ШЫМКЕНТ ШҰҒЫЛ КӨМЕККЕ ӘРДАЙЫМ ДАЙЫН

2018 жылы Шымкент облыстан бөлініп, дербес қала атанғаны белгілі. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, орталығы Түркістан қаласы болып белгіленген. Міне сол кезде үшінші мегаполиске әкім болып тағайындалған Ғабидолла Әбдірахымов «Шымкент қаласы мен Түркістан облысы арасында әкімшілік шекара бар шығар, бірақ, біз әрқашан біргеміз»,-дегені ел есінде.

Күнгейде орын тепкен екі аймақ әрдайым татулығымен, бірлігімен, бір біріне қамқорлық таныта білуімен дараланып келеді. Және солай болуы керек те. Былтыр Арыста орын алған жарылыс кезінде мыңдаған жұрттың Шымкенттегі эвакуациялық орталыққа орналастырылғаны соның жарқын мысалы.

Осы айда Мақтааралда орын алған тасқын судың зардабын жою кезінде де ауданға алғаш болып көмек қолын созған аймақтың бірі Шымкент болды.

Апат болған алғашқы күні Мақтаарал ауданында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Шымкент қаласы төтенше жағдай департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттің мекемесінің жеке құрамынан 20-ға жуық қызметкер мен 10 арнайы техника тез арада көмекке аттанған болатын.

Келесі тәулікте Шымкент қаласынан Мақтаарал ауданындағы су басқан елді мекендерге авариялық-құтқару қызметі үшін 30 арнайы техника жіберілді. Құтқарушылар су басқан ауылдарды аралады. Яғни, олар Жеңіс ауылындағы ірі және ұсақ малдарды құтқару жұмыстарына атсалысты. 200-ден астам үй орналасқан Өргебас ауылында қайықпен тексеру жүргізіп, су астында қалған үйлерінен бағалы заттары мен құжаттарын алуға барған тұрғындарға көмек берді. Ауылды су ағысынан қорғау үшін құм толтырылған қапшықтан бөгеттер тұрғызу жұмыстарына қатысты. Сондай-ақ, су деңгейіне мониторинг жүргізді.

5-мамырда Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің тарапынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданына авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге 21 жеке құрам мен 10 дана арнайы техникалар жіберілді.

Бұдан бөлек, «Мақтаарал біз біргеміз», «Жүрек жылуы» қайырымдылық шарасы барысында Шымкент қаласы орталық мешітінің ұйымдаструымен 500 отбасыға ыстық тамақ, 2000 дана медициналық бетперде және 8 тонна азық-түлік, бақша өнімдері таратылды. Осы ретте аталмыш өңірге қол ұшын созып, көмек берушілер үшін Шымкент орталық мешітінде қайырымдылық заттарды қабылдау, жинау орталығы ашылғанын айта кетейік.

Өткен жексенбіде тасқын болған ауданға шымкенттік кәсіпкерлер бет алды. Олардың бұл сапары Жеңіс күнімен тұспа тұс келгендіктен кәсіпкерлер Өргебас ауылындағы ақсақалдарды мерекемен құттықтады. Өз кезегінде мегаполис кәсіпкерлері тұрғындарға қаржылай және гуманитарлық көмек көрсетті. Айталық, «Отау Групп» ЖШС президенті Қайрат Молдасейітов Өргебас ауылының тұрғындарын қолдауға 12 миллион теңге бөлді. «Бал Текстиль» ЖШС-нің директоры Талғат Исхақов 6 миллион теңгеге 400 дана кілем жеткізді. «AGF Group» тоқыма фабрикасының басшысы Гаухар Насырова 40 жинақ төсек-орын жинағын сыйласа, «VIZiT» зауытының директоры Вилким Злавдинов 500 мың теңгеге есептелген сусындар жеткізді. Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Алма Архабаева бастаған іскер әйелдер азық-түлік, киім-кешек, гигиена құралдары мен қажетті заттар, соның ішінде балаларға арналған гуманитарлық көмек жөнелтті.

Жоғарыда Шымкент орталық мешітінде қайырымдылық заттарды қабылдау, жинау орталығы ашылғанын айта кеткенбіз. Аптаның екінші күнінде Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов пен қалалық «Зекет» қоры бастаған бір топ еріктілер Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жүк көлігі арқылы орталыққа жиналған гуманитарлық көмекті жөнелтті. Оның ішінде қажетті гигиеналық заттар, киім-кешек, көрпе-төсек, азық-түлік мен қаржылай көмек бар.