АҒЫН СУ АРНАСЫН ТАППАДЫ МА ӘЛДЕ ТАБИҒАТ ТОСЫН МІНЕЗ ТАНЫТТЫ МА?

 

Төлебидегі төтенше жағдайға кім кінәлі?

 

Осы аптада Түркістан облысы, Төлеби ауданында толассыз жауған жауын салдарынан Қасқасу өзені толып, арнасынан асқан. Жағаға қарай аққан су Қасқасу ауылындағы 4 көпірді шайып өткен. Асыға аққан су Екпінді ауылындағы 15 үйдің ауласын басқан. 4 үйге су кірген. Содан соң тасқын су Киелітас ауылдық округі, Сұлтан-Рабат ауылы, Сауран көшесінде және Достық елдімекені Жылқыбаев көшесінде орын тепкен жүздеген үйдің ауласына ентелей енген.

14-мамырға қараған түні Төлеби ауданының әкімі нөсер жауыннан жиналған су ағыны тоқтап, қауіптің беті қайтқанын мәлімдеді. Алайда таңертең ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Өзеннен аққан су Төлеби ауданының іргесінде орын тепкен Шымкенттегі Елтай ауылындағы 60-қа жуық үйдің ауласын басты.

Нөсер жауын облыстағы Қазығұрт ауданындағы бірқатар ауыл тұрғындарын да әбігерге түсірді. Толассыз жауын аудандағы 151,0 мың текше метрге лайықталған Көкібел су қоймасын толтырған. Бұл жағдайдан соң Көкібел елді мекеніндегі 27 отбасы уақытша паналау орталығына көшірілген. Сонымен қатар аудандағы Қаржан, Қызылата елді мекендеріндегі бірнеше үйлердің ауласына су кірген. Жігерген ауылындағы 30 үйдің ауласын су басқан.

Жауын шашын Бәйдібек ауданы тұрғындарын да әбігерге түсірді. Қатты жауған жауыннан Тұрақты елді мекеніндегі Тұтарық каналы суға лық толып, 4 жерінен бұзылғандықтан ауылды су басқан. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері барып, ауылға кірген суды өзен арнасына бұрған. Аудан әкімдігі ауласына су кірген үйлердің санын нақтылауда. Бұдан бөлек Бәйдібекте қырдағы сай-салалардан ағып келген су Боралдай ауылдық округіндегі Қаратас ауылының 6 үйіне, Боралдай ауылындағы Ә.Жұмаділұлы көшесіндегі 6 үйдің ауласын басқан.

Сәрсенбіде жауған толассыз жауын салдарынан Сайрам ауданындағы Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарындағы бірнеше үйлердің аулаларына су жиналған.

Үйлерін су алған тұрындардың барлығы аудандардағы шұғыл түрде әзірленген эвакуациялық пункттерге жайғастырылған. Әкімдік қызметкерлері аудандық полиция аулаларын су басқан үйлерді күзету жұмыстарын ұйымдастырғанын айтуда.

Сонымен қатар аталған ауылдарда арнайы техника көмегімен аулалардағы суларды айдау жұмыстары жүруде.

Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан өзені тасыған Төлеби ауданына облыс әкімі арнайы барды. Ол тасқын судың зардабын тартып отырған ауыл тұрғындарына бүлінген үйлер қалпына келтіріліп, қираған жайлар қайта салынатынын жеткізді. Өз кезегінде Төлеби ауылының бір тұрғыны «мұның барлығына халықтың өзі кінәлі. Арық-атыздарды жауып тастаған. Содан кейін аққан су қайда барады? Оны айтсаң ешкім құлақ аспайды»,- дейді.

Ал облыс басшысы болса, 13-мамырда Төлебиде небары 40 минуттың ішінде төпелеген жаңбыр 1 ай көлеміндегі жауын мөлшерімен тең болғанын айтуда.