«Nur Otan»-ның ең басты мақсаты – жалпыхалықтық партияға айналу

Жергілікті жердегі саяси іріктеу біржақтылыққа кетіп қалмай ма?

Қазақстан өз Тәуелсіздігін алғаннан бергі мерзім ішінде жаңадан топтастырылған саяси партиялардың қатары қазір де аз емес. Олардың әрқайсысының ел өміріне байланысты қабылдаған жарғылық құжаттары бар. Ұстанған бағыттары да жалпы алып қарағанда мемлекет пен елдің өмірін қалыптастыруға сүбелі үлесін қосып келе жатқанына шүбә келтіруге болмайды.

 

Бірақ кадрлық іріктеу, аудан мен қала аумағындағы және Парламент пен Сенаттың ішкі жұмыстарындағы саяси бағытқа сындарлы көзбен қарайтын болсақ – оларға кадрлық резерв пен халықтық таңдау жасауда, депутаттар сайлауда барлық жұмысты түгелдей таза деңгейде атқарды деуге елге белгілі болған көптеген олқылы жұмыстар айғақ болатын секілді.

Уақыт алға жылжыған сайын елдегі саяси өмірдің аракідік болсын сынға ұшырап жатқандығы да, халықтың толқуы мен ашық бой көтерулерінің қатарының көрініс табуы келе жатқандығы саяси бағыттағы кемшін істердің белгілі болуына тікелей байланысты болып отыр. Жергілікті жерлердегі мәслихаттар мен Мәжілістегі халықтың өкілі болып сайланатын депутаттар кей жағдайда сол сайлаушылардың ырқынан тыс сайлануы көпшілікке көп ой салып, ара-тұра болсын сенімсіздіктің дәнін сеуіп жатқандығы жасырып, жаба салатын нәрсе емес. Сондай көшбасшы партиялардың бірі – бұрынғы «Отан», бүгінгі «Nur Otan» партиясы. Осы саяси тұғырдағы биік деңгейді иемденген партияны Тұңғыш Президент-қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі басшы болып ашып, сол басшылықты қазір де жалғастырып келеді. Ел тәуелсіздігін сақтау мен оның әлеуметтік дамуында бағдары мен билігіне байланысты көп жұмыстар жүргізілді. Бірақ бір осалдау тұсты айтпай кетуге тағы болмас. Саяси өмірдің және биліктің тізгіні қолға берілген аудандар мен облыстарда кадрларды тағайындау мен депутаттар сайлауында өз құқықтарын пайдаланған әкімдер тарапынан сайлау кей ретте өте әділетсіз өтіп, халықтың таңдауы емес, аудан, қала, облыс дәрежесіндегі басшылардың өз ығынан шықпайтын үміткерлердің сайлануына көп жол беріліп кетті.

Жақында ғана республикалық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек фейсбуктегі жеке парақшасында көпшілікті елімізді мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, саяси партияның қазіргі атқарып жатқан жұмыстары және алдағы мезгілде атқаратын басты мақсаттары жөніндегі жазбасы жарияланды. Онда: «… «Nur Otan» партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Бұл – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі. Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау. Өздеріңіз білетіндей, біз былтыр «Nur Otan»-ның кадрлық резервіне пилоттық режимде іріктеу өткізген болатынбыз. Жоба әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындарының саны және әлеуметтік топтары бойынша әркелкі 14 қала мен ауданда өткізілді. 10 мың партиялықтан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Біздің қатарымызға 20 мың адам қосылды. Халықаралық озық тәжірибелерді жан-жақты қарастырып, партия ішінде қызу талқыдан өткізгеннен кейін партия Саяси кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен «Праймериз өткізу ережесі» қабылданды. Ол ертең біздің ресми сайтымызда жарияланатын болады. Алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн-дауыс беруді де өткізу жоспарланып жатыр. Таяу уақытта партияішілік іріктеуге қатысуға ниеттенгендерді оқытуды бастаймыз. Саяси менеджмент мектебі коммуникация, сайлаушылармен жұмыс жүргізу, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары және басқа да тақырыптар бойынша онлайн-семинарлар ұйымдастырады. Партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс». Әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз ету –партиямыз үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз».

Партия лидерінің бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мырза көпшілікке жолдаған есеп деңгейлес арнауында партияішілік таңдаудың, яғни праймериз өткізудің алғы күндердегі мақсаттары мен міндеттерін көптің назарына осылайша ашық ұсыныпты. Барлық жағынан құптайтын нәрсе екендігіне көзіміз жеткенмен, көңілімізге өткен күндердің олқылықтары қайта оралады.

Депутаттыққа үміткерлердің талайы сайлаушылардың таңдауына түсетін сәтке бірер күн қалған кезде, арзымайтын кереғар желеулермен кандидаттықтары алынып тасталған кез аз болған жоқ. Олардың орындарына күні бұрын дайындалып қойылған, ертеңгі күнгі сайлауда сөзсіз депутат болатындардың аты-жөні толығымен белгілі болып, жоспар тікелей іске асырылып келді. Ол кезде Бауыржан Қыдырғалиұлы жалпы көпшілікке таныстырып отырған «Праймериз өткізу ережесінің» жұрнағы да болған жоқ. Ендігі сәтте көпшілікті толғанысқа түсіретін партиялық тізімдерге халықтың түрлі бөлігінің өкілдері, ел ішінде беделді, сыйлы азаматтардың партиялық таңдауға алынатыны, сол арқылы депутаттық мінберден орын тиетіндігі алдағы таңдауда бұрынғы дағдыдан арылып, нағыз халық қалаулылары өз деңгейінен орын алады ма? Праймеризден өтетін азаматтар партияның облыс пен қалалардағы басшыларының сеніміне кіре алмай, өткен кездердегідей олардың таныстары мен тамырлары, жекжат-жұрағаттары сол тізімге ілініп кетпейтіндігіне кім жауап беріп, кім бақылай алуы мүмкін? Қазір сайлаушылардың өздері де, таңдауға түссем бе деген үміткерлер де осыған толыққанды кепілдік бере алмайды. Бұл жерде партияға деген тазалық, шынайылық, әділдік және жауапкершілік жүгінің ауырпалығын кім шынайы дәрежеде мойнына ала алады? Мәселенің бар түйіні мен түсінігі де осында.

Осы біз қозғап отырған көңілдегі белгісіз күдікті болдырмай, саяси жағынан адалдықтың туын биікке көтергенде, партиялық жауапкершілікке шынайылықпен қарағанда ғана халықтық сенімге ие бола алатындығын естен шығармауымыз көп мәселенің оң шешілуіне тікелей ықпал ететіндігін назардан тысқары қалдырмағаны абзал. Көптің сенімі мен саяси ұйымның таңдауын ұмытуға әсте болмайды.

 

«Уақыт».