ӘУЕЖАЙ АВТОТҰРАҒЫ АЙШЫҚТЫ НЫСАНҒА АЙНАЛАДЫ
Шымкентте өткізу қабілеті сағатына 2000 жолаушыны құрайтын жаңа әуежай терминалының құрылысы қарқын алғаны белгілі. Нысанды пайдалануға беру уақыты ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Қазіргі таңда әуежай аумағын абаттандыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысқан болатын.
Жоба бойынша жаңа терминал маңындағы абаттандыруға жататын аумақта жолдарға асфальт төсеу, жарықтандыру, автотұрақ салу мен аялдамалар орнату жұмыстары жүреді. Қазіргі таңда мердігер мекеме 485 көлікке лайықталған автотұрақ салу жұмысына кірісіп кеткен. Осы бағытта жер қазу жұмыстары басталған. Оған барлығы 12 техника тартылған. Жоба бойынша терминал аумағындағы автотұрақта белгілі бір санаттағы азаматтар үшін тиісті жағдайлар жасалатын болады. Яғни, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көліктері үшін арнайы орын белгіленеді. Әуежай қызметкерлері үшін де орындар бөлінеді. Автобустарға бөлінген жолдар салынады. Сонымен қатар, автотұрақта жаяу жүргіншілер жолдарын гранит плиткаларымен қаптау, 15 мың шаршы метрге жуық аумаққа газон төсеу жұмыстары жүреді. «Ақылды аялдамалар» қойылып, арнайы қоқыс жәшіктері орнатылады.
Бұл нысанның қала үшін стратегиялық маңызы зор. Оның құрылысы мемлекет басшысынының тікелей бақылауындағы жоба болып табылады.