамандары үшін қызметінен алына ма?» атты мақалада біз ауыл шаруашылығы саласы бойынша биыл 18 инвестициялық жобаны жүзеге асыру межеленгенін, бірақ бүгінге дейін оның 4 жобасы ғана жүзеге асқанын тілге тиек еткенбіз. Бұл мәселеге Асқар Қаныбеков «Неге 4 қана жоба іске қосылды?» деген сұраққа жауап беріп кетсем: Өздеріңізге белгілі елімізде пандемияға қарсы төтенше жағдай орын алып біраз кәсіпорын, шаруа қожалықтардың, ЖШС-нің және т.б. жұмыстары тоқтап, осыған байланысты бұл жобалардың жұмыстары уақытылы жүргізілмей аталған жағдай орын алды, іске қосылу мерзімдері кейінге ұзартылды. Бұл жобалар бойынша қазіргі таңда тиісті іс-шаралар қайта қаралып, аталған жобалар жыл соңына дейін толығымен іске қосылатын болады» деп жауап қайырған.

Оның бұл сөзіне қаншалықты берік болатыны әзірге белгісіз…

 

«Уақыт».