ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КЕЗІНДЕ ТАБЫСЫ ТӨМЕНДЕГЕН КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
Шымкентте төтенше жағдай кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мақсатындағы шаралар үшін бюджеттен 1,0 млрд. теңге қаржы бөлу көзделіп отыр.
Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен өткен арнайы жиында айтылды.
Бөлінген қаржы елімізде жарияланған төтенше жағдай режимі мен Шымкент қаласында енгізілген карантиннің нәтижесінде қиын жағдайға түскен кәсіпкерлерді қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға жұмсалатын болады. Соның негізінде дағдарыс нәтижесінде неғұрлым зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілері анықталып, олардың қызметін қалпына келтіру және жаңа кәсіпорындар құру үшін мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген несиелер берілу жоспарланып отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлердің қолданыстағы несиелерін қайта қаржыландыру шаралары да жолға қойылады. Отандық тауар өндірушілерді ынталандыру жұмыстары қолға алынып, жұмыс орындарын сақтау және құру, кадрларды даярлау және қайта даярлау қолға алынады.
Жергілікті билік мұндай қолдау шараларының шеңберінде 725 жобаға жеңілдетілген несиелер ұсыну арқылы 3760 жұмыс орны сақталып, 940 жаңа жұмыс орындары құрылатынын мәлімдейді. Ал жұмыспен қамту бағдарламарын жүзеге асыру нәтижесінде 15 233 адам жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлік сауаттылықты арттыру бойынша 3176 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылатынын хабарлайды.