КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ КӨП ШЫНДЫҚҚА КӨЗ ЖҰМА ҚАРАП ЖҮР МЕ?

 

Жуырда журналист Амангелды Батырбеков өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасы арқылы тұманды ойларға жетелеген күмәнді мәселені көтерді. Өз кезегінде ол Келес ауданындағы тұрғындардың үйіне алаулатып газ жеткізіп беруге жауапты «Келестрансгаз» мекемесінің басшысы Данияр Өтебайдың абоненттерден жиналған 300 миллион теңгені құмар ойынға құртып қойғаны туралы ақпаратың ел арасында желдей есіп жүргені туралы жазба қалдырған. Белсенді Келеске көгілдір отынның келуінің кілт тоқтап қалуы жұрт айтып жүргендей құбырдағы апаттан емес, осы жағдайға тікелей қатысты болуы мүмкін екенін жеткізген. Және жергілікті жердің прокурорына істің ақ-қарасын анықтап, әділдіктің салтанат құруын сұраған екен.

Бұл ақпараттың шындықтың ауылына қаншалықты жақын екені алдағы күннің еншісінде әрине. Десе де, «жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайтынын» ұмытпаған абзал.

Соңғы кездері құзырлы орган анықтаған түрлі заңбұзушылық әрекеттерді сараптай отырып, «Келес ауданы көлеңкелі істердің ордасына айналған ба?» деген ойда қаласың. Сөзіміздің қайнар көзі ретінде мамыр айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес ауданы, Жамбыл ауыл округінің әкімін құрыққа түсірген дерегін айтуға болады. Өз кезегінде ауыл әкімі 400 мың теңге пара алған. Әкім мырзаның бұл параны азаматқа жер телімін берудегі «жәрдемі» үшін алғаны анықталған. Қазіргі таңда оның үстінен сотқа дейінгі тергеу жүруде.

Одан алдын дәл осы Келес ауданының білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевте пара беру үстінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті қызметкрелерінің құрығына түскен. Білдей бөлім басшысы өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша әрі қарай қудаламау үшін, делдал арқылы А.Батырбековке 5 миллион теңге беруге барған. Осы ретте көкейде «неге білдей бөлім басшысы параны Батырбековке беруге оқталған?» деген сауал көлкіп шыға келетіні анық.

Себебі, Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиевтің түсірген арызымен Түркістан облысының Сарыағаш аудандық соты журналист А. Батырбековты 2019 жылдың 23-қыркүйегінде “жала жабу” және “қорлау” бабымен айыптап, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Бірақ араға үш айдан астам уақыт өткеннен соң, дәлірегі ағымдағы жылдың 9-қаңтарында Түркістан облыстық сотының апелляция алқасы журналист Амангелді Батырбековтың ісі бойынша шешім шығарды. Сот журналистті ақтап шығарған.

Бір айға жуық уақыт өткеннен соң А. Батырбековтың арызы негізінде Бахтияр Абдиевке қатысты «Сотта жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтары» деген баппен қылмыстық іс ашылған. Алайда ол іске қатысты әлі нүкте қойылмаған.

Жалпы журналист А. Батырбековтың желідегі парақшасындағы жазбаларына көз тоқтатып қарасаңыз оның Келес ауданындағы білім саласында болып жатқан біраз мәселелерді бүкпесіз жайып, жауапты басшыларды ортақ мәселені шешуге шақырып жүргеніне көз жеткізесіз. Мәселен ол, 20-сәуірдегі жазбасында Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Әбдиев Түркістан қаласында өткен сотқа өзінің орынбасары Омаров Мұқағалиды заңсыз апарып жүргенін мәлімдеп, бұл ақпарат бойынша тексеру жүргізуді сұрап, Келес ауданының прокуратурасына ресми хат жолдағанын жазған. Сөйтіп аудандық прокуратура бұл ақпараттың рас екенін анықтап, аудан әкімі Ақментай Есбаевқа білім бөлімінің басшысына шара көруді шегелеген екен. Осыған байланысты Б. Абдиевтің ісі әкімдіктің 9-шы сәуір күнгі тәртіптік кеңесінде қаралып, нәтижесінде оған ешқандай шара көрілмегені белгілі болған. Батырбеков прокурор сөзінің осылайша жерде қалғанын айтып, әкімдіктегі кадр бөлімінің басшысы Ербол Сапаровтың Бахтияр Абдиевтің туған ұлы екенін тілге тиек етіп, мәселенің түп-төркіні қайда жатқанын тұспалдап жеткізген. Бұл ретте «Келес ауданы әкімі көп шындыққа көз жұма қарап жүр ме?» деген ойға батады екенсің.

Бұл мысалдар Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың алдағы қызметіне қалай әсерін тигізеді? Осы қызметке тағайындалғанына жуырда екі жыл толатын Есбаевтың қол астындағы кадрларының «қия» басып, ылдиға кетіп бара жатқаны оған абырой әпермейтіні анық. Кемшіліктері жіпке тізіліп, бірін-бірі жетелеп бара жатқан мұндай жөнсіздіктер аудан әкімі Ақментай Есбаевқа деген басшылардың сенімін сарқылтуы да бек мүмкін.

 

А. САТЫБАЛДЫ.