1000-НАН АСТАМ ОТБАСЫНДА ҚОНЫС ТОЙЫ ТОЙЛАНБАҚ
Шымкентте 39 259 азамат баспанаға мұқтаж. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің қатысуымен өткен жиналыста Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Ғ. Төлепов айтты.
Бір қуанарлығы, жыл соңына дейін 450 көпбалалы отбасы, 394 әлеуметтік жағынан осал топтағы азамат, 300 жас баспаналы болады.
Айта кетейік, ағымдағы жылы «2-10-20» бағдарламасы бойынша 1047 аз қамтылған отбасы электронды түрде несие арқылы пәтер алуға өтінім берген. Қазіргі таңда құжаттарды тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Ал «7-20-25» бағыты бойынша 219 азамат, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 73 азамат баспаналы болған.
Жыл соңына дейін «2-10-20», «7-20-25» бағдарламасымен бастапқы жарнаның бір бөлігіне әлеуметтік көмек ретінде қайтарымсыз негізде жергілікті бюджеттен ақша қаралып, сертификаттар беру жоспарланған.
Жалпы Шымкентте кезекте тұрғандар: жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар – 1631, көпбалалы – 5188, әлеуметтік жағынан әлсіз топ – 12829, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері – 19585, жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған – 26.