7 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҮЛЕК ҰБТ ТАПСЫРАДЫ
Биыл Шымкентте 8 885 түлек мектеп бітіреді. Олардың барлығы биыл пандемияға байланысты кешенді аттестаттау емтихандарынан босатылып отыр. Яғни, аттестатқа пәндер бойынша жылдық қорытынды бағалары қойылады. Осы жылғы соңғы қоңырау шарасы 3-4 маусым күндері мектеп ауласында, бітіруші түлектердің ғана қатысуымен өтеді.
Сол кезде үлкен өмірге қанат қаққан түлектерге білімін растайтын аттестат тапсырылады. Соңғы қоңырауға түлектер тек мектеп формасымен келулері тиіс. Биыл үшінші мегаполистегі мектеп бітіруші 6799 түлек ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берген.
Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
Өз кезегінде ол ҰБТ алдағы маусым айының 20-ы мен 5 шілде аралығында өтетінін айтты. Сонымен қатар ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге қаладағы жоғары оқу орындары жанынан 4 пункт белгіленгенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда жоғары оқу орындарының базасында орналасқан тест өткізу пункттерінде ҰБТ тапсыруға қажетті материалдық жабдықтардың барлығы қамтылған. Яғни, металліздегіш құрылғылармен жарақтандырылуы, әр аудиторияның тест тапсыру талаптарына сай болуы, бейнебақылаудың орнатылуы мен түлектердің ата-аналары, туыстары үшін арнайы орынның белгіленуі ұйымдастырылған.
Бір айта кетерлігі осы жылғы ҰБТ бұрынғыдан өзгерек болып тұр. Себебі биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде 11-сыныптың 4-тоқсанында өткен бағдарлама бойынша сауалдар болмайды. Ұлттық тестілеу орталығы мұндай шешімге келудің себебін бітіруші сыныптың соңғы тоқсанда негізінен бұрынғы өткендерді қайталайтынымен және жаңа тақы-рыптар¬дың тым аз екенімен түсіндіреді.
Биыл тест тапсырудағы талап күшейтіліп отыр. Білім сынағы кезінде оқушының ұялы телефон немесе түрлі көмекші құралдарды пайдаланғаны дәлелденсе жинаған ұпайының барлығы жоққа тән болады.
Сонымен қатар, ҰБТ кезінде карантин тәртібі алынбаса қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады. Яғни, балалардың арасында 2 метрлік арақашықтық сақталады. Оған қоса маскалық режим сақталып, нысанда санитайзерлердің, кварцтың, тазарту жұмыстарының, термобақылау сынды қауіпсіздік шараларына баса назар аударылады.