ТӨРТ АЙДА 1807 ЖҰП ШАҢЫРАҚ КӨТЕРГЕН

Шымкентте ағымдағы жылдың төрт айында 1807 жұп отбасын құрған.

 Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімі мегаполисте отбасын құруға шешім қабылдап, заңды некеге тұрған азаматтардың саны жыл сайын көбейіп келе жатқанын алға тартады. Аталған бөлімнің статистикасына сүйенсек, 2018 жылы шымкенттік 6825 жұп шаңырақ көтеруге шешім қабылдаса, 2019 жылы 8214 жұп отау тіккен.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының АХАТ бөлімінің мамандары отбасы мәртебесін арттыруға және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жұмыстарды тұрақты жүргізіп, тоқсан сайын жастарға және некеге отыратын азаматтарға арналған дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізеді. Сала мамандары мұндай шаралардың заңды некеге тұрған жұптардың шаңырағы шайқалмай, тату-тәтті күн кешіп, отбасы құндылықтарын берік сақтауына ықпал ететінін айтады.

Айта кетейік, «Неке және отбасы туралы» ҚР заңына сәйкес, ер және әйел адамдар 18 жастан бастап заңды некеге тұра алады. Дей тұрғанмен, белгілі себептерге байланысты ғана жергілікті АХАТ органдары неке жасын 2 жасқа төмендете алады.