БІЛІМ ОШАҚТАРЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС БАСТЫ НАЗАРДА

Шымкентте демографиялық көрсеткіштің өсуіне байланысты бірнеше жылдан бері оқушылар үшін мектептердегі орын санының жетімсіздігі байқалып келеді. Мәселен былтырғы оқу жылында 11-сыныпты аяқтаған оқушылар саны 8000-ды құраса, 25 мыңға жуық өрен мектеп табалдырығын аттаған. Өткен сәуір айында қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева үш ауысымды мектептер үшін 2020 жылдың қыркүйек айында 7 жаңа білім ордасы пайдалануға берілгелі жатқанын мәлімдеген болатын. Осы бағытта мегаполисте бірқатар құрылыс жұмыстары қолға алынған.

Қазіргі таңда қалада бюджет қаржысы есебінен 7020 орындық 13 мектептің құрылысы жүруде. Оның ішінде 9 нысан биыл пайдалануға беріледі. Келер жылы 7 мектептің құрылысы басталады. Бүгінде ол нысандардың жобалық- сметалық құжаттары әзірленуде. Мектеп тапшылығы мәселесін біржола шешу үшін жан басына қаржыландыру шеңбері аясында инвесторлар «Шымкент ӘКК» АҚ бірлесе 10 мектеп салатын болады. Бүгінгі таңда 5100 орындық 6 мектептің құрылысына келісім шарт түзу жұмыстары жүруде.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев мәлімдеді.

Бұдан бөлек, бүгінде Шымкентте бірқатар білім беру нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Биыл қалада 6 балабақша мен 7 мектептің күрделі жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қаржы қаралған.

Бұдан бөлек Шымкентте 24 білім ошағы күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы оның 7-не келер жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.