ҚАЛАДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛГЕН

Құрылыс – қала экономикасының дамуын сипаттайтын маңызды сала. Осы жылы Шымкент қаласына 250 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған.

Оның ішінде 121 млрд. теңге құрылыс саласына тиесілі екені соның жарқын мысалы. Құрылыс саласы бойынша негізгі басымдық – көпқабатты тұрғын үй құрылысына бағытталған. Қазіргі таңда қалада 248 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы алаңы 1 млн. шаршы метрден асып, жалпы жиыны 13384 пәтерді құрайды. Оның 78-і (5008 пәтер) бюджет қаржысы есебінен бой көтеруде. Жеке салымшылар есебінен 6144 пәтерлі 126 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған. Сонымен қатар «Шымкент ӘКК» арқылы 44 тұрғын үй салынуда.

Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен онлайн-брифингте қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев мәлімдеді.

Өз кезегінде ол қаладағы тұрғын үй құрылысының негізгі бөлігі «Шымкент Сити», «Әкімшілік іскерлік орталығы» мен «Тұран» шағынаудандарында жүргізіліп жатқанын айта келе, «Жалпы үшінші мегаполисте тұрғын үй құрылысының негізгі даму аумағы «Тұран» шағын ауданы болып белгіленген. Алдағы уақытта аталған шағын ауданда 12 орамға бөлінген 384 тұрғын үйдің бой көтеруі жоспарланған»,-деді.

Сонымен қатар Бауыржан Мамыталиев ағымдағы жылы қанша тұрғын үй ел игілігіне берілетінін былай деп баяндап берді.

–Шымкентте бюджет қаржысы есебінен құрылысы жүріп жатқан 78 тұрғын үйдің 58-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл барлығы 3732 пәтерді құрайды. Сонымен қатар жеке салымшылар тарапынан іргесі қаланған 33 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Жалпы осы жылы 632 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылады. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша биыл 8 арендалық үй пайдалануға беріледі. Бұл барлығы 448 пәтер. Аталған бағдарлама аясында нарықтан 696 пәтер сатылып алынып, ол баспаналар тиісті санаттағы азаматтарға беріледі.