ҚЫРЫҚ КІСІ БІР ЖАҚ, АЛ АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ БІР ЖАҚ ПА?
Парманов Президент пәрменін орындауға неге құлықсыз?
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәріне ортақ міндет екенін баса айтқан болатын. Аталған тұжырымдаманың мақсаты азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру екені түсіндірілген. Бірақ Шымкент қаласы, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов Президенттің бұл тапсырмасын орындауға құлықсыз сияқты.
Осы айдың басында біз «Уақыт.кз желілік басылымы» арқылы «Мәңгілік ел» көшесіне төгілген тастар, мәңгі тұрады ма?» атты материал жариялаған болатынбыз. Онда «Самал-3» шағынауданындағы тұрғындардың бір апта бойына көшелеріне төгілген тастардың тау-тау болып тұрғанын, бұл жүргіншілер мен жүргізушілерге ыңғайсыздық тудырып жатқаны туралы айтылған. Тұрғындардың бұл талабына Абай ауданы әкімінің назарын тез аудару үшін материалды әкімдіктің фейсбуктегі парақшасына тайға таңба басқандай етіп көрсетіп берген едік. Алайда Абай ауданы әкімдігі көшеге жүк көліктерімен төгілген тастардың арнайы техникалар арқылы төселуіне ықпал ету былай тұрсын, желі арқылы жолданған базынаға жауап беруге қауқары жетпеді. Осылайша аудан әкімі Бұхарбай Парманов та, оның қол астындағы қызметкерлер де жауап беруге өте сараң екенін көрсетті. Әкімдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің бұйымтайына осылай жүрдім-бардым қарап жүргенде, қарапайым халықтың талап-тілегінен қандай нәтиже шығарып жүргенін ойлаудың өзі қисынсыз сияқты.
Жалпы редакциямызға келіп түскен бірқатар өтініштерді саралай отырып, біз Абай ауданы әкімдігіне халықтың сенімінің күйрегенін байқап қалдық.
Осыдан бірер күн бұрын редакциямызға Абай ауданы, Гагарин көшесінің бірнеше тұрғындары хабарласты. Олар аталған көше бойында үш жылдан бері қаңырап бос тұрған ғимараттың (бұрынғы «Мөлдір су» моншасы) күл-қоқыс тастайтын алаңға айналғанын айтады. Алғашында бұл ғимарат қоғамдық монша болған. Бірақ жұмысы тоқтап қалған соң, осылайша құр қаңқасы қалған ғимаратқа айналып шыға келген. Уақыт өте келе бос ғимарат қаңғыбастар мен кезбелердің бас сауғалайтын орнына айналған. Кейіннен күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмайтын орынға айналып шыға келген. Ол жерге тасталған қатты тұрмыстық қалдықтар қаншама уақыттан бері тазаланбаған. Қоқыстар үй болып үйіліп қалған. Салдарынан айналаға жайылған жағымсыз иіс қолқаны қауып, көше бойындағы бірқатар үйлердің тұрғындарының жүрегін айнытуда.
Тұрғындар осы мәселе бойынша Абай ауданы әкімдігіне осыдан үш жыл бұрын шағымданған екен. Одан соң «ЛТД Тұрмыс» ЖШС қызметкерлері келген. Бірақ олар ғимараттың маңын ғана тазалап қайтқан. Сәл уақыттан соң нысан аумағы бұрынғы қалпына қайта түскен. Содан соң олар 2019 жылы бұйымтайларын «Отырар» телеарнасы арқылы жекізген. Алайда «тұрғындардың телеарна арқылы жеткізген талап-тілектеріне Абай ауданы әкімдігі әлі күнге дейін нүкте қоя алмаған. Енді Гагарин көшесінің тұрғындары Абай ауданы әкіміне сенімдерінің күйрегенін, ендігі кезекте мәселелеріне қала әкімдігі қайырлар деген үмітін жасырмайды.
P.S. Сонда, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов адамдардың талап-тілегіне құлақ аспайтын болғаны ма? Біз Абай ауданы әкімдігінің фейсбук, инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшаларын қарап шықтық. Сонда біз ондағы парақшаларда жазбалар жүктеліп отыратынына көз жеткіздік. Яғни, әкімдіктің желідегі парақшалары тұнжырап тұрған жоқ. Тиісінше сәт сайын жаңа жазбалармен толығып да отырмайды. Әкімдік тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстар аз-кем жариялануда. Соңғы бірнеше күндердегі жазбаларға зер салу арқылы, біз Б. Пармановтың кәсіпкерлік нысандардың коронавирусқа қарсы санитарлық талаптарды орындауын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстармен жүргенінен хабардар болдық. Бірақ оның бұл бағыттағы жұмыстарына қызығушылық танытып тұрған тұрғындар жоқ. Олардың әкімдік назарына парақшадағы жазбаға қатысты емес сұрақтарды жаудырып жатқаны сол сөзімізге мысал. Бірақ оған жауап жазып, әуре болып жүрген бір жан жоқ. Барлық талап-тілектер, қойылған сұрақтар жауапсыз. Яғни, желіге шыққан материалдардан, тұрғындардың талабы мен тілегінен әкімдік әбден хабардар болса да, жауап беруге тым сараңдық танытуда.
Қ. ҚАЛИЕВ.