ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТАПҚАН ТАБЫСЫНЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫН ТАМАҚҚА ЖҰМСАЙДЫ

Қазастандықтар тапқан табысының көп бөлігін тамаққа жұмсайды. Өткен аптада республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова осылай мәлімдеді.

 Парламент Сенатында 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті баяндау кезінде Наталья Годунова қазақстандықтардың шынайы табысы 5,5 пайызға өскенін, бірақ азық-түлік үшін жұмсалатын шығын көлемі 50 пайызға жеткенін алға тартты. Бұл отыздыққа қол созған ел үшін жағымсыз критерий. Себебі, дамыған елдердің тұрғындары ас-ауқатқа табысының тек 10 пайызын бөледі екен. Ал көрші Ресей мен Беларусь елінде бұл көрсеткіш жалпы шығынның 28-32 пайызына тең. Ал Қазақстанда халық табысының тең жартысына жуығының ішіп-жемге кетуінен, тұрғындардың өз жинағының көлемін арттыруға мүмкіндігі жоқ болып отырғанға ұқсайды.

Осы деректерді алға тартқан Н. Годунова Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форумындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингіндегі макроэкономикалық тұрақтылығы 60-шы орынға дейін көтерілгенін жеткізді. Бірақ Қазақстан мұнайға тәуелділікті төмендету тенденциясына қол жеткізбеген.